Қазақстан • 17 Сәуір, 2018

Скандинавиялық жүріс. Елімізде Паркинсон дертіне шалдыққан 25 мың науқас бар

588 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздің екі бірдей ірі қаласында – Астана мен Алматыда Дүние­жүзілік паркинсон ауруымен күресу күніне орай «Пар­кинсон ауруын скандинавиялық жүріс көмегімен жеңеміз – екі астананың марафоны» атты қайырымдылық науқаны өтті. 

Скандинавиялық жүріс. Елімізде Паркинсон дертіне шалдыққан 25 мың науқас бар

Ал Паркинсон ауруы 65 жас­тан асқан егде жастағы азамат­тар­дың 1-3% пайызын­да кездеседі және өте кең таралған, Альцгеймерден кейін екінші орында тұрған нейродегенеративтік ауру болып табылады. Бұл ауруға 80 жастан асқан қарттардың 3-4 пайы­зы шалдығады. Қазіргі таңда бү­кіл әлемде Паркинсон ауруы­на ұшыраған 5-6 миллионға жуық адам бар. АҚШ-тың өзінде жыл сайын 50-60 мың адамға осы диаг­­ноз қойылады.

Қазақстанда Паркинсон дер­ті­мен ауыратын азаматтар 25 мыңға жеткен. Жыл сайын бұл көрсеткіш 2500 адамға өсіп отырады.

Паркинсон ауруының басты белгісі – дофамин деп аталатын затты түзетін қара субстанция ор­наласқан орта мидағы жүйке жасушалары бірте-бірте өледі. Дофамин жетіспеген кезде адам­ның қимыл-қозғалысында қол-аяқтың дірілдеуі, бұлшық ет­тің құрысып қалуы, қимылдың баяулауы, денені ұстай алмай құлап қалу секілді осы ауруға тән қиындықтар туындайды.

Бұл дерт бірте-бірте асқынып, басқа ауру сияқты болып көріне­тін­дік­тен, нақты диагноз қоюға ұзақ уақыт кетіп қалуы мүмкін. Ал көптеген адам бұл аурудың алғашқы белгілерін қартаюдан болатын қалыпты нәрсе деп түсі­не­ді.

Паркинсонға шалдыққан нау­қас­тарда өмір сүру сапасы кенеттен төмендеп, медициналық, әлеуметтік мәселелер пайда болады, еңбек қабілетінен айырылады. Адам өз бетінше өмір сүру қабілетінен айырылатындықтан, Паркинсон ауруы қоғамдық мә­селе болып табылады. Паркин­сон ауруының әлеуметтік-эко­но­микалық салдары таяу келешекте онкологиялық және жү­рек-қан тамыры ауруларымен қатар алғашқы орынға шығуы мүм­кін.

­Сонымен жоғарыдағы игі бас­тама аясында «Қимыл-қоз­ғалыстағы бұзылыстар қоғамы – Еуразия» мен «Скандинавиялық жүріс мектебі – Еуразия» мамандары Паркинсонға шалдыққандар үшін скандинавиялық жүрісті үйретудің тегін дәрістерін өткіз­ді. Бұл сабақтар Паркинсон ауруы­ның ерекшеліктерін ескере отырып дайындалған.

Nordic walking деп аталатын скан­динавиялық жүріс соңғы 20 жыл­да әлемдегі миллиондаған дерт­ті жанға денсаулықтарын тү­зеу­ге көмектескен. Мұндай сабақ­тар кезінде бүкіл денедегі бұл­шық еттердің 90 пайызы жан-жақты жаттығады. Кәдімгі жүріспен салыстырғанда калория 45 пайызға көбірек жағылады. Әрі­ аяқтың буындары мен омырт­қаға түсетін салмақ 30 па­йыз­ға төмендейді. Қолдың икемі жақ­сара түседі. Мидың екі жарты шары ерекше белсенділік танытады. Ағзаға түсетін оттегі мөлшері 30 пайызға көбейеді. Қуаныш гормоны – эндорфин синтезі артады.

Қысқасы, екі астананы қам­тыған іс-шарада алдымен Пар­кин­сон дертіне шалдыққан 50 нау­қас скандинавиялық жүрісті үй­ренуі үшін арнайы сыйланған таяқ­тарға ие болды. Тәжірибелі жат­тықтырушылар мұндай әдіс­тің пайдасы жөнінде кеңінен әң­гі­мелеп, осы жүрістің техникасын көрсетіп берді. Ал дәрігерлер сабақ барысын бақылап отырды.

Пайдалы акция Астана және Алматы қалалары әкімдіктерінің және бас неврологтерінің, сон­дай-ақ Қазақстан неврологтер ли­гасының және Ұлттық нейрохирургия орталығының жан-жақты қол­дауымен өткізілді.

Бұл бастама елімізде Паркин­сон ауруына жұртшылық­тың на­зарын аударту, науқастар мен олардың отбасына медицина­лық, әлеуметтік қолдау көрсе­ту,­ қимыл-қозғалыстағы бұзылыс­тар­ды емдеуге және алдын алуға ар­налған дәлелденген әрі тиімді әдіс ретінде скандинавиялық жү­ріс­ті кеңінен насихаттауды көз­дейді.

Елімізде Паркинсон ауруын ней­рохирургиялық жолмен емдеуге арналған бағдарламаның жұ­мыс істеп жатқанына 5 жыл болды. Мемлекеттік қолдау ар­қа­сында қимыл-қозғалысты ем­деуге арналған заманауи жо­ғары технологиялық әдістерге елі­міз­­дің азаматтары қол жеткізіп отыр. Сонымен бірге қимыл-қоз­­ғалыстағы бұзылыстарды са­па­лы түрде диагностикалау­ және консервативтік терапия­ны қолдану мәселесі өзекті­лігін жоғалтқан жоқ. Бұл мақ­сат­­та оқыту іс-шаралары, бі­лім беру курстары, кездесулер­ мен науқандар өткізіліп отырады. Таяу уақыттан бері «Қи­­мыл­-қозғалыстағы бұзылыс­тар қоғамы – Еуразия» кәсі­би қоғамдық бірлестігі ұйымдас­тырылды. Ұйымның басты мін­деттерінің бірі – Паркинсон ауруы­на және қимыл-қозғалыс­та­ғы бұзылыстарға қатысты ақ­парат­тық саясатты жүргізу.

Ал Паркинсон ауруы мықты­ларды да айналып өтпеген. Олар­­дың арасында Рим Папасы Иоанн Павел II, Мұхаммед Әли, Майкл Джей Фокс, Мао Цзэдун, Саль­вадор Дали, Билл Гейтс сынды заманымыздағы ұлы тұлғалар да бар.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ