Біз инновациялық технологиялар дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Бүгінде жүрекке жасалатын манипуляциялар, ағза алмастыру секілді аса күрделі оталар күнделікті орындалады. Осылайша отандық медицина мамандары Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуі жолында үнемі дәрігерлік дағдыларын жетілдіріп келеді. Осы орайда еліміздің денсаулық сақтау саласын 12 жылға жуық басқарған, әлемдік денсаулық сақтау саласына көрнекті үлес қосқаны үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ең жоғары Леон Бернар атындағы сыйлығын иеленген белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Төрегелді ШАРМАНОВПЕН әңгімелескен едік.
– Төрегелді Шарманұлы, бүгінгі дәуірдің биік жемістерінің сырын өткен ғасырдың жеңістерінен іздегеніміз де абзал. Жаңа ұрпақтың өткеннің өнегесінен сабақ алуы мақсатында әңгімемізді денсаулық сақтау саласында өткен ғасырда орын алған айтулы оқиғадан бастасақ?
– Иә, қазіргі әлемдік медицина мен денсаулық сақтау саласының өркендеуіне, дамуына Қазақстан тарапынан да зор үлес қосылғаны айқын. 1978 жылы еліміздің сол кездегі астанасы – Алматы қаласында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алғашқы санитарлық-медициналық жәрдем бойынша халықаралық конференциясы өтті. Қазақстаннан, оның астанасы Алматыдан тараған салтанатты хабар дүние жүзіндегі теледидар мен баспа беттерінен жарық көрді. Денсаулық сақтаудың осы халықаралық форумы еліміздің даңқын барша әлемге асқақтатқан еді.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жетекшілері сіздің есіміңізді әрдайым Алматы конференциясымен бірге атайды және оның басты ұйымдастырушысы санайды...
– Мен ҚазКСР Денсаулық сақтау министрі ретінде осы халықаралық дәрежедегі форумның елімізде өтуі үшін бар ынта-жігерімді салып, кіріскен едім. Бастапқыда бұл биік мәртебе сол кезде «Шығыс інжуі» атанған Ташкент қаласына бұйырғандай еді. Қазақстан компартиясы Орталық Комитетіне біздің де қатысуымыз туралы ұсыныс жасадым. Осылайша, Орталық Комитеттің қолдауымен Мәскеуге хат жолдауымның арқасында конференцияны ұйымдастыруды әділетті түрде жеңіп алу үшін өткізілетін сайысқа Алматы да қатысатын болды. Ташкент, Новосібір, Баку, Тбилиси және Алматы – осы бес қала конференцияны өткізу үшін үміткер атандық. Әр қалаға екі күндей уақыт берілді. Қысқа мерзім ішінде республиканың денсаулық сақтау саласының жетістіктерін, барша мүмкіндігімізді жан-жақты танытып, көрсете білу қажет болды. Күреске бар күшімізді, іскерлігімізді жұмылдырып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» орасан дайындықтың арқасында қызу бәсекелестіктен үздік шықтық. Сөйтіп арнайы құрылған халықаралық комиссияның бірауыздан мақұлдауына ие болып, конференцияны өткізу мәртебесін жеңіп алған едік. Бұл әрине, бақытты шақ болатын. Бірақ орасан жауапкершілікті мойнымызға алғандығымыз да айқын еді. Осылайша аса жауапты тарихи кезеңдегі оқиғалар тізбегінің арнасын бұрып, арнайы халықаралық комиссияның құрылуына себепші болдық. Яғни бастапқыда КОКП Орталық Комитетінің шешімімен Ташкенттің маңдайына бұйырған мәртебелі халықаралық форумды Алматыда өткізу құқығын жеңіп алғанымыз үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшылары мені Алматы конференциясының басты ұйымдастырушысы санайды. Ал мен өзімді әрдайым қатардағы ұйымдастырушы ретінде атап келемін.
– ХХ ғасырдағы денсаулық сақтау саласының айтулы оқиғасы болған Алматы конференциясының адамзатқа берген басты нәтижесі қандай?
– Конференцияда қабылданған Алматы декларациясы кейін Денсаулық сақтаудың ұлы хартиясы атанды. Бұл декларацияның басты мәні – адамзат тарихында тұңғыш рет адамның денсаулыққа құқығы барлық мемлекеттермен шартсыз мойындалды және денсаулық адамзаттың басты құндылығы ретінде танылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтаудың Алматы декларациясын қабылдаудың нәтижесінде адамзат денсаулық сақтау саласында бұрынғы бүкіл тарихына қарағанда зор жетістіктерге қол жеткізді. Декларацияның идеялары мен ұстанымдары көптеген елде іске асырылды. Мемлекеттердің денсаулық сақтау жүйесінің негізін құрап, миллиардтаған халыққа денсаулығын жақсарту үшін өмір жасының ұзақтығын арттыруға шынайы мүмкіндіктер берді. Мысалы, Бразилия конституциясына азаматтардың кепілді медициналық көмек алуы туралы Алматы декларациясы айдарымен арнайы бап енгізілді. Біріккен Ұлттар Ұйымы өзінің Мыңжылдық декларациясында адамзат дамуының он басымдығының алтауын денсаулық сақтау саласы ісіне арнады. Сол кезде конференция қатысушыларының бірі «Конференция әлем жүйкесінің орталығына қозғау салды» деді. Осылайша әлемдік денсаулық сақтау саласы Алматыда өзінің жаңа дәуіріне қадам басты. Алматы әлемдік денсаулық сақтау саласының «Меккесіне» айналды. Жылжып өткен уақытпен бірге барша әлем ұдайы өзгеріс үстінде, қоғамда формациялар ауысуда, адамның прогрессивті дамуы жалғасуда. Бірақ Денсаулық сақтаудың ұлы хартиясы атанған Алматы декларациясы ұстанымдарының өзектілігі мен мәні сақталып қалды.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтаудың Алматы декларациясының қабылдануына биыл 40 жыл толады екен. Осыған орай елімізде қандай іс-шаралар өткізілмек?
– Декларацияның идеологиясы мен ұстанымдары елімізде қолдау тауып, жылдар бойы өміршеңдігін сақтап келеді. Бүгінгі таңда Қазақстанда медициналық-санитарлық алғашқы жәрдем жүйесінің атқаратын рөлі орасан. Себебі қазір ақпараттанған профилактикалық медицина заманы. Медицина ғылымы мен тәжірибесінің озық дамуымен қатар халықтың басым көпшілігі аурулардың алдын алу тәсілдерінен хабардарлығын ұдайы арттыруда. Әңгіменің басында айтылғандай, еліміздегі денсаулық сақтау жүйесі заманауи сұраныстарға сәйкес үздіксіз даму үстінде.
Қазіргі заманауи денсаулық сақтау саласының тың тренді – экожүйелік қызмет көрсету негізінде халықтың денсаулық сақтау мәселелері бойынша хабардарлығын арттыру. Адамдардың медициналық жәрдем алу үшін қашан және қайда бару қажеттігі туралы толық түсінігі болуы тиіс. Мысалы, елімізде осы кезеңге дейін жедел жәрдемге көп шығын бөлініп келді. Бүгінде елімізде шұғыл жәрдем көрсету түрлері науқастардың денсаулығы жағдайының ауырлығына қарай санаттарға бөлінген және емхана, аурухана жағдайында да жедел жәрдем түрлері көрсетіледі. Бұл бір жағынан халықтың денсаулығын қорғауда ұтымды. Екінші жағынан мемлекеттің де қорын үнемдеуде тиімді шара.
Алматы декларациясының қабылдануына 40 жыл толуына байланысты биыл 25-26 қазанда елімізде Жаһандық конференция өткізу жоспарлануда. Конференцияға дүние жүзі мемлекеттерінің басшылары, денсаулық сақтау министрлері, әлемдік денсаулық сақтау қоғамдастығының өкілдері қатысады. Жақында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы басшылығы еліміздің Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов бастаған ұйыммен бірге осы халықаралық форумды ұйымдастыру мәселесін талқылады. Халықаралық Алматы конференциясының Отанында жалғасын табуы – еліміздің денсаулық сақтау саласының қазіргі кезеңдегі мәртебелі, жауапты істерінің қатарында. Министрлік сайтында Жаһандық конференцияның ұйымдастыру мәселелеріне қосымша бет арналған. Бүгінде конференцияның бағдарламасы, тұжырымдамасы мен материалдары әзірлену үстінде.
– Төрегелді Шарманұлы, сеңгірлі сексен сегізге аяқ басқалы тұрған аса қадірменді шағыңызда болсаңыз да, бүкіл саналы ғұмырыңызды арнаған тағамтану саласында жаңалықтар ашудан шаршамай келе жатқандығыңыз баршаға белгілі.
– Ұзақ жасаушылардың ғылымға қосқан үлесі зор. Белгілі физик Йоффе сексенінде жаңа институттар ашты. Жас ұлғая келе ғалымдардың тәжірибесі шыңдалып, ойлары жинақтала түседі. Ғылыми ізденістерімнің бағыты тағамтану болғандықтан, мені тағам саласының қауіпсіздігі мен сапасы үнемі толғандырады. Дүние жүзіндегі өлім-жітімнің 60 пайызы дұрыс тамақтанбауға байланысты екендігі анықталды. Тағамтану ғылымы саламатты тағам өнімдерін ғылыми-теориялық тұрғыдан зерттейді. Бірақ әлемде нағыз саламатты саналатын өнім аз. Себебі өнімдердің құрамында зиянды қоспалар көп. Мысалы, түрлі жасанды бояғыштар, сақтауыштар, қант, трансмай қышқылдары, басқа да заттар бар. Сондықтан қазіргі таңда Қазақ тағамтану академиясы теориялық ұстанымдарын тәжірибелік тұрғыдан дәлелдеу үшін, сондай-ақ саламатты тағам өнімдерінің санын көбейту мақсатында бие сүті негізіндегі, құрамында зиянды қоспалары жоқ, тарихтағы тұңғыш саламатты жаңа өнімдерді әзірлеп, халықтың тұтынуына ұсынуда. Мысалы, бие сүті негізіндегі йогурттар, сүзбелер, балмұздақ, шоколадтарды айтуға болады.
– Әлемде сүт өнімдері тонналап шығарылады ғой. Өнімдеріңіздің одан айырмашылығы қандай?
– Биыл елімізде шығарылатын өнімдерде жоғарыда аталған зиянды трансмай қышқылдарының мөлшері көрсетілуі заңды түрде ресімделетін болды. Өкінішке қарай, қазір өнеркәсіптік өңделген өнімдер заманы. Осының салдарынан көптеген өнімдерде трансмай қышқылдары анықталған. Дүние жүзі компаниялары шығаратын сүт өнімдерінің құрамында қант бар. Қант – өте зиянды және уытты заттекке жатады, оны мөлшеріне қарамастан тұтыну қант диабетіне, заттек алмасу ауруына, жүрек-қан тамыры ауруларының дамуына апарады. Тағамтану ғалымы Аткинс айтқандай, «Қант тап-таза, аппақ, өлімге апаратын зат». Мен оны «ақ өлім» деп атаймын. Сондықтан сіз айтқан мыңдаған компаниялар шығаратын өнімнің көпшілігін саламатты тағам қатарына жатқызуға болмайды. Себебі бәрінің дерлік құрамына қант қосылған.
Ғылымда ешкімнің зерттеулерін қайталаған емеспін. Халық денсаулығына ерекше пайдалы өнімдер топтамасын ұсынып отырмыз. Бие сүті негізінде әзірлеген өнімдеріміздің құрамында қант немесе басқа зиянды қоспалар жоқ. Бұл әлемде алғаш рет әзірленген, денсаулықты нығайтуға бағытталған, таңдаулы саламатты өнімдер. Әр адам үшін басты байлық денсаулық екендігі сөзсіз. Сондықтан таразы уақыттың өзі жаңалығымыздың жағымды жақтарын дәлелдеп, өнімдеріміздің халықтың жаппай тұтынысында лайықты орын табатындығына сенімдімін. Біз соңғы уақытта тың тәжірибелік мақсатта және жаппай сұранысты ескерумен сиыр сүтінен жасалған йогурт, басқа да тағамдардың жаңа тізбегін қант қоспай шығара бастадық. Бұрынғы тарихында қазақтар және басқа да халықтар айранды, сүзбені және басқа өнімдерді қант қоспай әзірлеген ғой. Қант – ХХ ғасыр өнеркәсібінің жасанды туындысы және адамдардың сезім рецепторларын жаулап алған. Сондықтан біз дәмді және тәтті деген ұғымдарды ажырата алмайтын болғанбыз. Ал шынтуайтына келгенде, көптеген өнімдердің табиғи дәмінің өзі ұнамды келеді және денсаулық үшін пайдалы.
– Бүгінгі таңда көптеген компаниялардың қызметкерлеріне жалақыны уақтылы төлемеу, тіпті қаражат таба алмай тарап кетуі секілді шиеленісті мәселелер орын алуда. Сіз басқаратын 80 адамнан астам ұжымы бар Қазақ тағамтану академиясында, оның қосымша ұйымдарында осындай қиыншылықтар кездесе ме?
– Жоқ, мұндай қиыншылықтарға біз жол бермеуге тырысамыз. Себебі біздің басқару менеджментіміз шаруашылық есепті қолдайды. Яғни көрсеткен қызметіміз бен шығаратын өнімдерімізден түсетін қаржының есебінен түрлі шығындарымызды, оның ішінде, қызметкерлердің жалақысына да қатысты шығындарды әрдайым уақтылы өтеп отырамыз.
Әңгімелескен
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»