Ақордада өткен арнайы рәсімде Елбасына Ресей Федерациясының Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Түрікменстанның Төтенше және өкілетті елшісі Тойлы Комеков және Италия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Паскуале Д’Авино сенім грамотасын тапсырды.
«Баршаңызды Қазақстандағы жаңа дипломатиялық миссияларыңыздың ресми басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Жауапты әрі мәртебелі міндеттеріңіз елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға серпін береді деп сенемін. Сіздердің дипломатиялық қызметтеріңіз мазмұнды әрі маңызды оқиғаларға толы кезеңдерде болғалы тұр», деді Елбасы салтанатты рәсімде.
Мемлекет басшысы Қазақстан ширек ғасыр ішінде дипломатиялық жүйесі орныққан, азаматтық қоғамы кемелденген, экономикасы дамыған мемлекетке айналғанын баса айтты. Сондай-ақ еліміз қолға алған игі бастамалардың түпкі мақсаты әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарында болу екендігін атап өтті.
«Қазақстан халықаралық байланыстарын дамыта түсу үшін көпжақты сыртқы саяси бағытын жалғастыра беретін болады. Біз бейбітшілік пен қауіпсіздікті, халықаралық құқық негіздерін нығайтуды көздейтін іс-әрекеттерді қолдаймыз. Бұған Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде атқарып келе жатқан жұмыстарының нәтижесі дәлел», деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің бітімгершілік жұмыстарға белсенді атсалысып отырғанына назар аударып, Сириядағы қақтығыстарды реттеу ісінде Астана процесінің айрықша рөл атқаратынын айтты. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ТМД және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы сияқты халықаралық ұйымдар аясында бірлесе іс-қимыл жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелеріне тоқталып, Қазақстанда инвестиция тарту үшін қалыптасқан мүмкіндіктер жөнінде айтты.
«Қазақстан ЕАЭО, ШЫҰ, ТМД және ҰҚШҰ арналарындағы іс-қимылға ерекше мән беретіндігін білесіздер. Еліміздің сыртқы саясатындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелерінің мәні зор. 2017 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан оң экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізді. Экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты нығайту, шетелдік әріптестермен ынтымақтастық негізгі бағыттарымыздың бірі. Біз сауда-саттық көлемін ұлғайтып, өндірісті өркендету үшін тиімді инвестиция әкелуге мүдделіміз. 2017 жылы Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингі бойынша 190 елдің арасында 36-орынға ие болды», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы сонымен қатар ЭКСПО-2017 көрмесі барысында жасыл технологияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық пен ІТ стартаптардың халықаралық технопаркі құрылғанын да атап өтті. «Астана халықаралық қаржы орталығының қызметін жандандыру Қазақстанның басты басымдықтарының бірі. Осыған орай сіздерде халықаралық қаржы орталығын дамытуға атсалысып, оның игілігін көруге шақырамыз. Өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін Қазақстандағы зор мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану қажет», деді Мемлекет басшысы.
Елбасы ағымдағы жылы елімізде бірқатар маңызды халықаралық іс-шаралар жоспарланып отырғанына тоқталды. «Атап айтқанда, Астана экономикалық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі, Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы өтеді. Осы басқосуларға сіздердің елдеріңіз белсене қатысады деп ойлаймын», деді Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев бұдан әрі сенім грамоталарын тапсырған елшілердің мемлекеттерінің біздің елмен қарым-қатынасына жеке-жеке тоқталып, ынтымақтастық байланысын баяндады. Мәселен, Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасында қалыптасқан мемлекетаралық қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін айтып, ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсу бағыты екі ел халқы тарапынан кең қолдау тауып отырғанын атап өтті. «Қазақстанның Ресей Федерациясымен қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстың эталоны саналады және стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың жарқын үлгісі ретінде қызмет етеді. Біздің тығыз ынтымақтастығымыздың арқасында Еуразиялық экономикалық одақ интеграциялық бірлестігі табысты жұмыс істеп тұр», деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған бағдар екі халықтың да барынша жоғары қолдауына ие болып отырғандығын баса айтты. «Мен Ресей Президенті Владимир Владимирович Путинмен достыққа негізделген жеке қарым-қатынасымызды жоғары бағалаймын. Оның таяуда өткен сайлаудағы жеңісі – бұл Ресей халқының елді одан әрі гүлденуі, геосаяси рөлінің нығаюы жолындағы өз көшбасшысының бағдарына деген ең жоғары кезекті бағасы, сонымен қатар оның еліне деген шексіз жан-тәнімен берілуі деп есептеймін», деді Елбасы. Қазақстан Ресеймен арадағы екіжақты форматтағы және халықаралық күн тәртібі аясындағы байланыстарын екі халықтың игілігі үшін кеңейте беруге ниетті екендігін айтты.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға зор үлес қосқанына тоқталды. «Өзбекстан Республикасымен бізді бірнеше ғасырлық мәдениеттер мен дәстүрлер достығының дәнекері байланыстырып тұр. Қазақстандық-өзбекстандық қарым-қатынастың одан әрі дамуына Өзбекстанның құрметті президенті Шавкат Мирзиёев үлкен үлес қосуда. Ол келгеннен кейін біз Астана мен Ташкент ынтымақтастығының жаңа жылнамасын аштық. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығын нығайтуда айтарлықтай прогреске қол жеткіздік», деді Елбасы. Мемлекет басшысы ағымдағы жылы болған өзара сапарлар, сонымен бірге түрлі халықаралық алаңдардағы қарқынды байланыстар саяси рухты айтарлықтай нығайта түскенін баса айтты. «Алғаш рет өзара сауда өсімін 30 пайыздан астамға қамтамасыз еттік. Биыл Өзбекстанның Қазақстандағы жылының басталуы, келесі жылы бауырлас Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізу жаңа жаңалықтардың межесіне айналады және біздің ынтымақтастығымыздың барлық спектріне тың серпін береді. Қазақстан Өзбекстанмен көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ Қазақстанның Түрікменстанмен көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін айтты. «Бүгінде Орталық Азиядағы бауырлас мемлекеттер – Қазақстан мен Түрікменстанды тату көршілік қатынастар байланыстырады. Елдеріміз арасында сенімді әрі сындарлы диалог орнап, барлық басты бағыттар бойынша өзара түсіністіктің жоғары деңгейіне қол жеткізілді. 2017 жылдың сәуір айындағы Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің Астанаға мемлекеттік сапары, менің өткен жылдың қыркүйегіндегі Ашхабадқа жұмыс сапарым барлық бағыттардағы мемлекетаралық қарым-қатынас тарихымыздың жаңа кезеңін ашты», деді Елбасы. Сонымен қатар Қазақстан Президенті стратегиялық әріптестік жөніндегі шарт, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы мемлекеттік шекараларды демаркациялау туралы келісім сынды маңызды тарихи құжаттарға қол қойылуы екіжақты қарым-қатынасты сапалы деңгейге көтергенін атап өтті.
Қазақстан Президенті Италия Республикасымен сауда-экономикалық байланыстардың дамып келе жатқанына ерекше тоқталды. «Италия Қазақстанның сауда саласындағы әріптестерінің үздік үштігіне кіреді және бұл көрсеткіш бойынша Еуроодақ елдері арасында бірінші орын алып отыр. Сондай-ақ Италия – еліміздің экономикасына қаржы құйып отырған ірі инвесторлардың бірі. Қазақстан Италиямен жан-жақты ынтымақтастықты, соның ішінде инновациялар мен озық технологиялар саласындағы байланыстарды одан әрі дамытуға ниетті», деді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев дипломаттарды тағы да құттықтап, екіжақты қарым-қатынастарды нығайту жолындағы қызметтеріне табыс тіледі.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»