Әдебиет • 10 Сәуір, 2018

Тіршілік

564 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жексенбі күні атасы неме­ре­сін атына мінгестіріп алып, ауыл аралап келеді. Жол-жөне­кей кезіккен жұрт олардың алдынан қаупалақтап шығып: «Асса­лау­мағәлейкүм!» деп қос қолын ұсынып амандасады.

Тіршілік

– Уағәлейкүмәс-сә-лә-ә-м! – дей­ді қарт даусын әндете созып. – Әй, сен кімнің баласысың?!

– Әбсеметтің.

– Қай Әбсеметтің? Қисы­ғы­ның ба, түзуінің бе? – дейді қарт ауылда бір емес, екі Әбсемет бар екенін оның есіне салып.

– Еһе-еһе, – деп күледі әлгі жігіт өз әкесін қисық деуге қима­ған­­д­­ай. – Құрдас болған соң сіз­­­дер қисайта саласыздар ғой, әй­теуір.

– Ә-ә, түсінікті болды. Онда әке­ңе айта бар, ауылдың сәнін бұз­бай үйінде тыныш жатсын!

Арт жақта отырған балаға атасының бұл сөзі қызық боп көрі­неді. Ал әлгі жігіт, біртүрлі кі­нә­лі адамдай басын сипап, тө­мен қарап:

– Жарайды, – дейді.

Сонсоң атасы «шү-у» деп атын тебініп қап, ілгері қарай жү­реді.

Сәлден кейін алдарынан тағы да бір кісі шыға келеді.

– Әй, Білісбай! – дейді атасы оған айғайлап. – Сен немене, тапа-тал түсте жан-жағыңа алаң­дап, біреуден қашып келе жат­қан­нан саумысың?!

–Жоқ іздеп жүрмін, қария. Кеше біздің қызыл тана қораға келмей қалды. Көзіңізге түспеді ме?

–Е-е, қызыл тана дейсің бе? Ол азанда біздің үйге келіп шай ішіп кетті ғой! – Қария ат үстінен шірене қарап, мырс ете қалды. – О несі екен-ай? Жоғалған малды есі дұрыс кісі көшеден іздей ме?!

Сөйтеді де, үйреншікті әдеті­мен атын «шү-у»деп қойып, кете барады.

Одан соңғы кездескен жұрт­тың да бірсыпырасына ақыл айтып, ұрсып, жекіріп, мысқылдап түс ауа үйіне қайтып келгенде қора жақта күйбеңдеп жүрген кем­пірінің:

– Әй, шал, қайда қаңғып жүр­сің?! – деген ашулы даусын естіп, се­лк ете қалғаны бар емес пе. –Анау үш айдан бері бордақылап отыр­ған қара қой бүгін басын шар­баққа тығып ап, буынып өліп қала жаздады ғой!

Қарт енді, бүкшеңдеп солай қарай жүгіре жөнелді.

Ертеңіне мектепте немересі өзінің сыныптас достарына: «Ауыл­дағылардың бәрі менің атам­­нан қорқады, ал атам апам­нан қорқады!» деп күліп, мақ­та­нып отырды.

Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»