Аймақтар • 11 Сәуір, 2018

«Дидар» газетінің тілшісіне сөгіс берген басшы жұмысынан босатылды

494 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Газетіміздің биылғы 14 ақпандағы №31 санында «Журналист неге жазықты болды?» атты мақала жарияланған-ды. Мақалада Өскеменде жарық көретін облыстық «Дидар» газетінің тілшісі Мұратхан Кенжеханұлының «Өскемен қашан рухани жаңғырады?» деген сыни мақала жазғаны, ондағы облыс орталығындағы ономастика мәселесін көтергені үшін «Шығыс Ақпарат» ЖШС-нің директоры (бұрынғы) Ирина Якунинаның сөгіс бергені жайында айтылған болатын.

«Дидар» газетінің тілшісіне сөгіс берген басшы жұмысынан босатылды

Сонымен қатар бұл мәселе қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желіде қызу талқыланғаннан соң іске облыс әкімдігі араласып, журналистке берілген сөгіс алынып тасталғаны, редакцияда өткен жиында мемлекеттік тілді жөнді білмейтін «Шығыс Ақпарат» ЖШС-і директорының орнына қазақ-орыс тілдеріне жетік басшы қою талап етілгені мақалада жазылған-ды.

Мақала жарық көргеннен кейін республика мен өңірдің бір топ зиялы қауым өкілдері де «Егеменде» жарияланған материалға сілтеме жасай отырып «Шығыс Ақпарат» басшысын ауыстыруды талап етіп облыс әкімі Даниал Ахметовке хат жазған еді. Осы хат жазылғаннан соң көп уақыт өтпей аймақ басшысы Семей мен Өскеменнің зиялы қауым өкілдерінің, журналистердің басын қосып, бір ай көлемінде «Шығыс Ақпарат» ЖШС директоры орнына мемлекеттік тілді де, орыс тілін де білетін басшы қойылатындығын айтқан болатын. Айтқанындай тура бір айдан кейін, нақтырақ айтсақ 9 сәуірде «Шығыс Ақпарат» АҚ басқармасының жаңа төрағасы таныстырылды.

Бұл қызметке бұған дейін облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары болған Серік Жеңісов тағайындалды.  Сонымен қатар облыстық «Рудный Алтай» газетінде де ауыс-түйіс орын алып, белгілі журналист Ольга Шабалина басылымның бас редакторы қызметіне кірісіп кетті.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН