Сөздің парқы мен істің ретін түсінетін ортаны түгел елең еткізген, елдік мұрат пен мүддені мағына тұрғысынан мүлде жаңа деңгейге шығарған бұл бастама барша зиялы қауымды, ғылым мен білімге жанашыр ортаны ерекше шабыттандырып, арғы-бергі тарихымызда, бұрын соңды болмаған аса ауқымды шаруаға жұмылдырды. Әсіресе бұл тәуелсіздік түлектері – жас қауым құлшына қолдап, ерекше ықылас танытқан, өркенді іске айналды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын зор ықыласпен қабылдап, оны іске асыруға шын ниетпен кіріскен ортаның ішінде өзім де бармын.
Бағдарламада аталған алты арнайы жобаның қай-қайсысы да жеке мемлекеттік бағдарлама болуға лайық дара бастамалар. Дегенмен де, меніңше, солардың бірі де бірегейі, сөз жоқ – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» болды. Өйткені кез келген қоғамның күші білімде, ал кез келген тілдің қуаты – ол тілдегі мазмұнда. Олай болса, бұл бастама тілдің қауқары мен қоғамның әлеуетін де биікке көтеретін тегеурінді тетікке айналды.
Елбасының тапсырмасы бойынша, осы жобаны іске асыру үшін үкіметтік емес және коммерциялық емес негізде жұмыс істейтін «Ұлттық аударма бюросы» құрылды. Бүгін осы аса жауапты әрі өзіндік қиындықтары да көп жұмыстың алғашқы нәтижесімен таныстырудың сәті келді.
«100 оқулық» жобасы жариялана салысымен еліміздің жоғары оқу орындарынан жалпы саны 800-ден аса аударылуы керек деген оқулыққа ұсыныс келіп түсті. Мамандардан құралған арнайы жұмыс тобы аударылатын оқулықтарға қойылатын мынадай талаптарды анықтады: мәселен, оқулық дүние жүзіндегі маңдайалды 100 университеттің бағдарламасында болуы қажет; кемінде 3 басылым көруі тиіс; мазмұны өзекті, әрі идеялық тұрғыдан бейтарап болуы керек; сонымен бірге оқулық заман талабына сай, интерактивті үлгіде оқып-үйренуге мүмкіндік беруі қажет.
Осындай талаптар негізінде философия, әлеуметтану, психология, тіл білімі, антропология мен дінтану, журналистика, экономика мен кәсіпкерлік салаларын қамтитын алғашқы 18 оқулық іріктелді. Таңдалған оқулықтарды жинақтап айтсақ, бұл кітаптар әлемнің 42 елінде, 34 тілде басылып, жалпы таралымы 47 миллионнан асқан. Мұндай оқулықтарды мемлекеттік бағдарлама аясында аударып, тегін тарату – әлемде баламасы жоқ тәжірибе. Бұл деңгейдегі бір оқулықты құрастырып, баспаға дайындау құны 500 мыңнан 3 миллион долларға дейін жетеді. Сондықтан да оқулықтардың бағасы әдетте өте жоғары. Мәселен, профессор Мэнкьюдің «Экономикс» атты оқулығын америкалық студенттер 280 долларға сатып алады. Сол себепті оқулықты өзге тілге аударып басуға да авторлар өте қатаң бақылау жасайды. Осыны ескере отырып, біз аударма жұмысына еліміздегі іргелі оқу орындарын, гуманитарлық бағыттағы ғылыми-зерттеу орталықтарының мамандарын кеңінен тартуға тырыстық.
Аударманы мейлінше сапалы шығару үшін жұмысқа тәжірибелі аудармашылар мен жоғары оқу орындарының ұстаздары шақырылып, ғылыми редакция жасауға еліміздің белгілі ғалымдары, әдеби редакцияға қарымды қаламгерлер, білікті редакторлар мен баспагерлер тартылды. Қазір бұл жұмысқа жалпы саны 200-ге тарта маман қатысуда. Сондай-ақ ғылыми аударма ісі жолға қойылған елдердің тәжірибесі мұқият зерттелді. Ілгері аударма технологиясының бірі, дүние жүзінің 180 мыңнан аса аудармашы маманы қолданатын арнайы электронды платформаға қосылдық.
Елбасы үнемі атап көрсетіп жүргендей, аударманың тілін жатық, ұғынықты ету мақсатында аударма ережелері мен қағидалары дайындалып, бекітілді. Атап айтсақ, жаңа терминдерге балама іздеуде қарабайырлыққа ұрынбау; ұғымдар мен түсініктерді халықаралық ғылыми және кәсіби лексикадан алшақтатпай, мағыналық сәйкестігін сақтау; мазмұнға нұқсан келтірмей, грамматикалық құрылымдарды мейлінше жеңілдету; мысалдар мен кейстерді, суреттер мен кескіндерді мүмкіндігінше қазақстандық баламалармен алмастыру сияқты ұстанымдар келісілді. Осындай негізде қазірдің өзінде жоба сөздігіне 3 мыңнан аса ғылыми термин, ұғым мен түсінік жинақталды. Олардың бірсыпырасы бұрыннан қолданыста бар, енді бір бөлігі мүлде жаңа сөздер мен халықаралық қолданыстағы түпнұсқасын сақтай отырып, тілімізге енген ұғымдар. Сондықтан бұл жоба жаңа білім мен тың технологияға жол ашып қоймай, жаңа ұғымдар мен түсініктер арқылы ғылыми лексикамызды байытып, қазақ тілінің әлеуетін де арттыруда.
Рауан Кенжеханұлы,
«Ұлттық аударма бюросының» директоры