Тарих • 11 Сәуір, 2018

Бір суреттің сыры: Бай-өлкеден барған танк

695 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қызыл Армияға күллі моңғол халқы қолдан келген кө­ме­гін жасап бақты. Мұндай ха­лық­тық науқаннан Бай-өлке қа­зақтары да тыс қалмады.

Бір суреттің сыры: Бай-өлкеден барған танк

Аймақ­тық архив қорында сақталған мәліметтерге қарағанда, 1941-1942 жылдары аймақ тұрғындары 702 899 сомның дүниесін жинап, 4791 жылқыны майданға аттандырған. 1943 жылы 376 370 сомды ақшалай табыстап, оған қосып 2629 жылқы берген. 1944 жылы 103 768 сом жинап, тағы да 791 ат дайындаған. 1945 жылдың басында 1071 ат берген екен. 

Осы дүниелерді майданға жет­­кізіп, байөлкеліктер атынан табыстау үшін сол кездегі ай­мақ басшыларының бірі Қаш­қынбай Мәлікұлы 1942 жылы қыс­қа салым Мәскеуге қарай бет­тейді.

Қашекең осы сапары жайлы 1985 жылы Ұлы жеңістің 40 жыл­дық мерекесі қарсаңында жа­рық көрген «Өмір өрнектері» дей­тін көлемді естелігінде: «...1942 жыл­дың күзінде мені Ұлан-ба­тыр­ға шақырды. Қызыл Ар­мия­ға көмек апаратын топтың құрамына ен­гізіпті. Делегацияны маршал Х. Чойбалсын бастап жүрді. «Революционая Монголия» атты танк колоннасын сыйға тарту үшін 1942 жылы қараша айында жолға шықтық. 1943 жылы 12 қаңтар күні Мәскеу маңындағы Наро-Фоминский дейтін шағын қалашықта Моңғол жұртының қаражатына жасалған 53 танкті полковник М.Т.Леонов басқарған 112-ші Қызылтулы танк бригадасына тапсыру рәсімі өтті. Мен бай-өлкеліктер берген танкті экипаж командирі Резковқа тапсырдым. Ол мені танкке отырғызып, әрі-бері алып жүрді. Байөлке­лік­тер жинап берген азық-тү­лік, киім-кешекті солдаттарға үлес­тіріп бердім. Жиын соңында бри­гада командирі «біз бұл тан­кілермен Берлиннің көшесін таптаймыз, деді», дейді.

Мына сіздер көріп отырған фото­дағы танк жоғарыдағы бай­өлкелік қазақтардың майданға жол­даған байғазысы. Танктің ұң­ғысы орналасқан қозғалмалы жо­ғары бөлігінде «От арат БАИН-Ул­гейского» деген жазу тұр. Мұн­дағы «арат» сөзі қазақша «ха­лық» деген ұғымды білдіреді. Де­­мек жоғарыдағы мәтінді то­лық қазақшаласақ «Бай-өлке хал­қы атынан» деген сөз болып шығады. 

Интернет қорында жоғарыдағы 112-ші танк бригадасы туралы мә­лі­мет көп екен. Сыйға берілген 53 танктің оншақтысы 5375 ша­қы­рым жол жүріп Берлинге дейін барған. Осылардың арасында мына суреттегі байөлкеліктер танкісі де бар. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»