Филиал нұсқаушысы Бақыт Алдабергенованың айтуынша, бала үшін ментальді арифметиканың пайдасы өте зор. Тез есептеуге үйретеді, есте сақтау қабілетін дамытады. Миды шынықтырып, жұмыс істеу белсенділігін арттырады. Ойша санаудың артықшылықтарын сезінген ата-аналар ұл-қыздарының ментальді арифметиканың қыр-сырларын үйренуіне мүдделі.
Бақыттың шәкірттері екі жылдың ішінде үш, төрт таңбалы сандарды ауызша есептеуде үздік нәтижелер көрсетіп, топ жарып жүр. Былтыр Алматыда өткен халықаралық олимпиадаға 10 үміткер қатысып, 6-уы бірінші, 2-уі екінші, 1-уі үшінші орынды иеленді. Жуырда оңтүстік астанада ұйымдастырылған мәртебелі жарысқа 13 өренді үкілеп қосқан болатын. Олардың арасында Есләмбек Жәнібек пен Сұлтан Сансызбай бірінші, 6 оқушы екінші, 4 оқушы үшінші орыннан көрінді. Ал Рахман Тұрсынқұлов жазда Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтетін әлемдік олимпиадаға жолдама жеңіп алды.
Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Өзбекстан мемлекеттерінен 5-тен 16 жасқа дейінгі бір мыңнан астам бала келіп, өз білімдерін сарапқа салды. Оқушыларымыз облыс намысын өз деңгейінде қорғап шықты, деді сөйлескенімізде Бақыт Ерікқызы. Ол бұл әдістемені балаларға төрт жастан бастап қолдануға болатынын, ментальді арифметиканың қыр-сырларын сабақтан тыс кездерде меңгеретінін, мұның өзі бір жағынан, бос уақыттарында пайдалы істермен айналысуға мүмкіндік беретінін жеткізді. Қазір мектепке келушілер он деңгейлі ауызша есептеудің үшінші кезеңіне жаттығып жүр.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы,
Қызылжар ауданы