Қызыл су жүрген кезде ауылдың жанындағы шағын өзен тасып, елді мекенге алып барар жолдың бәрін шайып өтіп, тұрғындар «Барсакелмес» аралында қалғандай күй кешті. Көрші ауылға барып оқитын балалар сабақтан қалып, ауыл тұрғындары үшін сырттан азық-түлік жеткізудің өзі мұңға айналды. Қарағандыға барып-келіп жұмыс істейтіндер де амал жоқ, омалып үйде отыр. «Ауылда мектепте оқитын 27 бала бар. Су тартылмайынша оларды ешқайда жібермейміз. Өзеннен өтетін көпірдің өзі су астында қалды. Біздің проблемаға құлақ асатын адам табылмай тұр. Жылда көретініміз осы», деп мұң шағады ауыл тұрғыны Бейбіт Мұхаммед.
Таяуда облыс әкімдігінде өткен аппарат жиынында өңір басшысы Ерлан Қошанов Шет ауданының әкімі Марат Жандәулетовті сынға алды. «Осы мәселелерді ертерек шешу керек еді. Биыл неге Шопада бөген тұрғызбадыңыздар? Аудан әкімі ұйықтап жүр, бүкіл елдің алдында сөзге қалдық. Ауылдағы үйлердің бәрі, міне, бірнеше күн болды, сыртқы әлемнен бөлініп қалған», деді облыс әкімі.
Шопада ауылдың маңынан өтетін өзеннің суы арнасынан 30 см-дей көтеріліп, жол үстінен жүріп өткен. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әскербек Халтоновтың айтуынша, Шопаға дейін тартылған 3 шақырым жол көптен бері қараусыз қалып келген, әбден тозығы жетіп ескірген. «Бұл жол былтыр Шет ауданының меншігіне берілді. Қазір жобалаушылар жолдың су өткізу мүмкіндігін арттыру мәселелерімен айналысып жатыр. Су өткізгіш құбырлар санын арттыру туралы шешім қабылданды», деп мәлімдеді ол.
Сонымен қатар аталған жиында облыстағы су тасқынының алдын алу шараларының барысы да жан-жақты сөз болды. Бүгінгі күнде өңірдегі ең үлкен су қоймасы – Самарқандағы судың мөлшері 195 млн текше метрді құрайды. Судың толуы 76,7%-ға тең. Облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа өңірдегі өзендердің тасқын кезіндегі су мөлшерін толықтай өткізе алмайтынын айтты. Сол себепті жол картасына өзендер арнасын түзету бойынша жұмыстар енгізілген. «Бұл мақсат үшін жобалау-сметалық құжаттар әзірленді, жұмыс биыл басталады. Су жолдан асып кетпеу үшін су өткізгіш құбырларды орнату жұмыстарын аяқтау керек. Бұл үшін жол бойындағы осал деген 56 учаске анықталып, оның 13-і бойынша жұмыстар атқарылды. Жолдың қалған учаскелеріндегі құбыр орнату жұмыстары биыл толықтай аяқталуы керек», деп хабарлады А.Шкарупа.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі туындай қалған проблемаларды табан астында шешіп тастауды қатаң тапсырды.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы