Әлем • 11 Сәуір, 2018

Марк Цукерберг 5 сағат бойы Сенаторлардың сұрақтарына жауап берді

328 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Facebook-тің негізін қалаушы және бас атқарушысы Марк Цукерберг сейсенбі күні Сенат пен АҚШ конгресі Өкілдер палатасында миллиондаған әлеуметтік желі қолданушылары туралы деректердің рұқсатсыз пайдаланылуы және ақпараттық қауіпсіздік туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Марк Цукерберг 5 сағат бойы Сенаторлардың сұрақтарына жауап берді

Сенаторлардың сұрақтарына жауап берген Цукерберг, Cambridge Analytica компаниясы жинаған Facebook әлеуметтік желісінің 50 миллион пайдаланушысы туралы деректердің Ресейде сақтаулы екені туралы білмейтінін айтты. Осы жағдайды анықтау үшін компания жыл соңына дейін 20 мыңнан астам адамды жұмысқа алып, желі қолданушыларының ақпараттық қауіпсіздігі үшін жұмыс жасайтынын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, британдық Cambridge Analytica компаниясы Facebook қолданушылары туралы деректерді көптеген елдерде саяси жарнамаларда пайдалану үшін жинаған. Соңғы деректерге сәйкес, компания әлеуметтік желілердің 87 миллион пайдаланушысы туралы ақпаратқа қол жеткізген. Цукерберг желі қолданушыларының алдындағы кінәсін мойындап, кешірім ретінде Британия газеттеріндегі жарнаманы сатып алған болатын. Сондай-ақ, Facebook-тің желіні пайдаланушылардың жеке хабарламаларын сақтайтыны туралы белгілі болған.

Сенаторлардың бес сағат бойғы сауалнама барысында Цукерберг Facebook-тегі бірқатар мәселелерге байланысты бірнеше рет кешірім сұрады. Соның бірі, желідегі ақпараттық қауіпсіздікке байланысты болды. Мысалы, АҚШ-тың сайлауына ықпал ету үшін ресейлік агенттердің Facebook-тегі ақпараттарды пайдалануы.

Цукерберг Facebook-те қандай функцияларды қосу аса қажет деген сұраққа «Мен бұл пікірталасты әртүрлі санаттар бойынша талқылауға болатындай етіп, менің командаммен бірге талқылауға шақырамын» деді.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»