Дариға Назарбаева мемлекеттік органдар өкілдерімен әскери білім мәселелері жөніндегі кездесуді аша келіп, әскери білім беру жүйесін жетілдіру шаралары белгіленген Қазақстан Республикасының Әскери доктринасына назар аударды. Сенатор әскери мамандарды даярлаудың қазіргі түрлері мен әдістері өзгеріссіз қала беруі мүмкін еместігіне тоқталып, олар мемлекеттің әскери ұйымдарының талаптары мен міндеттеріне сай келуі, тіпті одан да озық болуы ықтимал екенін айтты.
«Әскери оқу орындарына қойылатын басты талап – Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды барлық деңгейдегі және түрлі мамандықтар бойынша, ұлттық әскердің жауынгерлік дайындығы жөніндегі міндеттерді тиімді шеше алатын жоғары білікті әскери қызметкерлермен жасақтауды қамтамасыз ету болып қала береді», - деп атап өтті комитет төрағасы.
Сенаторлар С.Киров атындағы, «ЗИКСТО», Петропавл ауыр машина жасау зауыттарының өндіріс цехтарында болды. Депутаттар одан басқа Ұлттық ұланның Әскери институтының жұмысымен танысты.
Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері еліміздің ҰҚК Шекара қызметіндегі мемлекеттік шекараны күзету міндетін атқаратын №2032 әскери бөлімінің қызметі жағдайымен де танысты.
Шекара қызметінің «Солтүстік» аймақтық басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Жәнібек Төлебаев жауапты аймақтағы Мемлекеттік шекараны күзетуде қалыптасқан жағдай мен оны ұйымдастыру тәртібі, сондай-ақ атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелер туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Қызметтік-жауынгерлік іс-қимыл нәтижелері солтүстік бағыттағы құқық бұзушылықтардың азайып келе жатқанын көрсетіп отыр.
№2032 әскери бөлімнің командирі подполковник Руслан Қоқамбаев депутаттарға қазіргі кездегі Шекара мекемесінде мемлекеттік шекараны күзетуде қолданылатын қарулар мен техникалық құралдар үлгілерін көрсетті.
Сенаторлар мемлекеттік шекараны күзету Аймақтық басқармасының бөлімшесінде – «Қарақоға» шекара заставасында және шекара бақылау бөлімінде де болды.
Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері қазақстандық шекарашылардың қызметтік-жауынгерлік іс-қимылдарына жоғары баға берді.