Аталған байқауға Әулиеатаның әрбір ауданынан қатысушы ұжымдар талап бойынша екі қойылымнан сахналады. Қордай, Шу, Жуалы және Талас аудандарының қойған «Тақталас», «Соқырішектегі «Волга», «Әженің әлдиі», «Арандатқыштар» қойылымдары көпшілік көңілінен шықты. Аталған қойылымдар мазмұнының тереңдігімен де, идеясының беріктігімен де көпшілік көзайымына айналды. Мәселен, Талас ауданының өнерпаздары сахналаған «Арандатқыштар» қойылымындағы кейіпкерлер Сусын баба, Сүт ананың бейнелері мен олардан тараған Қымыз, Шұбат, Саумал, Айран «батырлардың» образдары Арақ, Шарап, Темекі бейнелерін тұтқындауы арқылы ұлттық дәстүрді насихаттауы, жастарды зиянды нәрселерден бас тартуға үндеу идеялары көпшілікке ой салды.
Нәтижесінде «Күлеміз бе?» атты облыстық әзіл-сықақ байқауының бас жүлдесін Талас ауданының өнерпаздары жеңіп алды. Сондай-ақ бірінші орынды М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенттері иеленсе, екінші орын Жуалы ауданының өнерпаздарына бұйырды. Ал шулықтар үшінші орыннан көрінсе, «Көрермендер көзайымы» аталымы Қордай ауданынан келген өнерпаздарға берілді. Сонымен қатар Шона Смаханұлы атындағы арнайы сыйлықты Меркі ауданының өнерпаздары иеленді.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы