17 Сәуір, 2018

Орта тап пен ұлттық код

495 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақ қоғамында ата, ру, жүз дегендердің билер құрылымы өміршең сипат алып отыр дегенге қанша сенбейін десең де, кейбір шаршы топтың алдын кеше туған баланың үйіріп әкетіп тұрғанын көресің. Ата көрген жол біліп, сөз қадіріне жететін кәріқұлаққа айналатын да түбі сондайлар. Ұлттық, ұстанымның бас­тау көзі әйтсе де томаға-тұйық ахуалдан биік тұрмаса – жалпыадам­зат үйлесіміне кірігу қиынға соғатынын аң­дайсың.

Орта тап пен ұлттық код

Кеңес Одағының келмеске кеткеніне отыз жылға таяса да, аға буын өкілдері оны біржола ұмыта алмауына себептер жетіп-артылады. Ендігінің іске келу тұрғысын бұрынғылар әуесқойлыққа балап, жеңіл-желпі атқарыла салған шаруаға ұйғарудан тайынбайды. Қоғам дегеннен гөрі жаңа формацияға көштікке тікелей саю нақтырақ шығатындықтан тап қазіргі заман бет алысына етіміз өліп, көн­дік­­кеннен бөлек – қазақтың өз орта табы қалыптасып үлгеріп, кәсіпкерліктің әлемдік айдынына емін-еркін араласа бастағанына көзіміз үйреніп те келеді. Қазақ оғланының мұндай жаңа толқыны шет тілін жетік меңгеріп, әлемдік үйлесімділікке сәйкесу былай тұрды серкелік танытып, серпінді қимылдарға барып жатқанын ара-тұра естіп те қаламыз. Сондайда қазақ атамыздың ежелгі дағдысы бойынша тілектес қуанышымызды сездірумен қоса «қай ауылдың баласы екен» деген сұрақтың жауабын естімейінше жанымыз тынбайтын әдеті.

Әр дәуір ойшылы өмір сүріп отырған уағын жаңа заманға балағаны секілді ХХІ ғасырдың бір ширегін кертіп боп қалсақ та, «қай ауыл» деген түсінік қазақтың қанға сіңді қасиеті ме деп аңыратын сәттер баршылық. Және сол ұғымды өлтірмей алып жүрушілердің болмыстарына қарасаң – жөндемді іс тындыра алмаған кіл шалахат пенделер. Ең кереметі олар атқарған күлдібадам жұмыстарын заманауи озық үлгіге дейін апарып, өздерін көш бастаушы тұлға дәрежесінде көрсете алатындары таңырқатады. Орта таптың алдыңғы қатарлы ортасында өздерін судағы балықтай еркін сезінетін олар зиялы қауым арасына жуымай аулақ жүретін әдеттері. Ең алаңдататын жай тағы орта таптың әлгі жаңа легінің қалың бөлігі ұлттық салт-дәстүрден мақұрым, қазақ жанының көркем қозғалысынан бейхабар. Жаһанданудың орасан қысымы кейбірінің санасына саңлау түсіріп, ұлттық бастауға ұмтылдыратын ниетке дұрыс бағыт сілтеудің орнына – орта жолда әлгіндейлер кезігіп, солардың жетегінде жүрмесе де, біраз уақыттарын зая жіберіп алады. Оның ең зиянды тұсы алғыр да алымды перзенттердің ұлттық ой-өрістің мүмкіндігіне шәк келтіріп, қағанағын жарып шыққан елін балаң ұлттың қатарына іштерінен ұйғарып шыға келетіннен сау емес. Алды-артын ақыл тоқтатып қарауға өмірлік сабаққа рухани тәжірибе керек екендігін көз жеткізген сайын ұлттық тұтастықты темірқазық қып ұстану парыз екенін сезіну тым аздық ететін секілді. Пысықайлар қазақ жанына терең бойламаса да, білімі терең, парасаты жоғары тұрған тұлға тәрізді маңдайлары жарқырап, кесім айтатын мәртебесі зордай өздерін тым көсем ұстайтындарын байқайсың. Тап бұл құрылымды әлбетте түп атасымен жоққа шығаруға болмас және. Бір сыныпта оқып, осы күнге дейін бауырлық қатынасты үзіп көрмеген тұрғылас бірде ағынан жарылғаны бар. Отбасындағы кикілжіңге араласып, жеті атаға толмай жатып шаңырақ көтеріп қоймауды қадағалайсың. Сондай қадамдардың бірталайының бетін қайтарып, екі жастың махаббатын бауырлық сезімге ұштастыруға тура келгені бар деп еді. Ағайын арасындағы дүрдараздық біткенді сотқа жүгіндірмей қалыстыққа салып, татулас­тыратын күштің қолында мөрі де, жазаға кесіп жіберетін мәртебесі де жоқ, сөйтсе де жұрт санаспай тұра алмайтын тап мұндай тұтқа ұлттық кодымыз дегеннің өзі нақ осы емес пе екен деген ойға еріксіз жүгіндіреді.

Кеңес Одағы кезінде тап мұндай әрекет ата жолының өтіп кеткен жаңғырығындай көрінетін. Ұлтты ұйыстырып, үлкеннің қабағына қарап, көпшіліктің ауыз ләмін бағатын үрдіс жандана түскен сайын басқа аталармен санасудың ішкі мәдениеті қалыптасқанын анық байқай түсесің. Жалпылама насихат айтылмаса да, бауырмал сезімді оятуға мұндай түрткі жалпы рулық санадан гөрі ұлттық тұтастықтың бастауындай қабылданып, ал одан жоғары тұрған сатылар төменгі буынның арқасында күнін көріп, жалған абыройға бөленіп жатқан құрылымнан аумайды. Бастауыш буынды құрушы әлгі тұрғылас бірде: «Осы міндеттен кейде безіп кеткің келеді. Біздің атамыз арасында болып жатқан әңгімені сыртқа шығара алмайсың» деп күйзеле толғағаны бар. Қазақ қауымында шындықты айту мәдениеті күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Әділет сезімі деген жөргектен сіңетін қасиет десек те, жалпы қазақ ұлтының құлдық сезімнен құтылмаудың ақыры қайда апарып тынатынын бір мезгіл ойлап көрдік пе екен. Жау іздеу арқылы ұлттық тұтастану қаншалықты қайырлы, оны болжап байыптайтын ғылым саласы жеткілікті. Қазақ көркем ойы кәсіпкерлікке «Оянған өлкедегі» Игілік образы арқылы келгенін ескерудің тағы­лымды тұстары көп. Әңгіме оның жағымды, жағымсыздығында жатқан жоқ. Буржуазияға қаны қас Кеңес билігінің қатал бақылауы тұрса да, Игілік астары мол сан қырлы бейне болып шыққанына таңғаласың. Бәсекелестік барысында анағұрлым үстем орыс кәсіпкерлігі арандап, шығынға ұшыраса – салқын ақылынан айырылмаған Игілік іс тұтқасын қолына сенімді ұстамай ма. Мұның бәрі көңіл серпілтудің амалына бола айтыла салған сөз емес. Қазір жалпы қазақ алуан кәсіпті игерудің таңдауында тұр.

Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын ғалым Ақтолқын Құлсариеваның еңбек ету ұғымына басымдық беру жөніндегі ұсынысын жазушы Мархабат Байғұт іліп әкетіп, жалпақ қазаққа жария қылған еді. Қазір бастамаларды табан астында аңғара қойып, ұлттық игілікке айналдырудың тетігін іздестіру кемшін соғып жатқанын несіне жасырамыз.

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»