Қазақстан • 12 Сәуір, 2018

Валюта бағамы өзгерісіне алаңдауға негіз жоқ

323 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заң жобасын ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда мақұлдады.

Валюта бағамы өзгерісіне алаңдауға негіз жоқ

Заң жобасының негізгі мақсаты – Қа­зақ­станның валюталық заңнамасын интеграциялық процестердің дамуына әлемдік тәжірибені ескере отырып бейім­деу. Сондай-ақ ол валюталық реттеу және валюталық бақылау саласында туындай­тын қатынастарды реттеп отыруды қам­тамасыз ететін құқықтық тетікті жетіл­діруге бағытталған.

Заң жобасын таныстырған Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің баяндамасында айтылғандай, аталған құжат жоспарлы түрде қабылданғалы отыр. Атап айтқанда, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылып, «Астана» халықаралық қаржы орталығы және «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» арнайы экономикалық аймақтары құрылған соң арақатынасты реттейтін жаңа заңға сұраныс туындаған.

Мәселен, ДСҰ-ға толық мүшелікке өткен­нен соң елімізде шетелдік фир­малар­дың өкілдіктері көптеп ашылуы мүмкін. Қазірдің өзінде мұндай филиалдардың саны 4,5 мыңға жеткен. Сәйкесінше, ел ішінде шетел валютасындағы төлемдер көбейгенімен, бұл ұлттық мүдделерге сай емес. Мәселен, 2017 жылы шет­ел­дік компания филиалдарының рези­денттерінің валюталық операциялар көлемі 2,7 млрд АҚШ долларын құра­ған. Заң жобасында осыған байланыс­ты шетелдік ұйымдар филиалдарының қа­зақ­стандық компания­лармен есеп айыры­суларын теңгеге ауыс­тыру ұсынылған.

Елімізде валюталық операциялар бо­йынша банктік құпиясы бар ақпараттарды Мемлекеттік кірістер комитетіне беру құқығы да қарастырылып отыр.

– Капиталдың әкетілуін бақылауды заң нормаларымен ғана қамтамасыз ету мүмкін емес. Ол заңсыз жолмен немесе заңды келісімдер арқылы жасыра отырып жүзеге асырылуы мүмкін. Тікелей шектеу шаралары адал кәсіпкерлердің инвестициялық ахуалына және бизнес жағдайына кері әсерін тигізуі ықтимал. Бұл, сондай-ақ нарықтық экономика талаптарына да келмейді. Мемлекеттік органдардың тиімді ақпараттарды тұрақты түр­де алмасуы кез келген мәміле бойынша дәйек­сіз мәліметтерді анықтауға мүмкін­дік береді. Сондықтан заң жобасын­да валюталық операциялар бойынша банктік құпиясы бар ақпаратты Мемлекет­тік кі­рістер комитетіне беру құқығы көз­деледі, – деді Ұлттық банк төрағасы.

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін журналистерге сұхбат берген Д.Ақышев Ресейдегі валюталық ахуал мен оның біздің елімізге әсеріне байланысты пікірін білдірді.

Соңғы екі тәулік ішінде Ресей рублі АҚШ долларына шаққанда шамамен 10 пайызға әлсіреді. Бұл өзгеріс Қазақстан тең­гесіне де кері әсер етіп, ұлттық валюта­мыз орташа есеппен 3 пайызға әлсіреді. Алайда Д.Ақышев Ресейге салынған санкциялардың салдарынан валюта нарығында орын алған өзгерістерге байланысты алаңдауға негіз жоқтығын айтты.

Ұлттық банк төрағасының айтуын­ша, Ресей рублінің теңгеге ықпалы бол­ға­ны­мен, түбірімен байланған тәуел­ділігі жоқ.

– Еркін айырбас бағамы жағдайында шетелдік валюталарға шаққанда біздің теңгенің бағамы ішкі және сыртқы факторларға байланысты екені белгілі. Шын мәнінде, соңғы бірнеше күн бұрын орын алған оқиғаларға дейін барлық макроэкономикалық параметрлер тұрақты болды. Бірінші кезекте мұнайға қатысты жоғары баға мен саудадағы серіктес елдер­дегі тұрақтылықты байқадық, – деді бас банкир.

Әрине, сыртқы саудадағы бас серік­те­сіміздің ахуалы, атап айтқанда көршімізге салынған санкциялардың Қазақстанға тікелей де жанама да қатысы жоқ. Біздің еліміз әлемнің өзге мемлекеттерімен бейбіт және тату қарым-қатынасын сақтап келеді. Отандық компаниялар да қандай да бір шектеулерден, бұғалықтан ада.

– Теңгенің құны өседі не төмендейді деп айту қиын. Өзгерістер таяу күндері ғана басталғандықтан, шешім қабылдауға асықпаған дұрыс. Өйткені асығыс қадам орасан шығынға да ұшыратуы мүмкін. Қазір валюта айырбастау пункттерінде теңге де, шетелдік валюта да жеткілікті. Халықтың әбігерге түсіп, қарбаласып жатқаны байқалмайды. Дегенмен, кез келген тәуекелдің пайдасы да, зияны да қатар болуы мүмкін, – деді Д.Ақышев.

Ел бюджеті 1 долларға 340 теңгенің есебімен бекітілгендігін ескерсек, қазы­наға да әзір қауіп жоқ. Өйткені теңгенің бүгінгі бағамы доллардың жыл басындағы құнына жақындаған. Етек-жеңімізді жинауға мүмкіндік те, уақыт та жетерлік.

Айта кетейік, жалпы отырыс барысында Мәжіліс 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетке түзетулер бойынша заң жобасын жұмысқа алды. Ол Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруға арналған. Сондай-ақ осы күні палата бірқатар ратификациялық заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар: Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше бір мемлекеттің азаматтары осы бірлестікке мүше екінші мемлекеттің аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде ұшыраған өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру тәртібі туралы және Қазақстан мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметтері арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерді ратификациялау.

Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары – Д.Еспаева, Г.Баймаханова, Т.Сыздықов, Ә.Сапарова, К.Абсатиров, К.Мұсырман, Ш.Нурумов орталық мем­лекеттік органдар басшыларының атына депутаттық сауалдарын жолдады.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»