12 Сәуір, 2018

Цифрлы дәуір тегеурініне төтеп беру үшін

781 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

XXI ғасыр – білім мен интеллект ғасыры дегенге ден қойғалы қашан. Төртінші өнер­­кәсіптік төңкеріс дүмпуі де іргемізді сол­­қылдатып, табалдырықтан аттады. Цифрлы технология экономикамыздың барлық саласын жаулап барады.

Цифрлы дәуір тегеурініне төтеп беру үшін

Цифрлы эволюциядан туындайтын тех­но­­логиялық өзгерістердің қарқыны мен қа­рымы адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген ауқымда дамитын көрінеді. Адам­зат ертеңі үшін цифрлы әлемнің берер мүмкіндіктері орасан зор, сонымен бір­ге ықтимал қауіптері де жойқын болмақ. Ен­деше, қоғамдық формацияларды қиратып, еге­мен ұлттардың даму бағдарламаларын басқа арнаға бұрып, мемпакеттерді күйретуге қабілетті цифрлы технологиялардың тегеу­рінін бағындыратын ұлттық әлеуетіміз бар ма? Цифрлы дәуірдің ақпарат тасқынына шайы­лып кетпей, әлемдік бәсекелестік бәй­гесіне ілесу үшін ұлттық интеллектуалды әлеуетімізді қалыптастыра алдық па? Мі­не, төңірегімізді түгел торлаған төртінші өнер­кәсіптік төңкерістің егемен еліміздің ертеңіне төндіретін сын-қатерлерінің алдын алудың алғышарттары осы болмақ.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын қабыл­дап, еліміздің барлық өңірлеріне мыңда­ған шақырым оптикалық-талшықты кабельдер жүргізіп, миллиондаған тұрғындарды кең жолақты интернет желісіне қосқаннан іс бітпейді. Әрине бұл да маңызды қадам. Егемен еліміздегі цифрлы бағдарламалардың басты мақсаттарының бірі – ұлттық ақпараттық жүйе­­нің жоғары дәрежеде қорғалуы. Ал тә­уел­сіз Қазақстан Республикасының ақпа­рат­­тық кеңістігінде Ресей телеарналары тү­­гелге жуық тәулік бойы кедергісіз хабар та­ратып тұрғанда, қандай ақпараттық қауіп­сіздік туралы сөз қозғауға болады. Елімізде ерекше бір тосын жаңалық бола қалса, мемлекеттік төл телеарналардан бұрын Ре­сей ақпараттық орталықтары бұл хабарды өзде­­рінің қажетінше өңдеуімен өз телеарнала­ры арқылы таратады. Яғни бөтен елдің ақпараты қазақстандықтардың сұранысын қанаттандырып, санасына сіңіріледі.

Ұлттың интеллектуалды әлеуетінің негізі, әлем­дік бәсекеге қабілеттілігінің басты көр­сет­кіші – сапалы білім, сындарлы ғылым. Білім жағынан кенжелеп қалдық деп айта алмаймыз. Еліміздегі сауаттылық көрсеткішінің деңгейі 99,8 пайызды құрайды. Жоғары оқу орындары жүйесі – қазақстандық білікті кадр­ларды қалыптастыратын және еліміздің интеллектуалды әлеуетін дамытатын орта. Қазір Қазақстандағы жоғары оқу орындары 200-ден астам мамандық түрі бойынша кадрлар даяр­лайды екен. 1990 жылмен салыстырғанда еліміздегі ЖОО-ларда оқитындар саны үш есе артқан. Оның үстіне 10 мыңдай қазақстандық дүние жүзінің беделді университеттерінде білім алып жатыр. Бүгінде Қазақстан жоғары оқу орындарының саны жағынан әрбір миллион тұрғынға шаққанда Ұлыбритания, Германия, Жапония сияқты дамыған елдердің өзін басып озыпты. Алайда ЖОО-лар жүйесіндегі сандық көрсеткішке сапалық деңгейі мүлде сәйкес келмейді.

Цифрлы технологиялардың қуатын төл эко­но­микамыздың дамуына жұмыс істететін не­гізгі күш ұлттық ғылым саласы және өзі таңдаған ғылыми тақырыбына саналы ғұмы­рын арнап ізденетін жас та білімді, нағыз ға­лымдар (фанатиктер) болмақ. Өкінішке қа­рай, бұл салада да ауыз толтырып айтар жетістігіміз жоқтың қасы. Соңғы жылдарда қазақстандық ғылымның терең тоқырауға ұшырағаны, ащы да болса ақиқат. Ғылыми атақтарынан ат үркетін «ғалымдардан» көз сүрінеді. Бірақ ұлттық ғылымымыздың абыройын асқақтататын Қаныштар жоқ. Ғылыми атаққа ие болу тамыр-таныстық пен бедел бизнесіне айналған. Шенеунік атаулының түгелдей дерлік ғылым докторы атанулары соның айғағы. Ғылыми зерттеулердің иісі мұрнына бармайтын «академиктер» қоғам дамуына қажетті жаңалық ашатын орталықтарды непотизм (туыстық-жиеншарлық) ордасына айналдырған. Осының салдарынан Қазақстан ғылымы экономикадан мүлде қол үзіп қалған. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бо­йын­ша қолданысқа енгізілетін озық технологияларда отандық ғылымның ешқандай қолтаңбасы жоқ. Ғылыми қамтымды экономика құру мақсатында нағыз ғылымды дамытпай, таңдаған тақырыбы жолындағы ізденіске ғұмырын сарп ететін таза ғалымдар тәрбиелемейінше, цифрлы технологиялар дәуірінде ұшпаққа шыға алмаймыз. Цифрлы эволюцияның барар бағытын дұрыс болжау арқылы Қазақ елінің даму жолын айқындау үшін жоғары білім мен ғылым саласында түбегейлі бетбұрыс ауадай қажет.

Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жол­дауында алдағы 10-15 жылда ғылыми қамтымды экономикалық базис жасауымыз керектігін, онсыз біз әлемнің дамыған ел­дері қатарына қосыла алмайтынымызды, мұны тек дамыған ғылым арқылы шешу­ге болатындығын атап айтқан. Ғылыми қам­тымды экономика құру – ең алдымен, Қазақ­­стан ғылымының әлеуетін арттыру. Сон­дықтан Мемлекет басшысы қазақстандық эко­номиканың жаңа жоғары технологиялық салаларын құруға және ғылымды дамытуға ІЖӨ-нің 3 пайызы деңгейінде қаржы бөлуді күн тәртібіне қойып отыр.

Азаматтары білімді, мамандарының кәсіби біліктілігі жоғары, инженер-техникалық ғалымдары ғылым мен экономиканы құстың қос қанатындай дамытқан елдің ғана цифрлы өркениеттегі өрісі кең болмақ. Адамдарының рухы биік, денсаулығы мықты, адамгершілік танымы таза, кәсіби біліктілігі берік елдің ғана цифрлы технология дәуіріндегі бәсекеде бәсі жоғары. Елбасы атап көрсеткендей, «ақылды ұлт өзінің ұлттық рухынан, тілі мен дінінен ажырамай цифрлы ортаға бейімделуі» қажет.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»