Қазақстан • 17 Сәуір, 2018

Құмдағы «женьшень»

2822 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мойынқұмда іссапарда жүр­ген­біз. Келген шаруамыз 1962 жылғы Кариб дағдарысы ке­зінде кеңес әскерлерінің құрамында осы өңір­ден барған қазақ жауын­гер­лерінің кейінгі тағ­ды­рын білу еді. 

Құмдағы «женьшень»

Іздес­тіріп, сұрастыру бары­сында сондай үш адам­ды таптық та. Олар­дың өздерімен жә­не ұр­пақ­тарымен әң­гі­ме­ле­сіп, қонақ­үй­ге қай­тып ке­ле жатқанымызда, ауыл­­дық арда­герлер ке­ңе­сінің төрағасы Мұ­қан Са­быров мынадай қызық тақырыптың ше­тін шығарды.

– Осы жерде Серғазы Қылыш­баев­ деген азамат бар, – деп бас­та­ды әңгімесін жолбасшымыз. – Ма­ман­дығы фармацевт ол Мойынқұм да­ласындағы цистанхе деген өсім­діктің дәрілік қасиетін байқап, арнайы цех ашқан. Беталысы жаман емес. Кәсіпкерлердің өңірлік, аймақтық көрмелеріне қатысып, жақсы бағаға ие болып жүр.

– Патенті бар ма?

– Иә. Барып көргіңіз келсе, жүріңіз. Апарайын. Кеңсесі әне, анау мүйісте тұр.

...Біз келгенде кәсіпкер компьютер­ге үңіліп, әлденені асығыс іздестіру үс­­тінде екен. Шаруамыздың жайынан хабардар болған соң жұмысын до­ғарып, аулаға алып шықты. Бұл оның шикізатты елден қабылдап алып, жуып, кептіріп, сақтайтын ашық және жабық қойма кешені болып шық­ты. Оны көріп болған соң іргелес ғи­ма­рат ішіне кірдік. Мұнда тазартудан толық өтіп, әбден іріктелген цистанхе өсім­дігі тамырларын уататын аппарат тұр. Осыдан кейін барып ұсақталып, үгі­тілген шикізат торкөз елеуіші бар ста­нокқа жалғасатын болып шықты. Осы үдерістен соң ұн секілді майда өнім 100 грамдық стандарт пакеттерге қапталып, конвейермен арнаулы картон жәшіктерге барып түседі екен.

– Көріп тұрсыздар, менің шаруа­шы­лық цехым міне, осы, – деді Сер­ғазы бізді бөлмесіне қайта ер­тіп келе жатып. – Ал мұнымен шұғылдануыма не нәрсе әсер етті дейсіздер ғой. Енді соны айтайын. Бала кезімізде үлкен кі­сілер осы өңірдегі сексеуілдердің ара­сындағы құмда «қасқыр жем» деген өсімдіктің бар екенін сөз ететін. Көк­темде тез бой көтеріп, ал жаз шыға бере сабағы қурап қалатын оған тас­бақа мен кірпі және қасқыр, қарсақ қат­ты үйір екен. Ауыл адамдарының ай­туынша түз тағылары аталмыш өсім­діктің тамырын қазып, кеміретін көрінеді.

Аудан орталығындағы мектепті бітірген соң С.Асфендияров атында­ғы Алматы мемлекеттік медицина­ универ­ситетіне оқуға түстім. Фарма­цевт мамандығын алып, көп жылдар сондағы аптека жүйесінде қыз­мет еттім. Осы салада жүріп байқа­ғаным, шетелдік мықты деген дәрі-дәр­мектердің бәрінің өсімдіктер ши­кі­затына тікелей тәуелді екендігі еді. Сол сәтте көз алдыма Мойынқұм да­ла­­сының тұмса табиғаты елестемесі бар­ ма?! Онда не жоқ дейсіз, бәрі бар ғой. Мәселен жоғарыда өзіміз сөз еткен­ «қасқыр жем» өсімдігі...

2010 жылы ауылға демалысқа кел­генімде аталмыш табиғат сыйын барып көруге бел байладым. Ғажабы сол, оның жер бетіндегі діңінің биік­тігі 40-50 сантиметрден аспайды екен де, құм астындағы тамырының ұзын­дығы 1,2 метрге дейін баратын болып шықты. Өсімдіктің жерге жақын жердегі жапырақтарында құ­мырсқа, шыбын-шіркей өріп жүр. Де­мек сөлдің, тіршілік иелеріне қажет дә­ру­меннің болғаны ғой! Осыны кө­ріп, байқағаннан кейін өңірдегі қарт­тардан цистанхе – «қасқыр жемнің» мән-жайын анықтауға көштім. Сөйт­сем оның шын атауы сұңғыла екен. Оны айтқан мойынқұмдық агроном Тұрсынбек Ай­дынбеков еді.

Осылай деген Серғазы сәл үнсіз қал­ды да іле әңгімесін қайта жалғады. Оның сөзінен аңғарғанымыз, цистанхе, яғни, сұңғыланың тамыры өзінің ем­дік қасиетімен шығыс медицинасында ертеден бері белгілі екен. Атап айтқанда ол сол заманда-ақ адам­дардың бүйрегі мен қуығына суық тигенде пайдаланылып отырыпты. Сөйтіп қазіргі медицина тілімен айтқанда емшілер мұны цистит және пе­лионефритке қарсы қолданған. Бүгінгі фармацевтика ғылымы бұл өсім­діктің тамырынан жасалған пре­параттардың антиоксигентті бел­сенділігі өте жоғары екендігін айта­ды. Бұл миды, сондай-ақ денені қи­мыл-қозғалысқа келтіретін жүйке жүйе­сін барлық зиянды факторлардан қорғайды деген сөз. Себебі цис­танхенің құрамында жоғарыдағы сөз еткендерімізден басқа көптеген бел­сенді заттардың жиынтығы бар. Ол осы ерекшеліктерінің арқасында кең ауқымды фармакологиялық спектрге ие. Нақ осындай себептерге байла­нысты әлемде өсімдік шикізаты не­гізінде дәрі-дәрмек препараттарын өн­діруде жетекші рөл атқаратын Қытай мемлекеті оны қандай жолмен болса да алуға өте-мөте мүдделілік танытып отыр­ған жайы бар.

– Мен цистанхенің осы қасиеттерін көп­теген ғылыми еңбектерден оқып біліп, Мойынқұм даласында біраз зерт­теу жұмыстарын жүргіздім, – деді Сер­ғазы. – Содан соң Алматыдағы өзім фармацевт болып істеп жүрген қыз­метімді тастап, осы жұмыспен нақ­ты айналысу үшін ауылға көшіп кел­дім. Сөйттім де аудан орталығынан жер телімін алып, өздеріңіз көріп отыр­ған мына цех ғимараты мен қой­маны салуға кірістім. Мақсатым – шөл даланың өзіміз сөз етіп отырған шөбі – цистанхе негізінде фитошай өндіру болды. Осы оймен 2013 жы­лы әзірлеген жобам кәсіпкерлікті де­меу жөніндегі «Даму» қоры тарапынан қолдау таппасы бар ма?! 3 миллион теңге көлеміндегі сол грант қаржысына өсімдік тамырын ұн­тақтайтын аппарат пен өнімді фильтр пакетке салатын жабдық са­тып алдым. Соның нәтижесінде көп­тен күткен төл тауарымның тұң­ғыш партиясын шығаруға қол жет­кіздім. Ал 2014 жылы бизнесті дамытудың қосымша көзі ретінде жоғарыдағыдай мөлшердегі несиені «Ең­бекпен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша алдым. Ол қаржы маған ауладағы бұрын қолға алып бітпей тұрған жерас­ты кәрізі мен сорап және шикізатты тазалап, кептіретін алаңды аяқтауыма көп көмек берді.

Серғазының әңгімесіне қарағанда оның шығарған «Сұңғыла» фитошайы бастапқы кезде онша көп сұранысқа ие бола алмаған. Жұрт жаңа тауарға сенбестікпен қарапты. Бірақ уақыт өте келе кәсіпкердің өз кеңсе ауласына жанашыр қауымды жиып, өнімді насихаттайтын тұсаукесер өткізуі, аудандық газеттегі: «Бұл бүйрек пен несеп жолдары жұмысын жақсартады. Артериалды қан айналымын қалыпқа келтіріп, қанның құрамындағы қант мөлшерін төмендетеді, буын ауруларын бәсеңдетуге көмектеседі», – деген жарнама жолдарын оқығаннан кейін жергілікті тұрғындардың фитошайды сатып алып, жақсы пікір білдіруі оның жолын ашады. Сөз орайында «Сұң­ғыланың» елге жақсы танылуына Серғазы Қылышбаевтың 2016 жылғы «Қазақстанның үздік тауарлары» аймақтық конкурсы көрмесіне қатысуы айтарлықтай серпін беріпті. Сонда Мойынқұмда өндіріліп, әдемі дизайны бар қораптарға салынған 2 грамдық фильтр қалта мен 100 грамдық пакеттегі фитошай келушілерге қатты ұнаған. Қонақтардың көпшілігі сонда оны асқан құштарлықпен сатып алып, үйлерінде 1-2 ай пайдаланған соң оның өзіндік әсер ету күшіне тәнті болады. Сөйтеді де өз өңірлерінен алғыс айтқан хаттар жолдап, оны қалай сатып алудың жолдарын сұрайды. Сөзімсіз құрғақ болмас үшін кәсіпкердің сайтында тұрған сондай пікірлердің кейбіреуін оқырмандар назарына ұсынайық.

«Серғазы, – депті Олег Фессель деген тұтынушы өзінің хатында. – Сіздің мен сұратқан өніміңізден әлі бар ма? Ай­тайын дегенім, сізді мазаламай-ақ, оны өз өңіріміздегі салалық аптекалардан сатып алсам деп едім. Оны Ресей аумағының қай жерінен табуға болады?». Көрші ел азаматы осылай десе, өз отандасымыз Бақыт Кәрібоз: «Ең бастысы бұл иммунитетті кү­шейтеді. Сондықтан да мен оны кәдімгі шай орнына ішемін», – депті. Ал, Махамбет Құрыш атты Астана тұр­ғыны болса: «1,5 литрлік әйнек банкі­дегі қайнаған суға 2 ас қасық фи­тоөнімді шай секілді шығарып, оған аздап бал қосып ішіп көріп едім, денемді сергітті. Үш ай сусын орнына пайдаланғанымда, бүйрегімнің күн бұлыңғыр тартқанда сыздайтын ауруы басылды», – деген пікірін біл­діріпті.

– Өзің айтып отырған сұңғыла Мойынқұм даласында соншалықты көп пе? – дедім мен келесі кезекте кейіпкерімізден. – Мұны сұрап отыр­ғаным көктемде жинағанда сіздер оны түп-тамырымен қопарып, тұтастай қа­зып алады екенсіздер. Осылай бола берсе ол кейін бұл өңірден жойылып кет­пей ме?

– Жоқ, – деді әңгіме иесі. – Бұл – жа­байы өсімдік. Болмысы мен бітімі бе­рік арамшөп. Қазылған жерде тара­мыстай жұқанасы қалса болды, жер бетіне қайтадан тырмысып шыға ке­леді. Былайша айтқанда жаны сірі. Олай болатыны басқа өсімдіктердің өсіп-өнуіне өте қажет алғышарт – фо­тосинтез құрылымы мұнда жоқ. Сон­дықтан да сұңғыла жер астынан өзі нәр алатын серіктес іздейді. Та­мырының ұзын болатын себебі сол. Ақы­ры ондай демеушіге инстинкті түр­де қол жеткізген соң, ол соған арқа сүйейді де «уайым-қайғысыз» өсіп-өне береді. Ал оның сондағы сүйеніші не дейсіздер ғой. Сексеуіл мен жүзген. Ол осылармен «тіл табысып», өзіне қажетті су, басқа да нәрлі дүниелерді солардың бойынан тартып алады да отырады.

– Түсінікті. Енді мынаны айтыңыз­шы. Сұңғыланы қай уақытта жинап, дайындайсыздар? Сіздің цехтағы жұмыс ырғағының тоқтамауы үшін жаз­дың соңы мен күз, қыс маусымдарына қанша килограмм немесе центнер тамыр қажет?

– Цистанхеге жорық әдетте көк­тем­де, яғни сәуірдің ортасында, ол гүлдеп жатқан кездегі 10-15 күн ішінде жүргізіледі. Сексеуіл то­ғай­­лары арасындағы құм­­нан қазып әкеліп тапсыратындар­ – ауыл адамдары. Олардан сатып алынған ши­кізаттың артық-кемі кесі­ліп-жонылып өңдеуден өткеннен кейін мына ауладағы әк төселген ашық алаңға жаймаланып қойылады. Әк шыбын-шір­кей мен құрт-құмырсқа жоламас үшін қажет. Содан соң осында та­мыр­ларды тазалап жуып, кептіру жүр­гізіледі. Осы термоөңдеудің бәрі атқарылып болғанда, шикізаттың сал­мағы мен көлемі айтарлықтай азаяды. Егер мен орта есеппен бір маусымда 4,5 тонна сұңғыла жинайтын болсам, содан «құрғатылған қалыпта» ол шамамен 700-800 килограмға азаяды. Содан қалғаны маған жеткілікті.

Әңгіме аяқталуға жақындап келе жат­ты. Сол кезде біз Серғазыдан та­ғы да екі нәрсені сұрап қалуға бел байладық. Оның біріншісі кейіпке­рі­міздің сұңғыла мәселесімен елімізде өзі­нен басқа айналысып жатқан жеке ұжым немесе ғылыми-зерттеу ор­талығы бар ма деген сауал еді. Ал екін­шісі кәсіпкердің қолға алған бұл ісі­не қатысты шешімін күткен қандай проб­лемалардың алда тұрғандығы бо­латын. Алғашқы сұраққа байланысты Серғазы елордадағы Л.Н.Гумилев атын­дағы ұлттық университет ғалым­дарының сұңғыладан экстракт алу жөніндегі ойларын, оның қызық талпыныс екенін айтты. Ол идея бойынша бір тонна шикізаттан бір килограмм сығынды сөл өндірілуі тиіс. Мұны басқа реагенттермен байытып, шағын шөлмектермен шығарған кезде өнімнің еліміз өңірлеріндегі тасымалдау шығыны азайып, республикамызға өте тез таралар еді дейді кәсіпкер. Сон­дай-ақ ол бізді Астанадағы медицина академиясы ғалымдарының да цис­танхе тақырыбына қызығушылық таны­тып отырғанынан хабардар ете кет­ті. Олардың зерттеуіне қарағанда сұң­ғыла антиоксидтік және сергектік беру көрсеткіштері жөнінен көк шайдан 10 есе артық болып шығыпты.

«Ал енді шешімін күткен мәселеге кел­сек, –деді Серғазы. – Мемлекет тара­пынан 1-ден 5 тоннаға дейінгі өнімге қосымша салықсыз квота болса...». Содан кейін тағы бір әңгіме айт­ты. Алдағы арманы мұндағы сұң­ғыла өсімдігінен басқа құмдағы жан­тақ, мия, дүзгенді де фармацевт кө­зімен қарап, зерттеп, дәруменді зат алу екен. Өн бойы толған идея. Ісі­нің бәрі ізденіс. Қиялы қызық. Ой­лай келе: «Ел ішіндегілер Серғазы секіл­ді инновация иесіне еліктесін. Ал жаз­ғанымыз жігітімізге жарнама болсын», – деп осы дүниені тудырдық.

Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы,

Мойынқұм ауданы