Бір жылдан кейін Илон Кингстондағы Королдік университетке оқуға түсті. Бос уақытында інісі екеуі газеттерден қызғылықты тұлғаларды іздестіріп, кездесуге күш салады. Олардың арасында кәсіпқой бейсбол клубының жетекшісі, күнделікті газеттің бизнес-шолушысы, банк топ-менеджері де бар еді. Тіпті, солардың бірі Nova Scotia банкінің топ-менеджері Питер Николсон Масктің жазғы өндірістік тәжірибедегі жетекшісі болды. Көп уақыт өтпей-ақ Илон оның қызы Кристиді туған күніне шақырды. Кристи шақыруды қабыл алып, Торонтодағы Мэйдің үйіне барғанда жас жігіттің қысылмастан «Мен электрлі көліктер туралы көп ойлаймын. Сен бұл туралы не білесің?» деп сұрағанын кейін еске алады. Олар жақсы қарым-қатынаста болғанымен Маск курстасы Джастин Уилсонға ғашық болды. Әрине, әдепкіде әдемі әрі сәнқой сылқым Маскке мүлде назар аудармағанымен, көздегеніне жетпей қоймайтын табанды жігіт арудың жүрегін жаулауға барын салды.
Маскке жаңа ортасы жаққан еді. Баламалы энергия көздері, ғарыш және басқа да өзі қызығушылық танытып жүрген дүниелері туралы әңгімелеріне күле қарайтын оңтүстікафрикалық ортадай емес, жаңа достары оның интеллектуалдық қабілетін оң қабылдады. Университетте сабаққа зейін қойды, бизнесті зерттеді, шешендік өнер байқауларына қатысты, өз ортасында басым болуға күш салды, емтихан кездерінде де дараланып тұрды.
1992 жылы Маск Пенсильвания университетінің стипендиясын алып, аталған университетке ауысады. «Барқыт лигасына» енетін жоғары оқу орны оған экономика және физика бойынша екі мамандықтың бакалавры дәрежесін алуға мүмкіндік берді. Өзі іспетті ойлайтын физик достарын кездестірді. Кейін Кремний жазығында кәсіпкер болған Адео Ресси есімді жақын дос тапты. Күн энергиясына деген құштарлығы баламалы қуат көздерін пайдаланудың жаңа жолдарын іздестіруге түрткі болды. Бірде осы тақырыпта жазған студенттік баяндамасында Маск күн батареяларының қалай жұмыс істейтінін, оны қалай тиімді пайдалануға болатынын, сондай-ақ «болашақтың электр стансасы» – ғарыштағы алып күн батареялары Жерге қысқа толқындар түрінде қуат жіберіп тұратынын әңгімелесе, енді бірде баяндамасын ғылыми-зерттеу құжаттары мен кітаптарды электронды сканерлеуге арналған, алынған ақпарат пен мазмұнды оптикалық тұрғыдан танитын бірыңғай мәліметтер базасын құруға арнайды (бүгінгі Google Books пен Google Sholar сияқты). Келесі жолы иондар мен суперконденсаторлар тақырыбын қозғап, келешекте зымырандар мен ұшақтар, автокөліктерге қолдануға арналған энергияны сақтаудың жаңа үлгісі туралы баяндама жасайды. Профессорлар тарапынан жоғары балл жинайтын Маскке тән ерекшелік – ол өзінің күрделі физикалық түсініктерін бизнес-жоспар мазмұнында көрсете білетін.
1994 жылдың жазында Маск пен інісі Кимбал Американы аралауға шығады. Кимбал шағын кәсіп істеп, сатқан франшизасының бір бөлігіне ескі BMW 320i көлігін сатып алған еді. Ұзақ жолда ағайынды бозбалалар әртүрлі арманға беріліп, енді еніп келе жатқан интернет кеңістігінде компания ашуды, тіпті дәрігерлерге арналған ортақ онлайн желі құруды ойластырады. Маск жаз айларын Кремний жазығында өткізді. Күндіз Pinnacle Research Institute компаниясындағы гибридті көліктерге арналған отын көзі ретінде суперконденсаторды зерттеп жатқан стартап жобаға қосылса, кешке Rocket Science Games атты компьютерлік ойынды жетілдірумен айналысып жатқан стартапшыларға баратын. Олардың арасында кейін Apple корпорациясының мультимедиялық платформалары мен iPhone және iPhad құрылғыларын жасауға қатысқан Тони Фаделл жұмыс істеді. Тәулік бойы істейтіндіктен оларға Масктің екінші жұмысқа баруы таңсық емес-тін. Маск мұнда төменгі кодтарды жазуға, ойын компьютерлеріне арналған джойстиктер драйверін жасауға қатысты. Кейін Apple QuickTime жетекші инженерлерінің бірі болған Брюс Лик құрылғы жұмысымен мүлде таныс емес бозбала Масктің бел шеше кірісуінің арқасында компьютерді хакер деңгейіне дейін меңгеріп алғанын айтады.
Екі жыл қатарынан Кремнийде тәжірибе жинап, ғаламтор мүмкіндіктерін көңіл көкжиегімен көре білген ол Кимбалды да осында шақырды. Бірде стартапшылардың кеңсесіне телефон кітапшаларын шығаратын баспаның сатушысы онлайн реестр идеясын сатпақ болды. Баспагердің өзі де жөнді түсінбей тұрған идея Маскке ой салды. Өйткені үстел үстіндегі үлкен анықтамалыққа қарағанда онлайн реестр оңтайлы еді. Кимбал екеуі ақылдасып, 1995 жылы алғаш рет құрған стартап Global Link Information Network – кейін Zip2 аталған жоба картамен жұмыс істейтін бизнес-каталог еді. Бұл жақын жерде қандай пиццерия орналасқан, оған қалай жетуге болады деген қарапайым дүниелерге қызмет көрсетеді. Ол кезде интернетте жарнама беруге ешкім құлықсыз болатын. Оның үстіне жалға алған кеңселері де сұрықсыз ғимарат-тын. Интернетке тез қосылу үшін олар төменгі қабаттағы кеңсемен келісімшартқа отырды. Маск бағдарламаны, Кимбал сату ісін жолға қоюмен айналысты. Маск мәліметтер базасына арзан лицензия сатып алған соң алғашқы GPS-навигаторларға қолданылатын цифрлы карта мен бағыттар құруға жүздеген миллион доллар жұмсаған Navteq компаниясына хабарласып, технологиясын тегін алды. Уақыт өте келе Zip2 жобасы толыға түсті. Әкесі Эррол Маск баласына қиын сәтте қол ұшын созып, 28 мың доллар берді. Алғашқы үш айда Маск бауырымен бірге кеңседе тұрды. Одан кейін оңтүстіккореялық жас инженермен келісім жасасқан Маск оны Zip2-ге тағылымдамадан өтуге алып, ақысына жиһазсыз екі бөлмелі үйін жалға алды. Осылайша, ақпараттық дәуірге бет алған интернет-кәсіпорын 1995 жылдан бастап алғашқы қызметкерлерін жұмысқа ала бастады. Ең бірінші қызметкер – 20 жастағы Джефф Хейлмэн өмірде орнын табуды көздеп, басын тауға да, тасқа да соғып жүрген сәті еді. Теледидардан веб-мекенжайы көрсетілген кездейсоқ жарнама арқылы келген Хейлмэнге тағы бірнеше адам қосылды. Осы кездерді есіне алған Хейлмэн Масктің сол жылдарда кеңседен шыққанын мүлдем көрмегенін, таңертең жұмыс үстелінің жанындағы қапта ұйықтап жататынын айтады. Түрлі саудагерлер мен кәсіпкерлік нысандарының есігін қақса да кеңсеге құр қол оралатын Хейлмэннің айтуынша, сол кезде дүкен иелері әңгімелесуден бас тартып қана қоймай, интернетті алдамшы нәрсе ретінде қабылдаған көрінеді. Алғашқы қызметкерлердің бірі, бұрын жылжымайтын мүлік сату саласында жұмыс істеген Крейг Мор жарнама тартуға көп қаржы жұмсайтын автодилерлерді жағалауды қолай көреді. Оларды Zip2-нің сайты totalinfo.com-ге тіркелсе сұраныс көбейетініне сендіруге тырысады. Бірде Крейг 900 доллардың чегімен оралып, қолындағысын не істерін білмей тұрғанда компьютерден бас көтермейтін Маск те оған таңырқай бұрылды...
Енді құрылып жатқан, табысы жоқ дерлік кәсіпорын қызметкерлерін Масктің бағдарламаны үнемі жетілдіріп отыратыны қанаттандырды. Олар маркетингтің нешеме тәсілдерін де қарастырды. Әлеуетті инвесторлар үшін жеке компьютерге үлкен қаптама кигізіп, жылжымалы тұғырға қойып қойғанда шынымен де Zip2 суперкомпьютерге бағдарламалар жасап жатқан жатқандай көрінді. Венчурлік компания өкілдеріне жас жігіттің тастай бекінген болмысы ұнады. Бірте-бірте жігіттердің табанды жұмысы мен жан-жақты ізденісінің арқасына оларға қолдау көрсетушілер табыла бастады. Канадалық бизнесмен Грег Коури Торонтодағы осындай алғашқы таныстықтан соң-ақ үйінен 6 мың доллар алып шығып ұстатады. Ол 1996 жылы Калифорнияға келіп, Zip2 құрушыларының бірі, Маск пен Кимбалдың бизнестегі ұстазы іспетті болды. 2012 жылы 51 жасында жүрек талмасынан көз жұмды.
1996 жылы Zip2 үлкен өзгерістерге ұшырады. Оңтүстікафрикалық екі баланың интернеттік тіркеу жүйесін құруға талпынып жатқанын естіген Mohr Davidow Ventures инвестициялық компаниясы ағайындылармен кездесіп, нәтижесінде бизнеске 3 млн доллар құяды. Сол уақытта интернет кеңістігіндегі ең жақсы іздеу жүйесін құрған Маск осы жетістікті жалғастыра беруді көздейді. Сондай-ақ жаңа бастамаларға да ден қойып, басылымдардың жылжымайтын мүлік, автодилер мен тақырыптық хабарландырулар сияқты жеке каталогтарына арналған бағдарлама әзірлейді. Басылымдар кеш те болса интернеттің кәсіптеріне қаншалықты әсер ететінін түсінді, әрі Zip2 бағдарламалары оларға жаңа технологияны нөлден бастамай-ақ желіге жедел шығуларына мүмкіндік берді. Компанияның бизнес-моделі мен сипатындағы өзгеріс Масктің өмірінде де бетбұрысқа бастады. Венчурлік кәсіпкерлер Маскті технологиялар жөніндегі директор қылып қойды да, бас директорлыққа Рич Соркинді жалдады. Яғни Mohr Davidow сияқты айдаһармен жасасқан келісім Илонның аталған бизнеске ықпалын жоққа шығарды. Кәсіпорынға жаңадан келген бағдарламашылар өте тиімді жұмыс істейтін. Олар бағдарламаларды қайта жазып, жобаны жақсарта түсті. Zip2 кәсіпорнын құру мен оның өсуін бақылау Масктің өзіне сенімін арттырды. Сондай-ақ венчурлардың іс-қимылын жақтырмаған Маск пен қызметкерлер арасында кикілжің жиілей бастады. Соркиннің басшылығымен Zip2 қызметіне The New York Times, Knigt Ridder, Hearst Corp сияқты беделді басылымдар жазылды. Олардың кейбірі компанияны 50 млн долларға дейін қаржыландырды. Zip2 үшін «Біз баспасөзге бостандық бердік» деген сөз айналымға енді. Ал Маскке өзі жасаған өнімнің газеттердің тасасында қалғаны ұнамайтын.
1998 жылы компания негізгі бәсекелесі CitySearch-пен бірігіп, 300 млн долларлық келісім жасады. Алайда, бүкіл қалада каталогтары бар алып компаниямен бірігу сырт көзге жарасымды көрінгенімен, екі кәсіпорын арасында бір-бірін қайталамау үшін кей қызметкерлердің жұмыстан қуылуы, аудиттік тексерістер ақыры келісімнің бұзылуына алып келді. Бұл Zip2-ні қиын жағдайда қалдырды. Оның үстіне нарықта Microsoft-тың қалалық және автокөлік карталары бойынша стартаптары да жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп келе жатқан еді. Zip2 бәсекелестеріне жұтылып кету қаупі туды. Алайда 1999 жылы күтпеген жерден Compaq компьютер өндіруші компаниясы аталған жобаны 307 млн долларға сатып алды. Бұл кәсіпорын акционерлері үшін аспаннан алтын жауғаннан аз әсер еткен жоқ. Mohr Davidow алғашқы инвестициясын 20 есеге көбейтіп қайтарып алды. Ал аталған саудадан Маск 22 млн, Кимбал 15 млн долларға ие болды.
Zip2 жобасы зор сенім сыйлаған Маск бұдан кейін X.com атты жаңа стартап құруға кірісті. 27 жастағы миллионерге сол кезде Багам аралдарын сатып алудан гөрі жаңа компания құру әлдеқайда қызығырақ еді. Канададағы студенттік жылдарында іскер адамдармен кездесуді әдетке айналдырған ол сол кезде банк ісіне үңіліп көрген болатын. Өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген 1990 жылдардың басында банктің стратегиялық даму жөніндегі директорына жұмыс істеген Маск үшінші әлем елдерінің қарыз портфелімен танысқан-ды. Nova Scotia банкінің дамушы елдерге бағыттайтын қаржысы миллиардтаған долларды құрайтын. Осы жобаны зерттеу барысында түйген ойларымен банк ісіндегі бетбұрысқа баланатын жаңа қаржылық мүмкіндіктер туралы айтқанында, оны банк менеджерлері де, кейін Кремнийдегі стартапшылар да құлаққа ілмеді. Яғни Маск қаржы саласының онлайн-жүйеге ауыспасына болмайтынын сол тоқсаныншы жылдардың өзінде жақсы түсінді. Жинақтау, ағымдағы есепшот, брокерлік және сақтандыру қызметін көрсететін толық қаржылық онлайн-институт құру техникалық жағынан мүмкін болғанымен, оны нөлден бастап құру сияқты тозақы жұмыс оптимистердің өзіне күрделі, ал банкирлер сияқты есепқой жандар үшін тіпті қадам баспас шаруа болатын.
22 млн долларға ие болған Маск бір бөлмеден 167 шаршы метрлік жаңа қонысқа көшіп, 1 млн долларға McLaren F1 спорттық көлігі мен кішігірім ұшақ сатып алды. Бірден танымалдылыққа ие болған доткомдық миллионердің үйіне келген CNN тілшілері әлемде 62 данасы ғана бар көліктің жаңа иесін таныстырып жатты. Әлемдегі ең бай адамдардың бірі Ральф Лореннің өзі аса салтанатты жағдайда болмаса, міне қоймайтын көлікті Маск тепкілеп мінді десе де болғандай. Тіпті бірде инвестормен кездесуге бара жатқанында шамадан тыс жылдамдықпен жүргізген қымбат көліктің рөліне ие бола алмай аударып алды. Бір қызығы, көлік сақтандырылмаған да екен.
Маск өзін-өзі ақтауы күмәнді X.com-ға 12 млн долларын салды. Оны басқалардан ерекшелендіретіні де осы тәуекелшілдігі деуге болады. Сондай-ақ жаңа жобаға жұлдызды команда жинады. Бұрын SGI мен Zip2-де инженер болған, әріптестері еңбегін жоғары бағалайтын Хо, қаржы саласында білігі мол канадалық Харрис Фрикер мен Кристофер Пейн – құрылтайшылары, ал Маск ең ірі акционері атанды. Олар банк индустриясы уақыттан қалып қойды деп есептейтін. Яғни интернет дәуірінде банк бөлімшесіне бару, касса қызметкерімен сөйлесу ескіліктің сарқыты деген пікірде болды. Бірақ іс жүзінде жұмысты жүргізу қиынға соқты. Маск саладан хабардар болуы үшін қаржы жүйесіне арналған еңбектерді оқи бастады. Құрылтайшылар өз жоспарларын іске қосты. Интернет-банкті блоктауға байланысты құқықтық-нормативтік мәселелер шықты. Осының бәрі бағынбас белестей көрінді. Арада 4-5 ай өткенімен, іс алға жылжыған жоқ. Ал баспасөз Маскті жақсы көретін. Бұл Фрикерге ұнамады. Осылайша, ішкі кикілжіңдер пайда болды да, көп ұзамай Фрикер, оның соңынан Хо да бөлек кетті. Маск компания атауымен және бірқатар қызметкерлермен ғана қалды. Дегенмен, біртіндеп қызметкерлер қатары артып, нақты жұмыстың беті көріне бастады.
1999 жылдың қараша айында Х.com бағдарламашылары әлемдегі ең алғашқылардың бірі болып сақтандыру есепшоты бар интернет-банкті құрды. Маск өз қалтасынан жаңа жобаны тестілеуден өткізу үшін бағдарлама жасаушыларға 100 мың доллардан берді. Клиенттер банк карточкасын тіркегені үшін 20 доллардан, ал әр тартқан адамы үшін 10 доллардан алып отырды. Маск адамдарға ұнай бермейтін лимиттің көтерілуіне байланысты айыппұл санкциялары мен басқа да ұсақ-түйектерге нүкте қойды. Банкирлер күле қараған бұл электронды жоба іске қосылған бастапқы екі айда 200 мың тұтынушы жинады. 10 млн-нан астам доллар жарнама компанияларына, хакерлермен күреске жұмсалды. Қызметкерлері тәулігіне 20 сағаттан жұмыс істесе, Масктің өзі ұйқыға бір сағат қана арнайтын компания кейін бәсекелесі Confinity-мен қосылғаннан кейін демеушілерінен 100 млн доллар қаржы алып, тұтынушыларының саны 1 млн-нан асып жығылды. Бірте-бірте PayPal атты электронды поштаның атымен атала бастаған кәсіпорындағы клиенттер базасының артуы, техникалық қиындықтардың тууы, жаңа стартап бәсекелестердің шығуы, басқа да проблемалар компания басшыларының Маскті іс басынан шеттетуімен тынды.
Маск 2000 жылы Джастинге үйленіп, бал айын қыркүйекке қалдырған болатын. Олар Сиднейге сапар шегіп, бір жағынан инвестиция тартуды, екіншіден Олимпиада ойындарын көріп қайтуды жоспарлаған еді. Алайда ұшаққа мінісімен компания басшылығы сенімсіздік білдірген хат жолдап, орнына сonfinity-лік Питер Тильді директорлыққа тағайындайды. 2001 жылы Масктің ықпалы әлсіреп, Тиль X.com мен PayPal-ға ребрендинг жасайды. Алайда бәріне төзімділік танытқан Маск кеңесші ретіндегі қызметі мен инвестициялауын үздіксіз жалғастыра берді. Десе де бірнеше айдан кейін доткомдық авантюра шегіне жетіп, барлығы табыстарын бөлісуге ұмтылады. Маск 2002 жылы басқарма мүшелерімен бірге PayPal үшін 1,5 млрд доллар ұсынған eBay компаниясы басшыларының ұсынысын қабыл алып, өзі аталған келісімнен таза 250 млн доллар табыс табады. Бұл Масктің ең ауқымды жобаларын жүзеге асыруға тамаша мүмкіндік сыйлады.
PayPal – Кремний тарихындағы бизнес пен талантты инженерлерді біріктірудің жарқын үлгісі болды. Маск те, Тиль де өте дарынды жастарды іздеп тауып, қатарларына қосты. Олардың арасында кейін YouTube, Linkeldin, Yelp сияқты түрлі стартаптардың негізін салушылар да бар еді. Сондай-ақ PayPal мектебінен өткен Рейд Хофман, Тиль, Бота сияқты менеджерлер технология индустриясының инвесторларына айналды. ЦРУ мен ФБР террористердің ізіне түсуде, ал әлемдік ірі банктер көлеңкелі қылмысты ашуда пайдаланатын онлайн-алаяқтармен күресу әдістерін алғашқылардың бірі болып PayPal қызметкерлері жолға қойды.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
(Жалғасы бар)