Бұл – бүгінде ғарышты игеруде, автокөлік өнеркәсібінде, болашақтың энергиясын өндіруде де өзінің соны стартаптарын миллиардтаған долларға бағаланатын әлемдік алпауыт компанияларға айналдырған Кремний жазығынан шыққан кәсіпкер Илон Масктің сөзі. Әлбетте, Илон әрдайым өзінің өзгеге ұқсамайтын мәлімдемелерімен америкалық қоғамды ғана емес, әлемді де таңғалдырып келеді. Оны әу баста авантюрист дегендер де болды. Ол табиғаты кереғар қайшылыққа толы жан. Автор өз кейіпкерін адамзат игілігі үшін байлығын да, өмірлік қуатын да арнаған Томас Эдисон, Генри Форд, Говард Хьюз, Стив Джобс сияқты атақты өнеркәсіпшілер мен инноваторлардың қатарына қояды. Расында, аталған еңбек өзін қоғам пайдасына арнағысы келетін жандарға жақсы күш-жігер сыйлайды.
Шыққан тегі, балалық шағы туралы
Бүгінде әр қадамы әлемдік баспасөзге азық болған Илон Масктің жұртшылық алдына алғаш рет шығуын 1984 жылы оңтүстікафрикалық «Жеке компьютер және кеңселік технология» журналына компютерлік ойынның бастапқы кодтарын жариялауынан бастауға болады. Сол кезде бар-жоғы 12 жастағы жеткіншек өзі оқыған ғылыми-фантастикалық кітаптар негізінде 167 код жолынан тұратын Blastar атты «ғарыштық» ойын құрастырады. Бұл компьютердің мәтіндік интерфейстерінің уақыты болатын. Бұл шебер бағдарлама болмаса да, оның жеткіншек шағында-ақ қаншалықты қабілетті екенін көрсетті. Осылайша, өзінің компьютерлік ойынының сипаттамасында көрсеткендей, жат ғаламшарлықтардың шабуылынан қорғау жөніндегі балаң ойымен-ақ болашақтағы адамзат тағдырына ортақ тұлға екенін білдіргендей еді.
1971 жылы Оңтүстік Африканың солтүстік-шығысындағы ірі шаһар Преторияда туып, ел астанасы Йоханнесбургке бір сағаттық жерде ақ нәсілділерге тән баршылықта өскен оның кез-келген бала тілегі қара нәсілділерден құралған қызметшілердің көмегімен тез орындалатын. Бақуатты оңтүстікафрикалықтар айтарлықтай кәсіппен шұғылдана қоймаса да ас та төк көңілді кештерге көп уақыт арнайтын онда батыс қоғамындай емес, уақыт баяу жылжитын. Масктің балалық шағы қанды оқиғалармен тұспа-тұс келді. Соуэтодағы бүлік кезінде ақ нәсілді үкіметке қарсылық көрсеткен жүздеген қара нәсілді студент ажал құшты. Көптеген жылдар бойы нәсілшілдік саясаты үшін Оңтүстік Африка республикасы қатаң санкциялармен бетпе-бет келді. Сырт мемлекеттерге барған басқа адамдар сияқты Маск те бала кезінде ел ішіндегі ахуалды жете түсініп, сол бір мешеу де мерез саясат үшін ұялатын. Сондықтан да болар, бала дүниетанымындағы адамзатты құтқару идеясы нығая түсті. Жан дүниесі жалғыздыққа жақын жеткіншек адамзатты ағарту туралы жиі ойланып, армандарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ел ретінде Американы бір сәт есінен шығарған емес. Сондықтан 20 жасынан асқан бозбала шағында Америкаға келуі ата-бабасының тамыр жайған жеріне оралуындай әсер қалдырады.
Расында, генеологиялық тамырына көз жіберсек, нағашылары жағынан жалғасатын бабалары швейцариялық немістер – Халдемандар әулеті АҚШ тәуелсіздігі үшін соғыс кезінде Нью-Йоркке Еуропадан келгендер еді. Балалық шағында Илонға ешкімде қайталана бермейтін өзінің тегі аса ұнай бермейтін. Фермерлер отбасынан шыққан көкесі Джон Илон Халдеман АҚШ-тың орта батысындағы Иллинойс штатында 1872 жылы туып, кейін Миннесота штатына қоныс аударды. 1902 жылы осы штаттағы Пеко қалашығында Масктің атасы Джошуа Норман Халдеман дүниеге келді. Алайда өмірге ұлы келе салысымен 32 жасында диабет сырқатына шалдыққан Джонның өмірін аз да болса ұзарту үшін әйелі Альмеда Джейн Норман эликсир ойлап табуды көздеп, өзі Миннеаполисте оқыған мамандығы бойынша хиропрактика еміне ден қояды. Осылайша, Канададағы алғашқы мануальды терапевт атанған Масктің әжесі күйеуінің өмірін тағы бес жылға ұзартады. Олардың ұлы Джошуа әкеден жеті жасында қалса да еңбекке ерте араласқан мықты азамат болып өседі. Ол Канададағы ковбойлардың спорттық жарысының негізін салушы родеолардың бірі. 1930 жылдардағы дағдарыс Джошуаны да қатты күйзелтті. Банктегі несиелерін өтей алмаған фермасының жерін тәркілеп алады. Ол осыдан кейін көшпелі өмір сүрген. Джошуа да, ұлы Скотт та шешелерінің жолымен хиропрактика мектебінде білім алды. Скотт кейін омыртқа жарығын емдеу бойынша әлемдік мамандардың біріне айналды. 1948 жылы Джошуа Канада азаматшасы, би мұғалімі Уиннифред Жозефин Флетчерге үйленеді. Осы некеден егіз ұл мен қыз – Кэй мен Мэй туады (Мэй – Масктің анасы). Балалар биден сабақ беретін студия орналасқан 3 қабатты үйде өсті. Бірде әрдайым тынымсыз ізденісте жүретін Джошуа Халдеман ұшу ісімен әуестеніп, жеке ұшақ сатып алды. Бала-шағасымен бір моторлы ұшаққа мініп, Солтүстік Америкаға саяхат жасап жүрген отбасы танымалдылыққа да ие болды. Тіпті кейін әйелімен бірге «Халдемандар ұшқанда» атты кітап та жазды. Жас кезінен спортшы да, дәрігер де, саясаткер де болған, оның үстіне оқыс оқиғаларға құмар Халдеман 1950 жылы Канададан кетуге бел байлайды. Олар үй-жайын сатып, ұшағын жинап, өздері бұрын мүлде болмаған Оңтүстік Африканы бетке алды. Күні қайнаған құрлыққа келген соң құрап алған ұшағымен тұруға қолайлы жер іздейді. Осылайша, Преторияны қолай көреді әм сонда бұрынғы мануальды ем кәсібін жалғастырады.
Байыз тауып отыра алмайтын бұл отбасының қызығушылығында шек жоқ десе болады. 1952 жылы Джошуа мен Уин 35 мың шақырымды шағын ұшақтарымен ұшып өтіп, Африка арқылы Шотландия мен Норвегияға барып қайтады. 1954 жылы өз рекордтарын жаңартып, 48 мың шақырым ұшып, Арабия түбегінің жағалауымен Иран, Үндістан, Малайзия және Тимор аралдары арқылы Австралияға барып келеді. Визалық құжаттарын алуға бір жыл бойы дайындалған сапар үстінде ұзақ жол мен ұйқысыздықтан қажыған Джошуа тіпті есінен танып, штурвалды қолына алған әйелі аман-есен ұшақты қондырған екен. Бір моторлы ұшақпен осынша қашықтықты бағындырған отбасы туралы бүкіл баспасөз құралдары таңданыспен жазып жатты. Халдеман 1974 жылы 72 жасында қонуға бет алған кезінде діңгектер арасындағы желіге дөңгелегі ілініп төңкеріліп кеткен ұшағының астында қалып қойып қайтыс болады. Немересі Илон бұл кезде аяғын апыл-тапыл басып келе жатқан сәби еді. Әжесінің әңгімелеуінше, атасы Джошуа ұшақты ешқандай байланыс құралдарынсыз басқара беретін, өліммен тайталасып жүретін бірбеткей жан болған көрінеді. Илонды да алға жетелеген дәл осы қандағы мінез болса керек.
Масктің шешесі Мэй бой жете бастағанда-ақ сұлу да сымбатты көркімен ортасынан ерекшеленіп, оқушы кезінен модел мектебіне барып жүреді. Демалыс күндері журналдарға фотосуретке түсіп, подиумдарға шығады. Лауазымды тұлғалар қатысатын шараларда бой көрсетіп, «Оңтүстік Африка аруы» байқауында финалға жолдама алады. Бүгінде 60 жастан асса да Мэй ханым New York, Elle сияқты сән журналдарының мұқабасынан түспей келеді. Тіпті Бейонсе бейнебаянынан да көрінді. Мэй мен Эррол Маск (Илонның әкесі) бір ауданда өскен. Эррол Мэйді мектепте оқу үлгерімі үшін ұнатқан екен. Үйленгеннен кейін тұңғыштары Илоннан соң інісі Кимбал, қарындасы Тоска дүниеге келеді. Анасы Илонның балалық шағы туралы ерекше сүйінішпен әңгімелейді. Илон жиі ойға кететін. Әңгімеңді ести бермейтін, алысқа көз тігіп тұратын, дейді ол. Осы жағдай қайталана берген соң әке-шешесі баланың құлағы мүкіс деп күдіктенген де екен. Дәрігерлер баланы тексере келе, есту қабілетін жақсарту үшін аденоидін алып тастауды ұсынады. Алайда, баласының жағдайы құлаққа емес, миына байланысты екенін ішкі бір аналық түйсікпен сезгендіктен Мэй бұған келіспейді. «Ол басқа әлемде жүретін. Қазір де сөйтеді. Бірақ оған енді көңіл аудармаймын. Өйткені оның жаңа зымыран немесе сол іспетті жаңа технологияны ойша жасап жатқанын білемін» дейді шешесі. Маск бала күнінен өзінің ойға алған дүниесін әр тетігіне дейін анық көре алатын қабілетке ие. Мұны бүгінгі инженерлік графикамен салыстыруға болады. Яғни ойындағы дүние мен көз алдындағы бейненің алгоритмдік байланысын, жеделдігін, тынысын, кинетикалық қуатын, нысанға әсерін анық көретін табиғи дарыны бар. Сондай-ақ ерте жастан кітаптан ажырамайтын оқымыстылығы да ерекше. Бауыры Кимбал бала Маск күніне он сағаттан, демалыста бір күнде екі кітаптан оқығанын айтады. Бірде дүкен аралауға шыққан ата-анасы Илоннан көз жазып қалады. Дереу Мэй мен Кимбал келген іздерімен кері жүріп іздестіргенде, жақын жердегі кітап дүкенінде еденде отырып, бар дүниені ұмытып кітап оқуға кірісіп кеткен оны тауып алады. Ол өсе келе сабақтан соң бірден кітап дүкеніне тартатын да, түс әлетінен кеш түскенге дейін түрлі көркем әдебиетті, комикстерді, танымал ғылыми кітаптарды оқып отыра беретін. «Кейде мені дүкеннен қуып шығаратын, бірақ көбіне көп тиіспеуші еді» дейді Илон. Оның сүйіп оқитын кітаптарының ішінде «Галактикаға автостоппен», «Сақиналар әміршісі», сондай-ақ Айзек Азимовтың, Роберт Хайнлайнның кітаптары болды. Мектеп пен аудандық кітапхана ауқымынан асып, 3-4 сыныптарда Британ энциклопедиясын оқи бастайды. «Бұл өте пайдалы! Өйткені сен өзіңнің не білетініңді білмейсің. Жан-жағыңда қаншама дүние бар екенін түсіне бастайсың» дейді ол. Илон сыныптағы ең білгір бала атанады. Түскі аста қарындасы Тоска Жер мен Айдың арасындағы қашықтыққа қызығушылық білдірсе, ағасы бірден перигей мен апогейін нақты есептеп береді. «Егер бірдеңе керек болса, біздің данышпаннан сұрай сал» деген сөзді Тоска жиі айтатын. Бірақ оқымыстылығына қарай Илон спортқа мүлдем қырсыз болды. Ауладағы, көшедегі балалар да онымен ойнамайтындықтан оқшаулана түсті. Сыныптастарының бірі Гидеон Фурье «Шынын айтқанда оның миллиардер болатын бірде-бір белгісін байқамадық» деп ағынан жарылады. Жақын достары болмаса да оның оғаштау көрінетін қызығушылықтарын кей қатарластары ұмытпаған екен. Солардың бірі Тед Вун Масктің мектепке зымыран моделін алып келіп, үзілісте ұшырғанын айтады. Әуесқойлар арасында кеңінен белгілі ұшыратын құрылғысы бар «Эстес» сияқты ойыншық зымырандар Оңтүстік Африкада сатылмағандықтан, Илон ракеталарды өзі жасап алатын. Сондай-ақ мектептегі пікірталастардың бірінде қазба отындарды қолдануға қатты қарсылық білдіріп, Жердің табиғи ресурстарын өндіру саясатының бұрыстығын, күн энергиясын пайдаланудың дұрыстығына назар аудартады. Ал Теренси Бени есімді сыныптасы Илонның мектепте-ақ өзге ғаламшарлықтарды отарлау туралы қиялдайтынын жеткізген.
Маск 10 жасқа толар кезде Йоханнесбург гипермаркетінен алғаш рет компьютерді көрді. Жоғары сапалы электроника дүкенінің бұрышында тұрған бірнеше ғажайыптарды әрі-бері айналып, арбалып қалған бала 1980 жылдары сатылымға шыққан Commodore VIC-20 компьютерін қоярда қоймай әкесіне алғызады. Сатушылар 5 килобайт жады бар компьютерді меңгеруге жарты жыл жұмсау керек десе, күні-түні көз алмаған бала үш-ақ тәулікте компьютердің қоясын ақтарып, өздігінен үйреніп алады.
Осылайша, алаңсыз балалық шақ алға оза берер ме еді, әке-шешесі ажырасқан соң Мэй үш баласымен қала сыртындағы үйге көшеді. Бір жылдан кейін Илон әкесімен бірге тұруға шешім қабылдайды. Жалпы, Илонның әкесі Эрролдың оңтүстікафрикалық ретіндегі тамыры тереңде. Эрролдың әкесі Уолтер Генри Джеймс Маск армия сержанты болса, шешесі Кора Амелия Маск Англияда зиялылар отбасында туып-өскен екен. Ірі кеңсе ғимараттары, сауда үйлері мен тұрғын үйлерді жобалайтын құрылыстарда инженер болған Эррол балаларын шетелдерге жиі сапарға алып шығады. Алайда балаларына қатал болғаны соншалық, Илон АҚШ-қа кетейік дей берген соң бірде қызметшіні босатып, «америкалық болудың» қандай екенін білсін деген ниетпен үй шаруасын баласына артып қояды. Жалпы, Илон әкесі туралы көп шешіле бермейді. Кейін әйелі Джастинмен бірге балаларын да атасымен кездестірмеуге күш салады.
1980 жылдар Оңтүстік Африкада қылмыс өршіп тұрған еді. Оның үстіне Преториядан Йоханнесбургке дейінгі ең қауіпті бағыт саналатын жолға Илон інісі Кимбалмен бірге пойызбен саяхаттайды. Жол бойы көп дүниеге қаныққан балалар кейіннен бұл сапардың тәуекелге бел бууға баулығанын айтады. Сол сияқты ағайындылар бөлелері (Кэйдің балалары) Раса, Линдон, Питер Ривпен бірге талай қызықты оқиғаларды бастан кешеді. Бірде пасха жұмыртқаларын бояп, ауқатты көршілеріне сатса, тағы бірде химия қосындыларымен жарылғыштар жасап мәз болысты. Тіпті ойын автоматтары залын ашып кәсіппен де айналысып көрмек болды. 13-16 жастарында Йоханнесбургтегі кештер мен ерекше ойындарға да қатысты. Спортқа жоқтығынан бұзақылардан таяқ та жеді.
Жалпы, Маск бірнеше элиталық мектепте ауысып оқығанымен сыныбында үздіктер санатында болған емес. Бірақ физика мен математика сияқты пәндерде өте озық болды. Өздігінен Бейсик, Кобол, Паскаль сияқты бағдарламалау тілдерін жетік меңгеріп алды және ғылыми-фантастикалық әдебиеттерге жақын болуының әсерінен болар, «Сақиналар әміршісі» сияқты ойға сыймайтын заттар мен айдаһарлар тарихы іспетті дүниелер жазғысы келетін. Бірде мүлдем мән бермеген бір пән үшін келесі сыныпқа көшпейтіндігі туралы айтқанда, аң-таң болған Маск аталған пәнді оқып ең жоғары балл жинайды.
Маск 17 жасында Оңтүстік Африкадан Канадаға кетті. Одан сәл бұрын Претория университетінде түсіп, физика мен машина құрылысын зерттей бастағанымен, бес айдан кейін тастап кетті. Айтуынша, аталған оқу орнында канадалық құжаттар келгенше уақыт өткізуге тура келген. Тағы бір нұсқа – міндетті әскери борышын өтеуден жалтару үшін болуы мүмкін. Ол ұзақ уақыт бойы армандаған Америкаға бірден неге бет түземеді деген сауал туады. Заңнаманың өзгеруіне байланысты Мэйдің балаларына Канада азаматтығын алуға мүмкіндік алуының қатысы болуы мүмкін. Ал Маск баспасөз мәслихаттарында мұны ата-бабаларының жолымен жүруге балайды. Десе де компьютер мен техникаға деген өлшеусіз іңкәрлік Илон Маскті Кремний жазығына қарай тартатын да тұратын...
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
(Жалғасы бар)