Қас-қағым сәт. Бұл да бір дәурен. Дәуір дарындарының тамаша бір сапары сол кездегі Гурьев облысы, Теңіз ауданы, Октябрь кеңшарында жалғасын табады. Қазір бұл аймақ Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Нұржау ауылдық округі деп аталатыны аян.
– Шынында да бұл сирек сурет. Сонау 1976 жылдың наурыз айында Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының белді актрисалары Сәбира Майқанова, Хабиба Елебекова, жас актриса Нүкетай Мышбаева, атағы енді дүркіреп шығып келе жатқан Асанәлі Әшімов, Құман Тастанбеков қосылған жас актерлары бар бригада Нұржау ауылдық округіне келді. Сол кездегі Октябрь кеңшарының басшысы Мұғал Наурызбаев елге беделді, республикаға танымал азамат болатын. Оның сол күні қолы босамай қалып, қонақтардың жартысы – жігіттер біздің үйге, қыздар басқа үйге түсетін болды. Мен кеңшардың ветеринарлық дәрігерімін. Қонақтардың жандарында Қыдырсиық есімді аудандық газеттің фототілшісі жүр. Актрисалар аудан мінгізіп жіберген «Волгада». Асанәлі мен Құмандарға «УАЗ» көлігі бұйырыпты.
Малдың төлдеп жатқан кезі. Өздері он шақты адам. Олардың Гурьевтен басталған сапары ауданға, одан әрі шопандар ауылына ұласады. Сол заманда танымал өнер ұжымдары егін, төл алу науқаны кезінде елді мекендерді аралап, концерт қойып, халықпен дидарласатын үрдіс бар еді. Алматыдан келген атақты актерлар біздің үйде екі күн қонды.
КСРО халық әртісі Сәбира Майқанованың әңгімелері керемет қызықты. Ал Асанәлі Әшімов пен Құман Тастанбековтер өте қарапайымдылығымен есте қалды. Асанәлінің ішігі бар екен. Құманда қара тон болды. Актрисалар құндыз жағалы пальто киіп алған. Ол кезде бұл біздің ауылдың әйелдеріне өте қымбат киімдер болып көрінетін. Жанымыз қалмай барымызды алдарына тосып, құрметтеп күттік. Бұл күндер бізге мәңгілік есте қалған сый болды. Қазақтың қадірлі өнерпаздары Алматыға қайтқаннан кейін отбасылық альбом құрастырып, бір жасап қалдық.
Бұл суретте екі бірдей атақты актердің ортасында отырған тұңғышымыз Стелла. Қазақ Ұлттық университетін бітірді. Қазір Атырау қаласында тұрады. Өз мамандығы бойынша білікті қызметкер. Ұлды болды, қызды болды. Бақытты ана! – дейді елдің сыйлы азаматы, еңбек ардагері Нұрсиық Ақмұрзин ағамыз.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ