Экономика • 12 Сәуір, 2018

Келісім – берекенің бастауы

64 реткөрсетілді

Өткен аптада Бакуде Қосылмаған елдер қозғалысына мүше мемлекеттер Сырт­қы істер министрлерінің аралық конферен­циясы болып өтті. Оның тақырыбы «Тұ­рақты даму үшін халықаралық бейбіт­ші­лік пен қауіпсіздікті сақтау» деп аталды. Әзербайжан Республикасы 2019 жылы осы қозғалыстың жоғары деңгейдегі ХVІІІ саммитін өзінде қабылдайды. Мына кон­ференция сол саммит алдындағы дайын­дық іспеттес болды.

Бірауыз сөзбен оқырмандарға Қосылмаған елдер қозғалысы ұйымы туралы айта кетейік. Ұйым 1961 жылы Белград қаласында алғаш тұсауын кескен еді. Оның негізгі бастамашылары Иосип Броз Тито, Гамел Әбдел Насыр және Джавахарлал Неру болған.

Бүгінде құрамына әлемнің 120 елін мүшелікке қабылдаған бұл ұйым ешқандай әскери блоктарға енбеуді ұстанған елдердің қозғалысына айналды. Қазақстан да бұл ұйымның белсенді мүшелерінің бірі.

Ұйымның Баку конференциясына Сырт­қы істер министрінің орынбасары Ер­жан Ашықбаев бастаған делегация қаты­сып қайт­ты. Конференцияға 91 ел мен халық­арал­ық ұйым­дардан 800-ден артық өкіл келді. Өз сөзін­де Е.Ашықбаев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаппай қырып-жою қару­ларын шектеу бағытындағы бейбіт бас­тамалары туралы айтып беріп, халықаралық қау­іпсіздікті нығайту жолындағы оның ни­еті Қо­сылмаған елдер қозғалысының мақ­са­ты­мен үндес екенін атап көрсетті.

Осы конференцияға Солтүстік Кореяның Сыртқы істер министрі Ли Ен Хо да қатысып, ғаламдық бейбітшілікті сақтау жолындағы өз елінің ұстанымын білдірді. «Халықаралық бей­біт­шілік пен тұрақтылықты сақтауға әлем халықаралық құқылық әділеттің арқа­сын­­да ғана қол жеткізе алады» дей келіп, ол қа­зір көптеген елдердің аумақтық тұтас­ты­ғы, тең­ді­гі мен ішкі істеріне араласпау қағи­дат­та­ры көз­ге ілінбейтінін алға тартты. «Ша­ғын ел­­дер тәуелсіздігін аяққа басуды ірі мем­лек­ет­тер түрлі формаларда жүргізуде», деп атап көрсетті ол.

Сонымен қатар көп жағдайда ірі мемле­кет­тердің кейбір белден басқан әрекеттері ақпараттық үстемдіктің әсерінен бұрмалана жеткізіліп, шағын елдер құқының аяққа тапталып жатқанына назар аударып, қатысушылар дұрыс пікір қалыптастыратынынан үмітті екенін жеткізді.

Айта кететін жайт, КХДР Сыртқы істер министрінің осы сапардағы делегациясының құра­мына кірген ресми өкілінің сөзіне қарағанда, Ли Ен Хон журналистер қойған сұраққа орай берген жауабында Солтүстік Корея түбектегі ядролық қаруды жоюды кезең-кезеңмен жүргізуге келісетінін айтқан. Мұның Пхеньянның ресми позициясы екендігі де белгілі болды. Кейбір сарапшылар Солтүстік Кореяның соңғы уақыттардағы сыртқы саясаттағы белсенділігі осы позиция-
ны таратуға бағытталғанын айтады.

Қазір бұл елдің лидері Ким Чен Ын АҚШ көшбасшысы Дональд Трамппен жоғары деңгейде болатын кездесуге қызу дайындық жүргізіп жатыр. Ал Д.Трамптың өзі өткен дүйсенбіде Ақ үйде журналистерге берген шағын сұхбатында кездесудің мамыр айында немесе маусым айының басында болатынын айтты. Кездесу барысында ол Корей түбегін ядролық қарудан тазартуға қол жеткізетініне үміт білдірді. Сұхбатта қазір екі елдің арасын­да­ғы қатынастар көптеген жыл бойы қалыптасқан шиеленістен мүлде бөлек арнада дамып келе жатқаны да айтылды. Сонымен бірге Д.Трамп жоғары деңгейде бірінші рет бол­ғалы тұрған тарихи кездесуге дайындық ба­рысында түрлі деңгейдегі делегациялардың алдын ала кездесулері болып, келіссөздер жүргізілетінін де атап өтті.

Корей түбегінің барша халқы бұл кездесуден үлкен үміт күтіп, оқиға барысын жіті қадағалауда. Өткен аптада Пхеньянға барған оңтүстіккореялық өнерпаздар тобы елдеріне оралды. Осы гастрольдің көркемдік жетекшісі Юн Сан журналистерге берген сұхбатында өнерпаздардың үлкен әсермен оралғанын айтты. Ол 13 жылдан бері ат ізін салмаған туысқан өнерпаздарды солтүстіккореялықтар тіл жеткізгісіз қуанышпен қарсы алып, толқумен қабылдағанын жеткізген. Сонымен бірге алғашқы концертке президент Ким Чен Ынның өзі зайыбымен қатынасып, бұрын-соңды болмаған ілтипат көрсеткенін ол ризашылықпен атап өтті.

Жалпы, Пхеньянға оңтүстік­корея­лық­тар­дың 11 шығармашылық ұжым өнер көр­сетуге бар­ған. Сәуірдің алғашқы күні олар «Көктем келеді» деген атпен концерт қойса, келесі күні сол­түстіккореялық әріптестерімен бірге «Біз бір­геміз» деген тақырыппен өнерлер көрс­ет­кен.

Сеулдік өнерпаздарды таң қалдырған ең басты мәселе – солтүстіккореялықтардың ашық­тығы болыпты. Олар осы жолы өзде­рінің туысқандарымен емен-жарқын арала­сып, еркін сөйлескендерін, сонымен бір­ге мобильді байланыс пен Интернетті ер­кін қол­дана алғандығын мақтанышпен жет­кіз­ген. Ал кон­цертке келген КХДР көш­бас­шысы осындай концертті күзде Сеулде жалғастырып, оны «Күз келді» деген атаумен өткізуді ұсынған.

Міне, осылай екіге бөлінген бір халықтың арасындағы халықтық демократия да жанданып, кезінде бір-бірін ата жауындай көріп, кіжініп тұратындар туыстық қатынасқа бет бұра бастады. Қазақтың жалпақ тілімен айт­қан­да, тек арты жақсылыққа ұлассын дейміз. Өйткені, текетірестен түк те өнбейді, жа­сам­паздық тек ізгіліктің төңірегінде, ашық­тық пен келісімде екені белгілі.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар