Өзінің жинап-терген қаржысынан 20 млн теңгені ауыл қажеті үшін берген кәсіпкер, «енді өздерің іс қылыңдар» деген жоқ, ауыл тұрғындарымен бірге көшеттерді отырғызу жұмыстарының басы-қасында болды.
Ауылда екі қолына бір күрек таппай жүрген азаматтар көп. 5 гектар жерге егілген 13 мың түп алма көшетін егуден бөлек, күтіп-баптау жұмыстары бар. Ауылдастарына жұмыс тауып берген азамат туған жерінің ертегідегідей Иран баққа айналғанын қалайды.
Көшеттер егілер алдында тоқсаннан асқан Әшен ата батасын берді. Алма ағашының бірін өзі еккен қарияның айтары көп. Кезінде осы ауылда алма бағы болыпты. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен уақытта күтімсіз қалған сол бақтың ағаштары отын болып кеткен. Әшен ақсақал уақытында сол алма бағының бағбаны болған екен. Бірақ меншік иесі болмағандықтан, сақтап қалуға еш мүмкіндігі болмаған. Кеңес өкіметін шауып алардай екпіндеген жұрт тіс шұқыр ағаш қалдырмай отап кеткен.
Бүгінде заман жақсыға айналды. Ел тоғайды. Жасалып жатқан игіліктердің өздері үшін екенін біледі. Сондықтан да жаңадан тігілген бау үшін бәрі қуанышты.
Осы ауылдан түлеп ұшып, талай асуларды бағындырған Еркін перзенттік парызын осылайша орындады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы