– Тимур Мұратұлы, Қазақстанда көктем жағымды жаңалықтармен басталды. Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында бес әлеуметтік бастама туралы жариялады. Бұлар шын мәнінде ауқымды әлеуметтік жобаларға жол ашады деуге бола ма?
– Қазақстан азаматтарына арналған жаңа әлеуметтік жобаны іске қосу – бұл Президент бұрынырақта бастамашы болған әлеуметтік жаңғырту саясатының жаңа, ауқымды деңгейдегі жалғасы. Президент жариялаған ауқымды бастама, шын мәнінде, тек ел экономикасының барлық маңызды салаларын қамтып қана қоймай, ақыр аяғында, барлық қазақстандықтардың әлеуетін нақты арттыруға бағытталған.
Еліміздегі қызмет көрсету, білім беру, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, сауда, ШОК, банктік-қаржылық және басқа да салалар осы өзгерістердің әсерін айқын «сезінетін» болады. Бір бастамалардың тиімділігін біз жүзеге асырған кезде бірден, қысқамерзімді келешекте байқасақ, ал басқа бастамалардың жақсылығын ұзақмерзімді кезеңде көретін боламыз.
Мәселен, кем дегенде 25 мың орындық жаңа жатақханалар салу міндеті мен онымен бір мезгілде гранттарды 20 мыңға дейін көбейту қысқамерзімді келешекте қазақстандық жастарға қолайлы қаржылық және тұрмыстық жағдай туғыза отырып, олардың әлеуетін дамытуға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, жатақхана салудың мультипликативтік әсері де бар: жеке құрылыс компаниялары, құрылыс материалдарын, жиһаз өндірушілер, басқа да бірқатар өзара байланысты салалар дамуға серпін алмақ. Сонымен бірге, жыл соңына дейін шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы да жағдай жақсаруы тиіс.
Президенттің 5 бастамасынан білетініміздей, өзін өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз адамдардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін қосымша 20 млрд теңге сомасында несие бөлінетін болады. Әрбір отбасы үшін баспана алудың жаңа мүмкіндігі тиімді нәтиже бермек және қалың көпшілікке арналған тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.Басқа екі бастаманың: салық жүктемесін азайту және елді одан арғы газбен қамтамасыз етудің нәтижесі 2019 жылдың өзінде-ақ айқын сезілетін болады.
– Үкіметтің экономикалық блогының өкілі ретінде Президенттің бес әлеуметтік бастамасының қайсысы Сізге жақынырақ және неліктен?
– Экономист ретінде маған ең жақыны – Президент жариялаған «7 – 20 – 25» тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыру жөніндегі бастаманы жүзеге асыру міндеті.БҰҰ-ның әлеуметтік стандарттарына сәйкес, бір адамға арналған тұрғын үй көлемінің аумағы 30 шаршы метрден кем болмауы, ал өз қаражатының есебінен пәтерге ақша жинаудың қалыпты мерзімі 3,5-4,5 жыл болуы тиіс. Баспанамен қамтамасыз етудің қазақстандық көрсеткіші әзірге бұл нормативке жетпейді және бүгінде 21 шаршы метрді құрайды.
Қымбат емес, сапалы тұрғын үйге қол жеткізудің тым жоғары бағасы мен тапшылығы біздің қоғамымыздағы ең бір өткір әлеуметтік мәселе болып келеді, ал «7 – 20 – 25» бастамасын жүзеге асыру еліміз тұрғындарының басым көпшілігінің баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Бұл бастаманы жүзеге асырудың нәтижесінде қалың көпшілікке арналған тұрғын үйдің ипотекасына қолжетімділік артып, тұрғын үй саласы толықтай қайта жаңарады.Тұрғын үй құрылысы соңғы жылдарда құрылыс саласын дамытудың басым бағытына айналды.
Мемлекеттің «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ секілді институтты қолдауы және «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру жағдайды назарда ұстауға мүмкіндік туғызып, тұрғын үй құрылысы көлемінің күрт төмендеуі мен тұрғын үй бағасының шарықтап кетуіне жол бермейді.
Бұл ретте «7 – 20 – 25» бастамасын жүзеге асыру тек маңызды әлеуметтік-экономикалық мәнге ғана ие болып отырған жоқ. Құрылыс көлемінің ұлғаюы, онымен байланысты өңдеу, жеңіл, химия, тау-кен өнеркәсібі, жиһаз, құрылыс материалдарын өндіру және т.б. салалардың дамуына жол ашады. Осылайша, бұл бағдарлама экономиканың өзара байланысты салаларына да мультипликативтік әсер етеді.
Аталған бағдарлама инвестиция тартуға, елдегі құрылыс саласын жандандыруға, оны жаңа қосымша жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге жағымды әсер етпек. «7 – 20 – 25» бастамасын жүзеге асыру Қазақстанның халықты сапалы тұрғын үймен қамтамасыз етудің әлемдік стандарттарына жақындауына мүмкіндік береді.
– Сіздің көзқарасыңызша, аз жалақы алатын жұмысшыларға салық жүктемесін азайту секілді екінші бастама қаншалықты тиімді болады?
– Салыстырмалы түрде аз жалақы алатын қазақстандықтарды қолдау мақсатында Президент олардың салық жүктемесін 10 есеге – 1%-ға дейін төмендетуды ұсынды. Жеке табыс салығы арқылы салық жүктемесін азайту айына ең аз есептік көрсеткіштің 25 есе мөлшерінен төмен еңбекақы алатындарға арналған. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, нәтижесінде, жалдамалы жұмысшылардың 1/3-інің жалақысы артады. Бұл көрсеткіш ҚР-дағы еңбекақы деңгейін саралауға жанама ықпал етеді.
Мәселен, ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің жалдамалы жұмысшыларды ішінара тексеру деректеріне қарағанда, жалдамалы жұмысшылардың (10% жоғары еңбекақы төленетін және 10% төмен еңбекақы төленетін) есептелген еңбекақысының саралау (алшақтық) коэффиценті 6,2 есені құрайды. Мәселен, ЕО-да аталған көрсеткіш 3,6 есе. Минимум (Халықаралық еңбекті ұйымдастырудың 2016 жылғы деректеріне сәйкес) Норвегияда (2,3), максимум Литвада (4,4) тіркелді. Дамушы елдерде аталған көрсеткіш 10,9-ға (Үндістан) барады. РФ-да – 5,1.
Аз жалақы төленетін жұмысшылардың салық жүктемесін он есе азайту салық ауыртпалығын оңтайландыруды ынталандырады. Бұл теңдессіз қадам, 2 млн-нан астам жұмысшының еңбекақысы жұмыс берушіге қосымша ауыртпалық түсірмей-ақ, ұлғаяды дегенді білдіреді.
Қарапайым қазақстандықтардың жалпы әл-ауқатының артуы ішкі сұранысқа қосымша серпін береді, демек, бұл ел экономикасының дамуын жеделдетеді. Президент сондай-ақ табыс салығының прогрессивтік шкаласын енгізу мүмкіндігін зерттеу қажеттігіне назар аударды.
Егер жеке табыс салығының қазіргі жалпақ жүйесі, табысына қарамастан, барлығы үшін бір мөлшерлемені білдіретін болса, ал прогрессивтік шкала резиденттер үшін жалақысының көлеміне қарай салық салу мөлшерін өзгертуді бағамдайды. Сәйкесінше, адам неғұрлым көп табыс тапқан сайын, соншалықты көбірек салық төлеуі тиіс.
Бұл жерде, сөз жоқ, әлеуметтік әділеттілік ұстанымы маңызды бола түседі. Бұдан басқа, мұндай жағдайда, салықтың қайта бөлісу функциясы да артады. Бұл міндет барынша қызықты, сонымен бірге күрделі де. Оны экономикалық ахуалымыздың ерекшеліктері мен салық салу тәжірибесін есепке ала отырып, тыңғылықты пысықтайтын боламыз. Прогрессивтік шкаланы пайдалануға қатысты, прогрессивтік салық салу әлемдік тәжірибеде бар екендігін атап өтпекпін. Бұл ретте салық салудың бұл түрін енгізудегі табыстың кепілі дәлме-дәл салық ауыртпалығын анықтау, тиімді салықтық әкімшілендіру, халықтың жоғары салық мәдениеті болып табылады.
Қазақстанның салық салу жүйесіндегі ЖТС прогрессивтік шкаласына әзірліктің алғашқы қадамы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға ортақ декларациялауды кезең-кезеңмен енгізу болып саналады. Бұл салық мәдениетінің деңгейін көтеруге, салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға, еліміздегі, өңірлердегі және экономикалық қызмет түрлеріндегі прогрессивтік салық салудың нақты пайдасы мен шығындарын бағалауға мүмкіндік беретін халықтың жиынтық табысының негізін құруға ықпал етеді.
– Шағын несие беруді ұлғайтудың әлеуметтік салдары қандай болмақ?
– Сөз жоқ, жаппай кәсіпкерлікті дамытудағы айрықша тиімді құрал шағын несие беру тетігі болып табылады.
2017 жылы барлығы 32 миллиард теңге сомасындағы 7 200 шағын несие бөлінген екен. 2018 жылы халықты шағын несиелеудің жалпы сомасы 62 миллиард теңгеге дейін ұлғаятын болады. Ауылдар мен шағын қалалардағы несиелеуге 14 миллиардқа жуық теңге бөлу жоспарлануда. Оның ішінде 10 миллиард теңге ірі ауыл шаруашылығы өңдеуші кәсіпорындарының айналасында якорлық кооперативтер жобасын жүзеге асыруға жұмсалады. Шағын және моноқалалардағы несиелеуге 6 миллиард теңге бөлінетін болады.
Нәтижесінде, несиеге қол жеткізіп, өз ісін жүргізетін азаматтардың саны 14 мың адамды қамти отырып, екі есе ұлғаяды. Бұлар негізінен, ақша алып, жаңа жұмыс орнын құратын ауыл адамдары болмақ.
Жұмыспен қамтумен қатар шағын несие беру көлемінің ұлғайтылуы қосымша жұмыс орнын құру, жаңа өндіріс құру немесе қызмет көрсетуді дамыту, шығарылатын өнімдердің көлемін ұлғайту түрінде мультипликативтік әсер береді. Әсіресе бұл бастама, бүгінде қаражатқа зәру болып отырған ауыл кәсіпкерлері үшін тиімді. Себебі бірқатар себеппен екінші деңгейлі банктер ауылдықтарға несие беруге ықылас таныта қоймайды.
Мәселен, банктен қарыз алу үшін, мынадай белгілі бір шарттарға сай, ресми қуатталған табысы, оң несие тарихы, жеткілікті кепілзаты және т.б. болуы тиіс. Оның үстіне, өтініштерді қарауға едәуір уақыт кетеді. Бұл банктердің несиенің өтелмей қалуы қатерінен сақтануымен түсіндіріледі.
Президенттің шағын несие беруді көбейту бастамасы қазіргі түйткілді мәселені шешуге мүмкіндік беріп, ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына, ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыруға, сондай-ақ ҚР ЕХӘҚМ бағалауына қарағанда, 2018 жылдың өзінде-ақ 40 мың жұмыс орнын құруға жаңа серпін береді.
– Еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін газбен қамтамасыз ету экономикаға қалай әсер етеді? Газбен қамту осы өңірлердегі халықтың тіршілігін қалай өзгертпек?
– Қызылорда облысынан Астана арқылы солтүстікке газ құбырын тарта отырып, біз Қарағанды, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының даму әлеуетін нығайтамыз. Бұл экология мен қолайлы тұрмыс тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ шағын қалаларды көтеру, ауылдық аумақтарды дамыту тұрғысынан алғанда да мультипликативтік нәтиже беретін ірі жүйелі шешім.
Газ құбырының құрылысына көптеген қазақстандық компаниялар жұмылдырылатын болады. Бұл жерде біз газ құбырының құрылысы кезіндегі өндірістің дамуымен бірге, сондай-ақ еншілес салалардағы салааралық байланыстардың (металлургия, көліктік тасымалдау, құрылыс, оқыту, тұру, тамақтану және көптеген тағы да басқа қызметтермен қамтамасыз ету) есебінен қосымша нәтижелерді де көретін боламыз.
Осындай ауқымды жобаны жүргізу барысында уақытша да, тұрақты да жұмыс орындары құрылатын болады.
Жобаны жүзеге асыру Астанаға, жыл сайын ЖЭС-те жағылатын көмірді ауыстырудың арқасында, елеулі әлеуметтік-экономикалық нәтиже әкеледі. Энергетика министрлігінің есептеуінше, ластайтын заттардың шығарылуының төмендеу әсері жылына 36,1 мың тоннаны құрайды. Астанадағы таза ауа, қатты отын жағудан бас тарту, осының барлығы елордамыздың сәулетінің артуына, шетелдік инвесторлардың қызығушылығын тудыруға негіз қалайды.
– Президенттің пікірінше, бағдарламаны жүзеге асыру «әлеуметтік мемлекет» туралы конституциялық норманы жаңа айқын мазмұнмен толықтырмақ. Бұл жерде қандай мазмұн туралы сөз болып отыр?
– Әлеуметтік мемлекеттің басты міндеті – әлеуметтік әділеттіліктің бекітілген ұстанымдарына негізделетін қоғамның дамуына қол жеткізу.
Мұндай талаптарға, инвестициялардың жоғары деңгейі мен ІЖӨ-нің күшті өсіміне кірістің теңсіздігін азайту жөніндегі шараларды орындаумен қатарлас қол жеткізілетін инклюзивтік экономикалық даму жетістігі жауап береді.
Инклюзивтік өсімді қамтамасыз ету үшін халықтың барлық тобына арналған жаңа мүмкіндіктер туғызудың қажетті шараларын: олардың еңбек және кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, өмір сүрудің шарты мен сапасын жақсарту үшін жағдай жасау қажет.
Еліміздің инклюзивтік даму арнасындағы Президенттің бес бастамасы аз табыс табатын тұрғындардың баспанаға қол жеткізу талабын жақсартуға мүмкіндік береді, табыс салығының мөлшерлемесін азайту арқылы олардың жалақысын молайтады, ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлердің шағын несиеге қол жеткізуін арттырады. Осы қадамдар инклюзивтік экономикалық дамудың әлеуетін арттырады.
Міне осы айтылған бағыттарда біздің Елбасымыздың саяси ерік-жігері танылып отыр деген ойдамын, ал оның жаңа әлеуметтік бастамалары мен оны жүзеге асырудың нәтижесі «әлеуметтік мемлекет» туралы конституциялық норманы нақты жобалармен және бағдарламалармен, сәйкес қаржыландыру көзімен қамтамасыз еткен жаңа айқын мазмұнмен шын мәнінде толықтырады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»