Денсаулығының кінәратына қарамастан жаңашылдыққа жаны құмар ол бүгінде өзін аяқ-қолы балғадай замандастарынан еш кем сезінбейді. Қоғамдағы мүгедектердің мәселесін бір адамдай біледі. Қиындықтан шығу жолдарын ұсынып, қоғамдық, әлеуметтік жұмыстарға белсенді түрде қатысып жүрген Ақжан жетекшілік ететін «Ардос-Жүрек» мүгедектер бірлестігінің атқарған жұмыстарын тізбелейтін болсақ, жаңылысып қаларымыз анық. 2015 жылы «Ашық әлем» деп аталатын жобамен әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесіне алғаш рет қатысты. Бұл еңбегін ол қоғам мен мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында туындайтын кедергілерді жоюға бағыттады. Байқауда оның ойы көпшіліктің көңілінен шығып, нәтижесінде 1 миллион 200 мың теңгенің грантына ие болды. Кезекті байқауда тағы да жеңіс биігінен көрінді. Ұшқыр ой, ұтымды шешім қабылдауға келгенде заман ағымынан қалмауды бірінші кезекке қоя білетін ізденімпаз жан бұл жолы Алматы қаласында өткен жобалар байқауында бақ сынады. Бұл шараның өтуіне «Coca-Cola» компаниясы мен Орталық Азия университеті ықпал жасады. «Менің қолымнан келеді» атты сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 442 өтініш түскен екен. Бірінші кезеңде олардың ішінен жүз адам іріктеліп алынса, екінші айналымға тек 16 өтініш иесі ғана жолдама алды. Солардың бірі Ақжан болды. Сайдың тасындай іріктелген сайыскерлер екі апта бойы Алматы қаласында арнайы оқу-жаттығу сабақтарынан өтіп, әлеуметтік кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерді. Емтихан тапсырып, жобаларына қатысты қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, сертификат иеленді. Әлеуметтік салаға, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар өмірін жеңілдетуді мақсат еткен үміткерлердің барлығы дерлік осы бағытқа жаңа леп әкелуге сүбелі үлес қосты.Халықаралық сарапшылардың бағалауымен Ақжанның жобасы ең үздік бестікке енді. Ол ұтып алған қаражатына мүгедек жандарды инклюзивті оқытатын орталық ашуды жоспарлап қойған еді.
– Төрт қабырғаға қамалып, үйде отыра беруге болар еді. Менің түпкі мақсатым – өзім секілді жандар үшін орта қалыптастыру.Шектеу деген–шартты, ол сенің ойыңдағы дүние ғана. Қазір оқу орталығын ашып, дайындық жұмыстарын бастап кеттік.Сабақ жаңа әдістермен алты бағыт бойынша жүргізіледі, – дейді ол.
Ұйымдастырушылардың жоспарына сәйкес жаңадан ашылатын оқу орталығына келушілер IT-технологияны да меңгереді.Инклюзивті оқыту бес айға есептелген. Бірінші кезеңде компьютердің қыр-сыры үйретіледі. Сонымен қатар интернет-дүкен ашу, тауарларға жарнама жасау мәселелері де қамтылады. Сабақ ақылы түрде болғанымен мүмкіндігі шектеулі адамдарға жеңілдіктер қарастырылған. Ақжанның пікірінше, тегін оқуға адамдар бейжай қарап, жұмыс сапасы нашарлап кетуі, көздеген мақсатқа қол жеткізуге кедергі келтіруі мүмкін. Ал қалтадан шыққан қаражат босқа кетпейді. Оқу аяқталған соң арнайы сертификат беріліп, жұмыспен қамтамасыз етіледі.
Ақжан қазір «Оқу арқылы шығармашылық белеске қол жеткізу», «Алтын қалам»деп аталатын сайыстар өткізуді жоспарлап отыр. Дәстүрлі байқаулар мүмкіндігі шектеулі балалар арасында ұйымдастырылады. Бұл жерде оның көздегені – шығармашылық арқылы ерекше жандардың қабілетін ашуға мүмкіндік беру, қоғамның мүгедектерге деген оң көзқарасын қалыптастыру.
Тағы бір жаңа жобасы «Ақ тізім»деп аталады. Оның талабы бойынша жастар интернет арқылы арнайы тізімге енгізілген нысандардың жұмысын көріп, мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін жүріп-тұруына жасалып жатқан жұмыстарды бағалай алады.
Мүгедектер арасында сауалдама жүргізгенде 73 пайызы театр, мұражай, кинотеатр секілді мәдениет ошақтарына баруға ынталы екенін білдік. Осыған орай жоба шеңберінде әлеуметтік-мәдени шараларға көбірек көңіл бөлеміз. Табиғат аясына дем алуға шығатын боламыз. Ата-аналармен психологиялық тренингтер жүргіземіз, дейді алдағы іс-жоспарларымен бөліскен Елбасы қоры грантының иегері Ақжан Кәрім күлімсіреген жүзбен.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
журналист
Солтүстік Қазақстан облысы