Қазақстан • 17 Сәуір, 2018

Қайрат КЭЙ-КЭЙ және «Monarbat»

1251 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлемге әйгілі актерлер Ален Делон, Жерар Депардье, Ар­мен Джигарханянның, был­­ғары қолғап шебері Майк Тайсонның және басқа да төрткүл дүниеге танымал тұлғалардың күлдіргі кескіндерін осы Монмартр де дүниеге келтірген еді.

Қайрат КЭЙ-КЭЙ және «Monarbat»

Самаладай жарқыраған кең сарайдың қақ ортасына құрылған мольберттің алдында балуан денелі жігіт ағасы тұр. Жай тұрған жоқ, сол қолына уыстай ұстаған түрлі-түсті пастельдерді кезек-кезегімен алып, кезекті кейіпкерінің кескінін жылдам мәнерде салып жатыр. Кескін болғанда, шарж сурет. Қимылына көз ілеспейді-ақ. Ара-арасында әлдебір күлдіргі әңгімелерді айтып, натурада тұрған кейіпкердің ішек-сілесін қатырып қояды. Енді бірде құдды шаршы алаңдағы боксшыдай алдындағы адамға төніп келеді де, лезде екі-үш қадам артқа шегініп кетеді. Лып етіп оң жағына, тағы бірде шалт қимылдап сол жағына шығады. Өзінің сурет салудағы мәнері осы. Сондағы іздегені – натурашының нақышты образы... 

Бұл жігіт қарағандылық суретші – Қайрат КЭЙ-КЭЙ Ко­­жухов. Бір қызығы, оның есімін Қарағандыны айтпа­ған­да, елімізде көп жұрт біле де бер­мейді. Есесіне, ол ха­лық­­аралық деңгейде танымал болып үлгерген қылқалам шебері. Көбіне әзіл сурет – шарж сызады, керек жерінде қыл­қаламды майлы бояуға малып, картина да салады. «Қайрат КЭЙ-КЭЙ» деген бүр­кеншік ат ағылшын тілін­дегі қос «К» әрпі: «Қайрат Қа­натұлы Кожухов» деген есім-сойының қысқарған нұсқасы. Суретші аты-жөнінің тура төл­құжаттағыдай жа­зылуына қатты мән береді. Се­бебі шет­елдегі іскерлік қарым-қа­­ты­наста жүрген әріптестері ныс­­пысындағы қандай да бір өзгерісті түсінбей қалуы әбден мүмкін деп сақтық етеді өзі. Халықаралық деңгей демекші, Қайрат Қанатұлының әр жылдары Мәскеудегі дүниежүзілік және Франциядағы Канн ки­нофес­тивальдерінде атақты ки­ноактерлерге салған достық шарж­­дарының көрмесі әлде­неше рет табыспен өткен.

Қайрат КЭЙ-КЭЙ Қараған­дының маңындағы серіктес қала Саранның тумасы. 1977-81 жылдар аралығында Ал­матыдағы Абай атындағы пе­дагогикалық институтты көр­кемграфика факультеті бойын­ша тәмамдаған. Кәсіби білім алғаннан бергі бүгінгі күнге дейін ол өзінің маман­дығына деген адалдықтан айнып көрген емес. Қолында – қылқалам, жүректе – сурет өнеріне деген құштарлық.

* * *

Бүгінде суретшінің өзі құр­ған «Monarbat» шеберханасына 20 жыл болды. «Монарбат» атауы­ның шығу төркіні мына­дай: Париждің Монмартры мен Мәскеудің Арбатының қо­сындысынан туған сөзжасам. Бұл екі қаладағы әлемге әйгілі осы көшелерде Қайрат КЭЙ-КЭЙ өткен ғасырдың 80- жылдарының аяғы мен 90-жылдарының басында сурет салған. Әлемге әй­гілі актерлер Ален Делон, Жерар Депардье, Ар­мен Джи­гарханянның, был­­ғары қолғап шебері Майк Тайсонның және басқа да төрткүл дүниеге танымал тұлғалардың күлдіргі кескіндерін осы Монмартрде дүниеге келтірген еді. Суретші осы атақты кейіпкерлерімен күні бүгінге дейін достық рәуіштегі қарым-қатынасты сақтап қалған. Олармен хат алмасып, хабарласып тұрады.

Әлбетте Арбат пен Мон- ­мар­тр­­­­­­­­­­­де отырып алып сурет салу­ға кім­көрінгеннің рухы жете бер­мей­тін. Бұл жердегі бәсекеге төтеп беру үшін жалғыз ғана талантты болуың тым аздық етер еді. Сол себепті де жат жер­де, бөгде ортада күтпеген жер­­ден туындауы мүмкін небір төтенше жағдайларға сақадай сай дайын болуың шарт-тұғын. Ал кезінде грек-рим күресі жә­не каратэмен кәсіби деңгейде шұғылданған Қайрат КЭЙ-КЭЙ мұндай сынақтардың талайын көріп, көше суретшісінің күреске толы мехнатты тірлігін бастан сан мәрте өткерген.

«Monarbat» шеберханасында сурет өнерінің тылсымына бойлап, қылқаламын ұш­таған талай талант иесі бүгінгі күнде Қазақстанның әр қиы­рында, тіпті шетелдерде шығар­машы­лықпен айналысып жүр. Түрлі байқауларда жүлде алып, топ­жарған шәкірттері де көп. Алай­да Қайрат Қанатұлы үшін шәкірт­терінің адам деген ардақты атқа лайықты болып, өмірдегі өз орындарын адаспай тапқаны әлдеқайда маңыздырақ. Мұндай ұстанымды ол «Сурет салу ар­қылы тұлғаны үйлесімді дамыту» де­ген өзінің философиялық тұ­­жы­рымымен әдемі үйлестіре білген.

* * *

«Monarbat» шеберханасында бәрі де Арбаттағыдай, тіпті Монмартрге де қатты ұқсап кеткендей: сәкілерге жағалай жайғасқан сұлу бикештер қол­дарындағы веерлерімен әуез тұнған ауаны наздана желпіп қояды. Залдың орта тұсына таман орналасқан шағын оркестрдің орындауындағы сырлы да сазды музыка жан әлеміңді әсерлі де жұмбақ күйге бөлейді. Екеу-үшеуден топ құрған жұрт өз­ара ақырын ғана әңгімелесе жүріп, қабырғалаларға қатар-қатар ілінген картиналарды, еріксіз езу тарттыратын әзіл су­рет­терді тамашалауға кіріс­кен. Бір қарасаңыз, бұл жерде кім жоқ дейсіз: түрлі стильдегі суретшілерден бөлек, фотографтар мен музыканттар, ақындар да осында жүр. Бәрі де жай жүр­­ген жоқ. Әркім өз шаруасын күйттеп, қазаны бүлкілдей қай­нап жатқан тұтас бір әлемнің ажырамас бөлшегіне айналып кеткен. Мұны Қайрекеңнің өзі бүгінгі заманның «тусовкасы» деп қалжыңдайды. «Әрине бұл сөздің қазір қадірі де қалмады ғой, дейді суретші байсалды қал­пына оралып. – Мұны мен қазір «Арт-қиылысу» деп атаймын...».

Кейінгі жылдары Қайрат Қанат­ұлы ұлттық құндылықтарға баса мән беріп, қылқалам кү­ші­мен көне тарихымыздың тыл­­сым сырларын, салт-дәс­тү­рі­міздің озық үлгілерін ке­йін­гі толқын жастарға, өзге ұлт өкіл­­деріне танытуға құл­шы­на кіріс­кен. Таяуда ол «Мо­нар­бат­т­ағы» Наурыз!» атты кеш ұйым­­­­дастырды. Әдеттегідей ше­­берхана ішін жанға жайлы шы­­ғармашылық атмосфера бау­рап алды: ұлттық музыканың әсем сазы қалықтап, бейнелеу өнерінің туындылары көз ал­­дыңда пайда болып жатты. Hand Made стиліндегі ше­бер­лердің қолынан шыққан ұлт­тық нақыштағы эксклюзивті қолөнер бұйымдары, ересектер мен балаларға арналған авторлық кәдесыйлар көрермен назарына ұсынылды. Ең бастысы, жас­тар, түрлі ұлттың өкілдері, тіпті қалада оқып жүрген шетелдік студенттер Наурыз мейрамының ауанымен тыныстап, кештен керемет танымдық әсер алып қайтқан еді.

Ал суретшінің жеке шығар­машылығына келсек, қазіргі таң­да ол «Номад», «Ақын», «Бүр­кіт­ші» және «Ғашықтар» деген кар­тиналардан тұратын сериялық жұмыспен айналысып жүр.

Сөзімізді түйіндер болсақ, Қайрат КЭЙ-КЭЙ-дің төл туын­дысы – «Monarbat» Қараған­ды­дағы шығармашылық қауым­ның жиі бас қосатын, тәжірибе алмасып, рухани шабыт алатын өнер ордасына айналып келеді. Бұған көз жеткізу тіпті де қиын емес: бар болғаны «Monarbat» шебер­ханасына бас сұғып, өнерге өз­геше көзбен қарап, өзіндік қолтаңба һәм орта қалыптастыра білген суретшінің шап-шағын әле­мімен жақынырақ таныссаңыз жетіп жатыр.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ