Тарих • 18 Сәуір, 2018

Белгісіз жануардың сүйегін ғалымдар ресми түрде «Қазақстанозавр» атады

898 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Екі жыл бұрын Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданы­нан табылған белгісіз жануардың сүйегі мезозой дәуіріне жататын ихтиозаврға тиесілі болып шықты! Бұрын еш жерде кездеспеген, ғылымда сипатталмаған тіршіліктің жаңа түріне ғалымдар ресми түрде «Қазақстанозавр» деген атау берді. 

Белгісіз жануардың сүйегін ғалымдар ресми түрде «Қазақстанозавр» атады

Сенсациялық сүйектерді Зеленов ауданының жас турис­тер стансасының үйірме оқушылары 2016 жылдың сәу­ір айында экспедиция ке­зінде бұрынғы Щучкин ауы­лының маңынан тапқан екен. Сол жылы облыстық жас геологтар слетінде топ жарған жас зерттеушілер Бурабайда өткен республикалық жас туристер олимпиадасында тосын жаңалық туралы хабарлағанда, бүкіл ТМД-дан жиналған мамандар елең еткен. 

– Бұл оқиғаның ғылыми құндылығы зор екенін бүкіл делегация жетекшілері айтты. Біз сүйектің суретін алматылық ғалымдарға жібергенімізде, олар мұның ихтиозавр (су динозавры) екенін мақұлдады. Бірақ бұл саланың терең білгірі елімізде жоқ екен. Сондықтан Ресей Федерациясындағы мық­ты ғалым, геология-ми­не­ро­логия ғылымдарының кан­дидаты, Ундоров палеон­тология музейінің директоры Владимир Ефимовке шық­тық. Ол тасқа айналған көне дәуір жануарларын зерт­теп жүргеніне 40 жылдан асқан танымал маман ғой. Өткен жылдың күзінде Вла­димир Михайлович Ба­тыс Қа­зақ­станға арнайы ке­ліп кет­ті. Оның айтуынша, та­был­ған жа­нуар – бұған дейін белгілі ихтиозаврлардың ең ежелгі бабасы көрінеді. Бүгінге дейін динозаврдың мұндай түрі Қазақстаннан да, Ресейден де табылмаған, дейді Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдердің туризмі және экология орталығының бөлім меңгерушісі Ниязбек Ғатауов.

Бұл – Қазақстан аумағында табылған тұңғыш әрі әзірге жалғыз мезозойлық теңіз жа­нуа­­ры. В.Ефимовтің айтуын­ша, «Қазақстанозавр» жырт­қыш болған. Бас сүйе­гінің өзі 1 метрден артық, ес­кек аяқ­та­рының ұзындығы 2 метр­дей, кеуде диаметрі 1 метр, ұзын­дығы 4 метрден астам алып жануар екен. Негі­зінен судағы ба­лық пен ұсақ теңіз молюскаларымен қорек­тен­ген. Бір ерек­шелігі, ихти­озавр­лардың көзі өте үлкен, диа­метрі 20 сантиметрге дейін жеткен. 

Айта кететін жайт, қазір ғалымдардың қолында орал­дық ихтиозаврдың 20 шақты омыртқасы, тағы да түрлі ұсақ сүйектері бар. Мамандар күн­нің жылынуын асыға күтіп отыр. Бұйырса, қазақстандық және ресейлік зерттеушілер оқиға орнына қазба жұмысын жүргізіп, көне жануардың қал­ған бөлігін іздемек. Жалпы, их­тиозаврдың омыртқа жүйесінің өзі 150-ге жететіні белгілі. 

Бір қызығы, 2012 жылы Жа­йық өзенінің аңғарынан жол құрылысы үшін қиыршық құм өндіріп жатқан құрылысшылар белгісіз хайуанның бас сүйегі мен жауырынын, бірнеше омыртқасын тапқан болатын. Ғалымдар оны осыдан 12 мың жыл бұрын өмір сүр­ген мүйізтұмсық – Сібір Эла­смо­терийі деп анықтады. Мү­йізінің өзі 1,5 метрге жет­кен бұл жануар – күні бү­гін­ге дейін ғылымға белгілі мүйізтұмсықтардың ішіндегі ең алыбы болған екен. 
– Бұл мүйізтұмсықтың сүйектері бүгінде біздің му­зей­де сақтаулы, – дейді Ба­тыс Қазақстан облыстық та­рихи-өлкетану музейінің фи­лиалы болып саналатын облыс­тық табиғат және экология му­зейінің меңгерушісі Айгүл Жұ­мағазиева. 

Жалпы, Орал қаласында 1836 жылы Орал әскери мұра­жайы алғаш ашылғанда, оның тұңғыш жәдігерлері – дәл осы көне жануарлардың сүйектері болыпты. Дәлірек айтқанда сол кезде де Жайық өзенінің жайыл­ма арналарынан мамонттың сойдақ тісі, азуы табылған екен. 1852 жы­лы белгілі орыс саяхатшысы-натуралист Гри­горий Каре­лин сипат­тап жазған сол жә­ді­герлер Оралдағы табиғат жә­не экология музейінде әлі сақ­таулы тұр. 

– Біздің музейдің 3 залында Ақ Жайық өңірінің флорасы мен фаунасын сипаттайтын 10 мыңдай жәдігер жинақталған. Жаңадан табылған жануардың сүйегі бізге әлі тапсырылған жоқ. Жалпы, ихтиозаврлардың дене тұрқы 4-7 метрге дейін жеткен ғой. Егер бұл жануар­дың сүйектері түгел табылар болса, оны тұтас қоятын зал біз­де әзірге жоқ. Жаңадан палеон­тология музейі немесе ар­найы зал ашылмаса» – дейді табиғат және экология му­зейінің меңгерушісі Айгүл Жұ­ма­ғазиева.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы

Суреттерді түсірген 
Динара КЕНДІРБАЕВА