Аймақтар • 16 Сәуір, 2018

«Kazakhmys Holding» Жезқазған мыс балқыту зауытын 100 пайыз жұмысқа қосады

1080 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Kazakhmys Holding (Қазақмыс Холдинг)» ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауытының өндірістік қуатын 100 пайыз қалпына келтіреді. Бұл туралы бүгін Қазақстан баспасөз клубы хабар таратты.

«Kazakhmys Holding» Жезқазған мыс балқыту зауытын 100 пайыз жұмысқа қосады

Елбасының 2017 жылғы Жолдауында Қазақстанның Үшінші жаңғыруын іске асыру үшін алғашқы басымдық ретінде ел экономикасын жедел технологиялық жаңғырту таңдап алынды. Аталған басымдықта дәстүрлі базалық саланың дамуына серпін беру екінші кешенді міндет ретінде белгіленген. Жоғарыда аталған тау-кен металлургия саласын дамытудың кешенді міндеттерінің үшінші тармағын жүзеге асыру мақсатында «Kazakhmys Holding (Қазақмыс Холдинг)» ЖШС-ның  «Kazakhmys Smelting (Қазақмыс Смэлтинг)» ЖШС Жезқазған мыс балқыту заводының 2 кен қыздыру пешінің (КҚП) жұмысын жаңа күкірт қышқылы цехын салу арқылы 100% қуатқа жеткізу туралы шешім қабылданды.  Бұл шешім «Kazakhmys Holding (Қазақмыс Холдинг)» ЖШС Стратегиялық даму бағдарламасы аясында, кеніштер мен фабрикалардың әлеуетін ескере отырып қабылданды. 

2009 жылы қолжетімді шикізат көлемінің азаюына байланысты завод бір кен қыздыру пешінің (КҚП) жұмыс режиміне көшіп, ал екінші балқыту агрегаты жұмысын тоқтатқан болатын.  Мыс құрамды шикізат көлемінің ұлғаюын назарға ала отырып және болашақта Ақтоғай және Бозшакөл байыту фабрикаларының іске қосылатынын ескере келе,  екінші кен қыздыру пешін (КҚП) іске қосу туралы шешім қабылданды. Аталмыш шешім «Kazakhmys Holding (Қазақмыс Холдинг)» ЖШС-ның  әлемдік мыс өндіру нарығындағы бәсекелестік қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. 

Екінші кен қыздыру пешін іске қосудан бөлек, жалпы экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында, аймақта жаңа күкірт қышқылы цехын салу жоспарланған. Төртінші өндірістік революцияны жүзеге асыру аясында жаңа энергия үнемдеуші технологиялар енгізіледі және қол еңбегін азайту үшін автоматтандыру деңгейі артатын болады. 

«Жезқазған мыс балқыту заводын толық қуатында іске қосу және күкірт қышқылы цехын салу, бәсекеге қабілеттілікті арттырудан бөлек, Жезқазған аймағы үшін үлкен әлеуметтік маңызға ие. Тұрақты жұмыспен 600-дей адам қамтамасыз етілетін болады.  Мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер жүздеген миллион теңгеге өседі» – дейді «Kazakhmys Smelting (Қазақмыс Смэлтинг)» ЖШС  Бас директоры  Әділет  Барменқұлов.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

 АЛМАТЫ