Чулпон – бауырлас өзбектің үзіліп тұрған лирик дегендей тамаша сазды ақыны. Роман да жазған. «Чулпон» оның тақуалләсы. Қазақша «Шолпан» ғой. Шын аты – Ғабділхамит Сүлейменов. 1897 жылы туған.1938 жылы өзбектің азаттық аңсаған шын перзенті болғаны үшін атылған. Ату ныспы – шын перзентке айып болып тағылар ұлтшыл, тұраншыл, түрікшіл, жапон жансызы... қыл-қысқасы «халық жауы». Ұлттың шын ұлына жағылатын жала! Одан бері қаншама уақыт? Өзбек лирикасы Чулпон биігіне жете алды ма екен осы жылдары? Әй, қайдам? Біздің Мағжан биігіне шыға алмай келе жатқанымыз сияқты. Қадыр Мырза Әлінің айтқаны бар: «Біз солардың уақытын өткізіп алдық па деп қорқамын...». Бір қарағанда ол да дұрыс. Біразының жабық жатып, уақыты өтіп кетті. Бірақ, уақыттық меже тұрғысынан бағалай береміз емес пе?! Солай. Ал, Мағжан – әлі жете алмай келе жатқан, жеткізе қоймайтын жүйрігіміз. Чулпон да солай. Өзбек әдебиетінің, тіпті түрік жұртының жыр бәйгесінде шашасына шаң жұқпас, жеткізбес бір жүйрігі. Тамылжыған лириктігіне барша өлеңі куә. Тоқсаныншы жылдары ақталған ақынның «Яна олдим сөзимни...» (Тошкент. Ғ.Ғулом номидаги Адабият ва санъат нашриети, 1991) аталатын бір томдығы жарық көрген. Алматыда өзбек дүкені ашылып, сонда сатылған жерінен алып, өзбек тілінде оқып шыққанмын. Иә, тамылжыған лирик. Лирик қана ма?
Жоқ, өзбек ұлтын сүйген, түрікшіл биікке көтерілген қоғам қайраткері. Тіпті Мұстафа Шоқай оны Ахмет Байтұрсынұлымен қатар қоятыны бар. «Ахмет Байтұрсынұлы мен Чулпон – ұлттық әдебиетіміздің ең үздік тұлғалары. Олардың шығармаларынан біз орыс тепкісінде қысым көрген тіліміз бен мәдениетіміздің өлмес, өшпес өміршең қуатын көреміз». А.З.Вәлиди Башқұрт автономиясын құрғанда, арнайы барып жәрдем еткен қайраткер. Кейін алданғанын біліп, Түркістанға келіп, басмашылар жағында большевизмге қарсы соғысқанда да Вәлидиге тілектес болып жүрген. Олай болса Чулпонның ақындығымен бірге қайраткерлігіне де қол қою керек. Оның үстіне, Чулпон «Шағатай бәсі» секілді азаттыққа үндеген ұйым құрған.
Иә, Чулпонның лириктігіне оның бар өлеңі куә. Ал қайраткерлігіне өзбек азатшылы Молланур Вахитовқа арнаған «Шығыс нұры» (Шарық нұри»), «Кел бері», «Хазар естелігі» аталатын өлеңдері тағы да куәлікке жүреді. Бұл өлеңдер де тамылжыған лирика. Оптимистік рух, азатшыл үн менмұндалайды.
Узган атнада Чин, Мачин йортында
Конфуцийның фәлсафәсен ишетте.
Бу атна Иран: зәрдәштлек турында,
Ничегрек? Дип, Ницшега
киңәш итте...
Һиндастанда Бәдил белән йөрүен дә
Минем шәрыклек күзем анык күрде.
Аламутта – Хәсен сәйях илендә –
Минем рухым белән ул бергә йөрде...
Шуңа, ахры, сөя сине бар Шарык:
Син – Шарыксең, Шәрык –
Син, аерма юк!
(1918 ж.)
Лирикалық кейіпкеріне қиып отырған Бәдил (Үндістандағы мұсылман ақыны) – діни реформатор Конфуций, Зәрдәштлек – Заратустра діні, Ницше «Заратустра солай деген...» философиялық трактатын жазған алман философы... Айналып келгенде Ғабділхамит Сүлейменовтің өз оқыған-тоқығаны, өз дүниетанымы! Чулпон міне, осындай биіктегі шоң шайыр еді, шіркін! «Хәзәр истәлеге» (Хазарды еске алғанда) аталатын өлеңі тіпті терең дер едік. «Гүзәл йолдыз, нұрлы йолдыз, сөйлә син
Аталарның тарихтагы хатасын,
Шул хатадан файдаланып, читләрнең
Ил кукрәгендә гишрәтә-сафасын, – болып басталады өлең. Көріп отырғанымыздай, өлең аталарымыздың тарихтағы тарихи қателігін ашына айтудан басталады. Ол қандай қателік? Хазар кезіндегі күшті, рухты түрік мемлекеті болғаны тарихтан мәлім. Билеушілердің өзара ынтымақ таппауынан, сосын дін атаулыға есігін ашып қойған «кең қолтықтықтан» құлаған мемлекет. Қазіргі Каспий теңізі кезінде «Хазар теңізі» аталғанын қосыңыз бұған. Чулпон Хазар тарихынан сабақ алуға шақырады.
«Гаугалы йорт корган ата-бабалар
Киләчәктә ни көтүен белмәгән.
Ил-йортны сакларга соңгы ханнар
Төзек, дөрес чара-тәдбир кылмаган.
Салтанатты қоғам құрған ата-бабалар келешекке көз жібере алмаған, ел-жұртты сақтауға соңғы хандар қам қылмаған деп жылайды жетім жүрек Чулпон Хазар хандығы жөнінде. Жалған мақтан, даңғаза даңқпен жүріп жат жұрт табанына түсіп езілгеніңді білмей де қалдың деп зарлайды мұңшыл ақын. Міне, бүгін де мені сөйлетіп, өзің жай тыңдап тұрасың (Житәр, булды! Мине гәпкә тарттың да Үзең анда тыңлап кына торасың...) деп қалың ұйқыда жатқан Хазар ұрпағына күйінеді. Хазар мұңын тыңдар, Хазар трагедиясынан сабақ алар адам қалмады бүгінде дей келіп ақын аспандағы жұлдыздармен сырласады романтикалық сазға беріліп. «Авыз ачтың: тавышың килә, әй йолдыз! Сөйлә, сөйлә... ят кеше юк: икәү без...» – дейді тордағы бұлбұлдай мұңды ақын. Бір қызық бар. Ақын осы өлеңін бұрынғы Хазар теңізі, бүгінгі Каспий теңізінің жағасында 1920 жылы жазған...
Әр жол, жолында, ақжалдың жалында тарих ұялап жататын, ырғағында тарихи трагедия сыңсып салатын өлеңнің өзбекше мақам-сазын біздің Рәдиф дос (Гаташ) татарша құбылтып, құтыртып жеткізеді. Басы бірікпей Құдай қарғысына ұшыраған түрік жұртының жағдайын ойлап жүрегің қан жылайды. Беу, дүние!
Кил миңа, кил, кил миңа:
Кочагмны ачканмын.
Тормыш хакыйкать булса, аңа
Барлығымны атканмын...
Мин көчле, миндә гыйсъян,
Мин долкун, минда туфан,
Күперермен, ташармын,
Чигарамнан ашармын!
Туфаным илне басар,
Тормыш тавыннан ашар
Һәм үлмәс, мәңге яшәр!
Диванбаг 1921.
Қазақ ақыны (түрік ақыны) Мағжанмен үндес. Лермонтовтан басталатын жаны дауыл тілеушілік. Сонымен қатар «гыйсъян» бір сөзді қолдану бізді татар ақыны Ғабдолла Тоқайға қарай бастайды. Тоқай: «Жан-жағымнан ғыйсъян оты өбеді» деп жырлайтын. Чулпонның толқынды өлеңі сөйтіп лирикалық кейіпкерінің жаны дауыл тілеуі жөнінен М.Ю.Лермонтовтан басталып, қазақ ақыны Мағжанмен жан толқыны болып жалғасады, ақырында татар ақыны Ғабдолламен «гыйсъян» болып азаттық жалыны шарпып аяқталады. Чулпон енді бірде Сұлтанмахмұтша «Ни өчен ачылды күзем, кая качты үйкуларым? Бу уяныштан тулып ташты, ашты кайгыларым...» (Яшәеш) деп «Не үшін жасаймын?», өмірімде мән бар ма бостандықсыз? «Ұйқысыздық дендеп, дертке айналып, ұйқым қашты, азаттықты ойлап ащы қайғыларым тулап тасты...» – дейді-ау, ортақ өзбек ақыны. «Житәр, тор, чиктән ашкандыр Бу каргыш, бу хәкарәтләр!» – деп халықты азаттыққа шақыра ақырғанда «Интернационалды» қазақша сөйлететін Ж.Аймауытұлы, «Адамзат жүнжіме, жүрме бос!» – деп жырлайтын С.Сейфуллин түседі еске. Өлеңнің түйінін: «Қолымда соңғы тас қалды, Дұшпанға атпақ – тілегім. Көзімде тамшы жас қалды, Мақсатқа аспақ – тілегім!» – етіп (қазақшалай салдық) деп түйеді... Әйтпесе, «Жапырақ» өлеңін оқып, ағаштан айырылып түскен қалтыраған күзгі жапырақтан ұлтының тағдырын көретін өзбек ақынының өлеңін Г.Гейне, В.Луговской, Сұлтанмахмұт, М.Мақатаев, Н.Бегалы, К.Ахметова өлеңдерімен ойша сабақтастырамын. Ой айту, өлең ырғағын билетуі жөнінен ойша салыстырамын.
Рәдиф дос бауырлас өзбектің өлеңін қалай аударған? Іздене аударған. Жеке өлеңді ғана емес, ақынның поэтикалық рухын, ақындық демін, лебізін ұстай алған, ұстай алған да ақындық поэтикалық мәнерді тап басып аударған. Чулпон өлеңінің рухымен ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы Түркістанға саяхаттайды. Тұлғалардың өмірбаянына үңіледі, тарихи оқиғалардың ішіне кіреді... Оған жинаққа жазылған көлемді алғысөз куә!
Түрік халықтарының ынтымақ-бірлігін ойлаған, ойлаған да жалпы түріктік өреде жыр толғаған Чулпон 1938 жылы «ұлтшылдығы» үшін атылып кеткен. Өкініш. Сырбайша толғанасың «Жан екенсің өлімге қыймайтұғын...» Сәкенге қарата айтқаны. Іштей Чулпонға қарата қайыра айтасың. Айтасың да ойланасың. Оу, көзі тірісінде бірін-бірі оқып, бірінен-бірі үйреніп өскен түрік халықтары ақындарының поэтикалық дәстүрі түрік халықтары ақындары арасында сақталып қалған екен де, өзін атып, кітаптарын өртеп, зынданға тастауына қарамастан ақын рухы адамзат көгінде дін-аман жүр екен де қалықтап деп шүкірлік қыласың... Чулпон ақын әлі күнге жалғасып жатыр деп түйесің. Түрік халықтары ақындары поэзиясындағы сабақтастық та, бүгінгі аударма да соған үндейді. Сыншы бауырлас өзбек ағайынның ХХ ғасыр басында өмір сүрген тамаша ақыны Чулпонның «Ойна, сазым!» аталатын сексен жылдан кейін татар тіліне тәржімаланған жыр жинағы туралы түріктанушылық мақаласын: «Егер, тарихи тамыры бір түрік халықтары ақын-жазушылары сексен жыл бір-біріне жат болып жатсырап кетпей, рушылдықтың ру-дыруына түсіп кетпей, сексен жыл бұрынғы, тіпті ХV ғасыр бұрынғы «сән-салтанаты дүниені тітіреткен» (Сұлтанмахмұт) қалпын бұзбай, тату-тәтті туыстық арнада дамығанда, ақын-жазушылары түрік бірлігін жырлаған күйі жеткенде бүгінге қалай болар едік?» – деп ойлайды... Гаяз Ысқақидың «Идель-Урал» идеясы, А.З.Вәлидидің «Башқұрт автономиясы», «баспашылық күресі», М.Сұлтанғалиев, Т.Рысқұловтың «Түркістан федерациясы», С.Қожанұлының «Түркістан коммунистік федерациясы» жүзеге аса қалғанда қандай болар едік, түрік жұрты? – деп те ойланады. Өкінішке қарай олай болмады. Түріктік тұтастық жайлы тәтті армандар большевиктердің табаны астына тасталды, большевизмнің табаны астында тапталды... Аяулы ақынның поэзиясының дені осы бір тарихи қателікті өкіне жырлауға саяды.
Мұхтар Әуезовтің ХХ ғасырдың 20-жылдарында жазған әңгімелерін, көсем сөздерін (публицистика) оқып отырсаңыз біздің қазақ қоғамының тап осы бүгінгі кемшіліктері бадырайып көрініп тұратыны бар. Бейне ұлы жазушы ХХ ғасырда өмір сүріп, ХХІ ғасырдағы келеңсіздіктерді көзімен көріп тұрғандай күй кешесің. Чулпон поэзиясынан, публицистикасынан да сондай рухты сезінесің, ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы өзбек (1925 жылға дейін сарт атанған) қоғамына, тіпті түрік қоғамына тән келеңсіздіктер көрінеді. Ұлтты (халықты) оятқысы келеді. Өткеннен сабақ алса екен, сабақ ала отырып ертеңге, еркіндікке қадам басса екен деп армандайды мұңшыл-күйшіл ұлы ақын. Ең бір қызығы – ХХ ғасырдағы түрік қоғамын көзбен көріп жазған өлеңдерінен, публицистикасынан түрік қоғамының (оның ішінде өзбек, қазақты қоса айтқанда) бүгінгі ХХІ ғасырдағы бар кемшілігі көрініп тұрады. Әсіресе бір кездегі Түрік аталатын ұлы қағанаттан ынтымақсыздықтан бөлініп-бөлініп бөлшектеніп тарыдай шашырап бет-бетімен бытырап кетіп бара жатқан бүгінгі қазақ, өзбек, татар, қырғыз, башқұрт, түрікмен, әзербайжан... дегендей ұлы қағанат ұрпақтары жайлы зар!
Бұдан сәл бұрынырақ, татар туыстар қазақтың ұлы шайыры Мағжан Жұмабайұлының бір томдық шығармаларын өз тілдеріне тәржіма еткен еді. (Оны да бүкіл бүгіліс-түгілісін жазып, ішкі иірімдерін иіріп-шиіріп тамаша етіп аударған біздің Рәдиф Гаташ.) Мағжан күллі түрік дүниесінің гимнін «Түркістанды» жазған ұлы түрікшіл. Тәуелсіздікке ұмтылған Түркиеге бағыштап «Алыстағы бауырыма» өлеңін жазғанын қосыңыз бұған! Біз бүгін жете алмай жүрген түрікшілдікке қазақ ақыны Мағжан, өзбек ақыны Чулпон ХХ ғасырдың 20-жылдары жеткен...
Осының бәрінен ой түйсек, ХХ ғасыр басында бір «оянып» алып, кеңестік кезеңде қайта қалғып кеткен, ХХ ғасыр аяғында тағы бір оянып, бірақ әлде де дел-сал, салы суға кетіп жүрген татар халқын Рәдиф Гаташ сынды қайраткер ойдың, азаматтық пафостың ақыны қазақ Мағжан, өзбек Чулпон поэзиясын татар тіліне тәржімалау арқылы «рыноктық капитализмге» ессіз кіріп, ұлттық санадан ажырап бара жатқан ұлтын, халқын түріктік ынтымақ аясында қайта оятсам деген ағартушылық арман! Мағжанның «Түркістаны», Чулпонның «Хәзәр истәлеге» «іздегенге сұраған» болады да шығады. ХХ ғасыр басында түріктік ынтымақ, бірлік биігіне шыққан екі ұлттың екі ақыны түрік жұртын бүгін де оятуға жарайды. Тәуелсіздікке қолы жетпеген түрік жұртын тәуелсіздікке бүгін де шақыра біледі, шақыра береді ол өлеңдер. Сонымен қатар тәуелсіздігін алған түрік жұртын – Тәңірі жеткізген тәуелсіздіктен айырылып қалмаңдар! – деп ескертіп тұрғандай әсер етеді.
Біле білсең, түрік жұрты, Хазар тағдыры – Сенің тарихың. Сенің тарихың – сенің тағдырың. Хазардың аярлардан, азғындардан азар болған, іштен іріп азып-тозған, елін-жерін тастап Ауғанға қарай ауып кеткен (Құмық қана Кавказда) халқы әлі күнге елін-жерін сағынып жылайды деседі... Тарих спиралды қайталанады дейді тарихшылар. Хазар тарихы қайталанбасын, тағдыр болып қазақтың басына, күллі түрік жұртының басына келмесін деп тілейік! Қазақ Мағжан, өзбек Чулпон өлең-сазы осындай мақамда!
Ақын бірнеше өлеңін («Жәй үткәч», «Әй болыт!») Шымкент шаһарында жазыпты. Оны айтасыз, Шымкент шаһарына арнап «Болаклар кочагында» аталатын өлең жазыпты жампоз ақын. Өлеңдерінің астыңғы жолында «Ташкент», «Бохора», «Әндижан», «Коканд», «Баку» (Бакы деп алуы керек еді), «Ош», «Хазар деңизи...» деген ныспы жазылыпты. Себебі ме? Себебі ол кезде «Тұтас Түрікстан» идеясы, тіпті «Түркістан республикасы» да бар еді мына ғаламда... Ол кезде ұлы Түрікстан жерін азаттық идеясы кезіп жүр еді... «Түрік дүниесін кезіп жүріп азаттыққа шақырған, «Түркістан республикасын» желіп жүріп азаттыққа үндеп маздап жанып, маздаған лирика жасаған ақын Чулпон!
Рәдиф Гаташ алдымен татардың тамаша ақыны, лириктікке тән табиғатпен маздап жанып, отаншылдық рух, рух азаттығы жайындағы ойларын махаббат сазына орап жазатын лирик. Сосын ізденімпаз тәржіман. Кімді аударса да төл тілінен, түпнұсқадан тәржімалауды ту етіп жүрген ол өнердің бұл саласында да барынша табысты. Ізденіп аударады. Мағжанды қазақ тілінен тікелей тәржімалау үшін бізден сөздік те сұратты, қазақ ақынының өмірі мен шығармашылығына қатысты әдебиеттерді де сұратты. (Өз басым қазақ-орыс тілі сөздігі» мен әдебиетші Ш.Елеукеновтің «Мағжан» аталатын кітабын жіберген едім). Енді өзбек тілі. Өзбек тілі қазақ тіліне қарағанда иран-парсы ықпалы көбірек кездесер тіл. Өзбек тілінен тәржімалау мехнатын да біраз шекті-ау біздің Рәдиф! Бұл жолы да солай еткен. Өзбекстаннан өзбекше-орысша сөздік алдырған. Хатип Миңнегулов, Рәзил Вәлиев, Лирон Хамидуллин сынды Өзбекстанмен байланысты оқымысты кісілермен көп кеңесіпті. Ақырында татар тіліне қалың қатпарын да, иірім-иірім шақтарын да жүйрік аударып жеткізіп, кітап етіп шығарыпты. Шығарған кітабын «Туркестанга – Кулбәк дуска Казандагы «туранчы» Рәдиф Гаташтан. Август 2015» – деген қолтаңбамен бізге – Түрікстанға жөнелтіпті.Әуел бастағы ұсыныс-тілегімізді қабыл алған, бітірген ісіне ризашылығы. Түріктік ынтымақ-бірлікке бір тамшы да болса үн қостым-ау деген қанағат сезімі!
Біз оқыдық, оқыдық та ойландық. Оқыдық та ақын өлеңдерінің өзбек тіліндегі нұсқасымен салыстырып байқадық. Жіті зерттеп, жете танып, жүйрік аударған, тамылжытып тәржімалаған. Өзбекше айтқанда, құрсан болдық! Дән ризалық белгісіне осы мақаланы жаздық!
Құлбек ЕРГӨБЕК,
әдебиеттанушы, профессор