Аймақтар • 16 Сәуір, 2018

Үздік жоба Астанада жалғасады

412 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру аясында Жамбыл облысында бүгінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ бұлардың бәрі «Туған жер», «Киелі жерлердің географиясы», «100 жаңа кітап», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Қазақ тілін латын графикасына көшіру», «Заманауи қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде» арнайы жобалары аясында жүзеге асырылып келеді.

Үздік жоба Астанада жалғасады

Елбасының «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында өткен жылы жергілікті бюджет есебінен 197 миллион, ал демеушілер есебінен 898 миллион теңгеге түрлі жобалар мен іс-шаралар ұйымдастырылды. Аталған бағдарламаның 4 кіші бағыты «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен» және «Ақпарат толқыны» бойынша 22 жоба қолға алынып, түрлі іс-шаралар өткізілді. Сонымен қатар, «Туған жер» арнайы жобасы бойынша өткен жылы өңірде «Туған жерге туыңды тік!» акциясы өткізіліп, меценаттардың тізімі мен олар халыққа пайдалануға беретін нысандардың тізбесі жасақталды. Нәтижесінде меценаттар мен аудан әкімдері арасында меморандумға қол қойылып, биыл жалпы құны 3,1 миллиард теңгеге 38 әлеуметтік нысан ел игілігіне беріліп, ауылдар абаттандырылатын болады. Ал ағымдағы жылы жалпы құны 3,6 миллиард теңгеге 78 кіші жоба мен 53 іс-шара жоспарланып отыр. Оның ішінде 510,5 миллион теңге жергілікті бюджет есебінен, ал 3,1 миллиард теңге меценаттар есебінен қаралған. Сонымен қатар, «Қазақстанның сакралды географиясы» жобасы аясында Жамбыл облысынан бұл тізімге Мерке-Жайсан түркі ғұрыптық кешені, Ақыртас кешені, «Ежелгі Тараз қалашығы», «Тектұрмас» кешені, «Қарахан», «Айша бибі», «Бабаджа Хатун» және «Байзақ батыр Мәмбетұлы» кесенелері сияқты 8 тарихи орын енгізілген. Биыл өңірдегі сакралды орындарды насихаттау мақсатында 121,7 миллион теңгеге 8 жоба жүзеге асырылатын болады.

Сондай-ақ, алдағы мамыр айында «Әулиеатаның киелі жерлері» кіші жобасы аясында өңірдегі тарихи орындардың электронды картасы жасалады. Бұл мақсатқа облыстық мә­де­ниет, архивтер және құжаттама бас­қар­масынан 25 миллион теңге қарастырылуда. Ағым­дағы жылдың екінші жартыжыл­ды­ғынан бастап «Айша бибі» видео­ролигі түсіріледі. Бұл мақ­сатқа облыстық туризм басқар­масынан 52,8 миллион теңге қарастырылуда.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дар­ламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру аясында өңірде биыл 474 миллион теңгеге 7 мәдени сала бойынша және 876,7 миллион теңгеге 21 спорт саласы бойынша жобалар іске асырылып, 40-тан астам ауылдың инфрақұрылымы жаңғыртылады. Сонымен қатар өткен жылы облыста «Бір сәби – бір ағаш» жобасы қолға алынып, бір күнде дүние есігін ашқан мың сәбиге арналып 1000 түп ағаш отырғызылған болатын. Аталған жоба еліміз бойынша үздік жобалар қатарына еніп, биыл Астана қаласында жалғасын табады.

Өткен жылы елімізде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы қолға алынған болатын. Аталған жобаға Жамбыл облысынан 12 үміткер қатысып, 8 азамат жеңімпаз атанғанын айта кету керек. Сондай-ақ еліміздің әрбір азаматы оқуы тиіс «100 жаңа кітап» арнайы жобасын іске асыру аясында өңірдегі жоғары оқу орындарынан 39 әдебиет ұсынылып отыр. Сонымен қатар «Қазақ тілін латын графикасына көшіру» арнайы жобасы аясында жоғары оқу орындарынан латын әліпбиін оқытатын арнайы кафедралар ашылып, «Латын әліпбиін оқыту» арнайы оқыту курстары енгізілді.

– Өткен жылы Тараз қала­сын­дағы Достық үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ар­найы жобаларын іске асыру, оларды бір жерге топтастырып жұмыс жүргізу бойынша интерак­тивті алаңдар ашылған болатын. Ондағы заманауи құрылғылар арқылы бағдарлама аясындағы жобалардың интерактивті базасымен танысуға, белгілі ақын-жазушылардың шығармаларын электронды нұсқада оқуға, олар­дың аудиожазбаларын тыңдауға, латын әліпбиін және ағылшын тілін үйренуге мүмкіндік жасал­ған, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева.

Айта кетейік, Елбасының «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақала­сын жүзеге асыру аясында осын­дай орталықтар Тараз қаласы мен аудандардың 256 орта мек­тебінде, 25 колледжде ашыл­ған. Интерактивті алаңдар арқылы аудандарда ашылған орталықтармен тікелей байланысқа шығып, кез келген уақытта түрлі іс-шаралар ұйымдастыруға болады.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы