03 Желтоқсан, 2011

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы № 1215

238 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
2011 жылғы 28 қазан,  Астана, Үкімет Үйі Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексі 36-бабының 18) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Қоса беріліп отырған Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидалары бекітілсін. 2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011жылғы 28 қазандағы №1215 қаулысымен бекітілген Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидалары 1. Осы Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағи­да­лары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Рес­пуб­ликасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су ко­дек­сінің 36-бабының 18) тармақшасына сәйкес әзірленді. 2. Мынадай: 1) техникалық құралдарды қолданбай жер үсті көздерінен су алу кезінде; 2) ықтимал сел қаупі бар су обектілерін қоспағанда, рекреациялық мақсаттарда, жаппай демалу, туризм және спорт мақсаттарында; 3) кеме қатынасы және шағын кемелерді пайдалану үшін; 4) мал суару үшін су объектілерін пайдалану ортақ су пайдалануға жатады. Ортақ су пайдалану ортақ су пайдала­ны­латын су объектілерінде де, ортақ пайдала­нуға жатпайтын су объектілерінде де жүзеге асы­ры­лады және арнайы рұқсат болуын талап етпейді. 3. Осы Қағидалар облыстардың (рес­пуб­ли­ка­лық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдарының өңірлік жағдайлардың ерек­шеліктерін ескере отырып ортақ су пайдалану қағидаларын белгілеу тәртібін анықтайды әрі меншік нысанына қарамастан, барлық заңды және жеке тұлғалардың орындауы үшін міндетті. 4. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдары экологиялық, техникалық және халықтың са­нитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігі мақ­са­тында өңірлік жағдайлардың ерекше­лік­те­рін ескере отырып, ортақ су пайдалану қағи­даларында тиісті өңірдің аумағында орналасқан су объектілерінде шомылу, ауыз су және тұр­мыстық қажеттіліктерге су алу, мал суару, шағын кемелерді пайдалану және олармен жүзу және басқа да жүзетін құралдармен жүзу тыйым салынған жерлерді айқындайды. 5. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдары суда жүзетін жабайы құстар мен жүні бағалы аңдардың, балық ресурстары мен басқа да су жануар­ларының мекендейтін жері болып таныл­ған су объектілерінде үя салу және уылдырық шашатын кезеңде ортақ су пайдалану құқығына шектеу қояды. 6. Елдің қорғанысын және мемлекеттің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету, тұрғындардың денсау­лығын, қоршаған табиғи ортаны және тарихи-мәдени мұраны, Қазақстан Республи­касының заңнамасына сәйкес басқа тұлғалардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында жеке су нысандарын немесе олардың бөліктерін пайдалану шектелуі, тоқтатылуы немесе тыйым салынуы мүмкін. 7. Ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын белгілеу үшін оқшау немесе бірлесіп су пайдалануды жүзеге асыра­тын су пайдаланушы облыстардың (республи­калық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдарына ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын бел­гілеудің қажеттігі негізделген ұсыныс енгізеді. 8. Ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын белгілеу негізсіз болған жағдайда жергілікті өкілді органдар ұсынылған ортақ су пайдалану шарттарынан немесе тыйым салудан бас тарту себептерін негіздей отырып су пайдаланушыны жазбаша хабардар етеді. 9. Шомылуға тыйым салу және ортақ су пайдалануды жүзеге асырудың басқа шарттары туралы халықты облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, арнайы ақпараттық белгілермен хабардар етеді. 10. Бекітілмеген су объектілерінде осы Қағидаларды бұзғаны үшін айыппұл мөлшері туралы ескертулер бар тыйым салатын белгілер мен плакаттар орнатуды жергілікті атқарушы органдар (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) қамтамасыз етеді. 11. Су объектілерін мал суару үшін ортақ су пайдалану тәртібімен қолдану ауыз сумен жаб­дықтау көздерін санитариялық қорғау аймақ­тарынан тыс жерде және су объектілерінің ластануын және қоқыстануын болғызбайтын құрылғылар болған жағдайда жол беріледі. Басқа жағдайларда жергілікті атқарушы органдар (рес­публикалық маңызы бар қаланың, астананың) суат алаңдарын жайластыру жөнінде іс-шаралар жүргізеді. 12. Кеме қатынасы қауіпсіздігі, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау, жүктердің сақталуы мақсатында жүзеге асырылатын кемелер қозғалысын шектеу немесе оларға тыйым салу Қазақстан Республикасының «Ішкі су көлігі туралы» 2004 жылғы 6 шілдедегі және «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» 2002 жылғы 17 қаңтардағы заңдарымен регламенттеледі.