– Сіз қашан келесіз? Міне, түс болып қалды ғой, аудан әкімдігінен әлі бір жан есіктен қараған жоқ, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы келем деген екен, күтіп отырмыз, – деп ренжи сөйледі қарт кісінің дауысы.
Мен әуелгіде түсінбей қалдым да, кідірмей «Трояковтың үйі ме?» деп қайта сұрадым.
– Иә, – деді телефонның ар жағындағы дауыс. – Бүгін Василий Алексеевичті жерлейміз...
Сексеннен асқан қария көп ауырыпты. Осыдан үш жыл бұрын ота да жасалған екен. Қайтыс боларының алдында да ауруханада жатыпты. Телефонда бізбен сөйлескен кісі онымен өмір бойы астықты алқапта бірге еңбек еткен, сыралғы, сыйласқан досы Семен Павлович Кумар екен. Көрші селода тұратын қария досын соңғы сапарға шығарып салайын деп келіпті. Дауысы діріл қаққан ол өкпесін айта бастады. Күйінген кейпі де телефонның аржағынан білініп тұр.
– Василий Алексеевич өте қарапайым кісі еді. Социалистік Еңбек Ерімін деп ешқашан көкірегін көтермейтін, атағын бұлдап, аудан басшыларын жағалап, ешнәрсе сұраған емес. Өзінің адал еңбегімен күн көрді. Қызының қолында тұрды, қоңырқай тіршілік кешті. Сол Еңбек Ері атағын не үшін берді екен, керек болмай қалатыны бар? Ауруханада жатқанда бір кісі артынан барып халін білмеген. Міне, қызы жанымда тұр, соңғы жылдары Қарттар күнінде басшылар құттықтап келмек түгілі, бір жапырақ қатырма қағазын да жібермепті. Аяқасты болатындай ол соншалықты не істеді? Қайтқанына екі күн болған кісінің қаралы үйіне келіп, атағы үшін емес, адамгершілікпен көңіл айтуға, соңғы рет құрмет көрсетуге болмас па еді? Қызым, мен көз жасымды ірке алмай тұрмын, – деп қарияның даусы дірілдеп, сөзінің аяғын жұтқандай болды.
Досы үшін күйінген Семен Павловичтің сөзінен бүгінгі қоғамдағы ақиқат та атой сала бастағандай. «Василий Алексеевичтің балалығы соғыс жылдары өтіп, 6-сыныптан бастап жұмыс істегенін, әкесі соғыстан жарақатпен келген, көп балалы үйде ашқұрсақ болып ержетіп, бір күн тыным таппай еңбек еткенін екінің бірі біле ме екен қазір? Бүгінгілер олай жұмыс істемейді». Қарапайым ауыл адамы мұнан артық қалай жеткізіп айтсын? Василий Алексеевич техниканың «пірі» болыпты. Қандай трактор болса да, тіпті зауыттан ақауымен келген К-700 тракторын да өзі жөндеп мініп кете беретін. Ол «Қазақ КСР-інің үздік механизаторы», «Мерекелі жылдағы зябь жыртудың үздігі», «Қазақ КСР ауыл шаруашылығы қызметкерлері социалистік жарысының үздігі» сияқты атақтардың барлығын алған екен. Расында, қаралы митингіні ұйымдастырып, аудандағы колледждің, мектептің оқушыларын, жастарды қатыстырса болмай ма? Онда Василий Трояковтың осындай еңбегі, үлгілі өмірі туралы айтылса, өліге құрмет, тіріге үлгі емес пе? Оның жастарға тәрбиелік мәні де зор болар еді.
Қазір арамызда жүрген Еңбек Ері атағын алғандардың қатары да саусақпен санарлықтай. Олардың ең жасының өзі жетпістің әлдеқашан желкесіне мінген жандар. Облыс бойынша барлығы Социалистік Еңбек Ері атағын 155 адам алған екен. Содан арамызда жүргендері өткен жылы төртеу екен, оның екеуі о дүниелік болды, қазір біздің білуімізше Кеңес Одағының ең жоғары атағының бірін алған екі-үш ардагер ғана қалды. Оларды уақытында қыр төсінде бірге жүргендер мен сол кезде партия, кеңес қызметінде істеген аға ұрпақ өкілдері ғана білер... Денисов ауданындағы ардагерлер кеңесінде істейтін Валентина Урих солардың бірі.
– Біздің ауданда 11 Социалистік Еңбек Ері, бір Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. Солардан қазір көзі тірісі Социалистік Еңбек Ері Николай Ласица мен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Леонид Малей ғана. Уақыт өтті, қазір қартайған, екеуі де бар-жоғы 7 үй ғана қалған Калиновка деген селода тұрады. Механизатор болып істеген, уақытында тас шайнап, тау қопарған кісілер ғой. Олар еңбек еткен «Некрасов» кеңшары шын мағынасында гүлденген жер еді. Топырағының құнары қандай еді, қазір ол жерде ел қалмады десе де болар, – деп аяқтады сөзін Валентина Ивановна.
– Оларды аудан жұртшылығы ұмытып кетті ме? Қоғамға араласа ма? – дейміз.
– Енді қалай деуге болады? Мерекелерде құттықтаймыз ғой. Бірақ өздері де шақырған жерлерге келе қоймайды, – дейді Валентина Ивановна.
Калиновка селосына телефон соғып, олардың өзімен тілдескіміз келген. Екі үйден телефонды Леонид Малейдің әйелі Галина Антоновна алды, қарт кісінің дауысы да шаршаңқы.
– Ласица мен Малей «Некрасов» кеңшарында механизатор болып істеген. Леонид Михайлович ауырады, 76 жасқа келді ғой. Өткенде аудандық ауыл шаруашылығы күніне шақырған еді, ауырып бара алмады. Сексеннен асса да сүйретіліп Ласица барып келді. Бірақ оларды қазір кім біліп жатыр? Әйтеуір ілуде бір сондай жиындарға шақырса сөзін тастамай барады, шақырмаса үйде отырады, – дейді қария.
Бұрынғы «Некрасов» кеңшарының бөлімшесі болған Калиновка селосы аудан орталығынан 28 шақырым жерде орналасқан, алыс болмаса да жол нашар. Негізі мұндай санаулы үй қалған елді мекендер облыс картасынан сызылып та тасталады. Калиновка да сол кепті киеді. Қазірдің өзінде ресми құжаттарда оның аты аталмайды, тек Денисов селолық округі деп қана жазылады. Айдалада ақ отау болып қалған. Айналдырған жеті үйге қандай кәсіпкер дүкен ашсын? Тұрғындар азық-түлікті аудан орталығынан тасиды екен.
– Қазір қар ерігелі жол тіпті нашарлап кетті, ауылдан шыға да, кіре алмайсың, – дейді Галина Антоновна.
«Бізге жағдай жасамады, қарамады, қолпаштамады» деп жатқан Еңбек Ері де, Мемлекеттік сыйлықтың иегері жоқ. Әу бастан қарапайым еңбек адамдары кешегі «бөліс» кезінде де кеңшардың техникаларын, басқасын қарпып қалуды ойлаған жоқ. Өзінің маңдай терімен тапқанын ғана місе тұтып қалыптасқан олар, басқаша қимыл жасай алмас та еді. Олардың барлығы да өз қолымен жасаған шаруашылықтардың ыдырағанына, елді мекендердің ескі жұртқа айналғанына күйзелді де қойды.
Халқымыз «елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деп уақыттың бір орнында тұрмайтынын, ұрпақ алмасуымен бірге заманның да өзгеретінін айтқан екен. «Әркімді заман сүйремек, заманды қай жан билемек, заманға жаман күйлемек, замана оны илемек» деген Абайдың сөзі де әркім өзі өмір сүрген уақытқа бағынады, қоғам қалай болса, солай өмір кешедіге саяды. Кеңес Одағы кезінде кеудесі орден-медальға толы Социалистік Еңбек Ерлері келе жатқанда жұрт жарылып жол берер еді. Олардың басым көпшілігі дерлік өзінің қайратына ғана сенген, маңдайын күн сүйіп, бетін жел қаққан еңбек адамы болатын. Олар қайрат-жігерімен, таза еңбегімен ерекшеленді. Қанша жамандасақ та Кеңес Одағы кезіндегі идеология оларды қолдап, солар арқылы жас ұрпақты еңбекке, патриоттық сезімге тәрбиеледі. Атағы елден асып бүкіл Кеңес Одағына жайылған Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваның сол кезде қалай жұмыс істегені бүгінгі жастар үшін ертегі секілді. Өмірбаянын қарап отырсақ, «1975 жылы 37199 га жер жыртып, жылдық міндеттемелерін асыра орындаған» деп жазылыпты. 37 мың гектар қазір бірнеше ауылшаруашылық кәсіпорнының егіс алқабы болып саналады. «Балаларға үйде әжем бас-көз болып отырады. Күні бойы қырда жұмыста боламын. Кешке келіп сиырымды сауып, балалардың тамағын беріп болған соң, түнгі айдың жарығымен тағы да қырға кетіп, 3-4 сағат жер жыртып келетінмін. Социалистік жарыста көрсеткішім жұрттан қалып қойса ұят қой», дейтін Кәмшат апа күліп. Жолдасы Темірбек екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірді. Аяғы ауыр кезде Кәмшат апа жұмыстан бір күн қалмапты. «Қашан тракторға мініп-түсе алмай қалғанымша, жұмыстан қалмайтынмын. Босанардан 2-3 ай бұрын демалысқа шығып, үйде отырған әйел емеспін. Бірақ Аллаға шүкір, балаларым ауырмай-сырқамай өсті», дейтін жарықтық.
Олардың ешқайсысы да осындай жоғары атаққа бекер ие болған жоқ. Аты аңызға айналған, рекордтық өнім берген шопан Жазылбек Қуанышбаев, күрішші Ыбырай Жақаев, тарышы Шығанақ Берсиевтерді айтпағанда, Кәмшаттың трактор руліне отыруы 70-80-жылдары жастардың рухын асқақтатып, еңбектің беделін көтерген болатын, оның соңынан қаншама қыздар трактор руліне отырды. Тек ауыл шаруашылығында ғана емес, өмірдің қай саласы болсын жастар кеудесі орден-медальдарға толы еңбек адамына еліктейтін.
Еңбекте оза шапқандар туралы ақын-жазушылардың қаламынан талай-талай жақсы шығармалар туды. Осының барлығы еңбек адамын құрметтей отырып, еңбекті, еңбекқорлықты насихаттау болатын. Кейінгі жылдары еңбекті құндылық ретінде бағалауды естен шығарғандаймыз. Туған жерді көркейтуге еңбегі сіңген қарапайым адамдар да уақыт шаңының астында қалды. Музейден, кітапханалардан сұрастырғанымызда, мектептер мен колледждерден, жалпы оқу орындарынан оқушылар мен студенттерге арналған шаралар өткізу үшін деп Социалистік Еңбек Ерлері туралы материал бірде-бір рет сұралмапты. Сөзіміз құрғақ болмасын, қаладағы жұмысшы мамандықтарын дайындайтын Қостанай құрылыс-техникалық колледжіне бас сұққанбыз. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Қапановадан жастармен жүргізетін жұмыстар жөнінде сұрағанымызда оның тізбелеген тақырыптары арасынан Еңбек Ерлері туралы ешнәрсе ести алмадық.
– Мемлекеттік тіл, мемлекеттік рәміздер, Ата Заңымыз, рухани жаңғыру, өлкетану тақырыптарына кештер өткіздік. Колледждегі «Альбатрос» әскери-патриоттық клубының жұмысы жақсы, КВН кештері тұрақты өтеді, «Үздік мамандық иесі» тақырыбында жарыстар болады, – дейді Гүлнар Ыбырайқызы. Ұстаз қамтып отырған тақырыптардың ешқайсысын да жоққа шығармаймыз, жас ұрпақ тәрбиесіне бәрі де қажет. Бірақ тарихқа айналып бара жатқан Еңбек Ерлері туралы материалдарды ізденіспен жинап, бір кеш өткізсе, оның болашақ мамандар үшін әсері болмай қалмас еді, әрине. Тіпті жастар санасын рухани жаңғыртар еді.
Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО Жоғары Кеңесі ІХ, Х, ХІ шақырылымдарының депутаты, уақытында жарты дүниені уысында ұстаған Коммунистік партияның ХХV, ХХVІ, ХХII съездерінің делегаты, 1980-1985 жылдары КСРО Жоғары Кеңесі Ұлттар кеңесі төрағасының орынбасары болған Кәмшат Дөненбаева тек еңбегімен ғана емес, ақыл-парасатымен де қоғам қайраткері, халқымыздың ұлттық мақтанышы деңгейіне көтерілген адам. Оны өзгелермен салыстыруға болмас. Кәмшат апа көзінің тірісінде құрметтен кенде болған жоқ. Дегенмен, кейінгі жылдары Кәмшат Байғазықызы қоғам назарында болды деп айта алмаймыз. Оған өзінің қарапайымдығы, текті әйелдің алға өзеуремейтін қазақы биязылығы да себеп болар. Бірақ жергілікті билік тарапынан еңбек адамын құрметтеу, еңбекті насихаттауға мән берілмеуі басты себеп болғанын жасыруға болмас.
Бұрынғы шенеуніктің де, ақынның да, Қостанай өңірінен шыққан Астанадағы жазушының, ғалымның да мерей жасы театрдың сәулетті залында аталып өтіп, ат мінгізіп, шапан жауып жатады. Оны көпсініп отырған жоқпыз, олар да – мақтанышымыз, мерейлі кештерден көпшіліктің алатын ғибраты мол. Ал 2013 жылы Кәмшат апаның да 70 жасқа толуын дәл осындай дәрежеде дүрілдетіп атап өткенде қайтер еді? Өзінің бала-шағасының мейрамханаға дос-жаранын, құда-жекжатын шақырып, анасына көрсеткен құрметінің орны басқа. Оны әркім өткізеді. Кәмшат Дөненбаеваға құрмет өзі еңбек еткен Меңдіғара ауданының Харьков ауылындағы шағын клубта көрсетілді. Оны ауыл аттас бұрынғы кеңшардың негізінде «Қарқын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің іргетасын қалаған, өзі де тәуелсіз Қазақстанның Еңбек Ері болып отырған Сайран Бұқанов ұйымдастырды.
– Кәмшат Байғазықызымен бірге еңбек еттім. Ол кісі 50-ге, 60-қа толғанда да ауылда өзіміз тойлағанбыз. Шаруашылықтың жұмысшылары бірі қалмай келетін. 70 жасын да ауылға апарып атап өттік. Сол бұрынғыша жұмысшылардың, ауылдастардың тайлы-таяғы қалмай қатысты. Ол кісіге қандай деңгейде де құрмет көптік етпейтін еді, әрине, – дейді Сайран Бұқанов.
Кәмшат апа өткен жылы күзде 75 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Марқұмның қайтыс болғанын бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, облыс орталығындағы мешіттегі жаназасына жиналған кісінің қарасы тым көп болды. Қаралы жиын әркімге Кәмшатпен бірге тұтас бір дәуір көшіп бара жатқандай әсер қалдырды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ерекше толқып сөз сөйледі. Меңдіғара ауданындағы кәсіптік-техникалық колледжге есімі берілетін болды, қазір осы оқу орнында оның музейі жасақталып жатыр. Облыс орталығында осы жазда Кәмшат Дөненбаева атындағы гүлзар салынады. Сонымен қатар жамағаттың пәтуасымен Качар кентіндегі мешіт те Кәмшат қажы атымен аталатын болды.
Кәмшат апа көзінің тірісінде: «Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» деген мақаласын дер уақытында дұрыс жариялады. Еңбек деген түсініктің құны түсіп кетті ғой» дегені бар еді. Елбасы осы мақаласын «Шындықты мойындайық: болашақта ХХІ ғасырда тек еңбек қана барлық қазақстандықтардың әл-ауқатқа және жаңа өмірдің сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алады» деген оймен аяқтайды. Еңбек адамына құрмет ең алдымен еңбекті насихаттау болып табылады. Ендеше заманы бөлек демейік, Еңбек Ерлерін ұмытпайық, олардың өмірі – тамаша тарих беттері, жас ұрпаққа берер тәрбие көзі екені даусыз.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ