Қазақстан • 18 Сәуір, 2018

Ұлттық ұлан сарбаздары бір түнде бірнеше ұрыны қолға түсірді

553 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

15 сәуір күні кешкі 18 сағат 59 минут шамасында Өскемен қаласының Ішкі істер бөлімінің жедел басқару орталығының «102» желісіне еуропалық нәсілдегі белгісіз біреулер көшеде келе жатқан әйелдің ішінде құнды заттары бар сөмкесін ұрлап, белгісіз бағытқа жасырынып үлгергені туралы хабарлама келіп түседі.

Ұлттық ұлан сарбаздары бір түнде бірнеше ұрыны қолға түсірді

Ұлттық ұланның әскери жасақ бастығы, кіші сержант Азат Ульянов бастаған, Данияр Елгонденов, Айбек Самадияров, Руслан Кайзер қостаған тәртіп сақшылары  жақын маңдағы аулаларды жедел іздестіру шаралары барысында екі күдікті азаматты ізін суытпай қолға түсіреді. Тексеру барысында күдіктілер бұған дейін ҚР Қылмыстық кодексінің 120 бабының 1-ші бөлімі және аталған кодекстің 190 бабының 2-ші бөлімі бойынша сотталған болып шықты. «Араға көп уақыт салмай кешкі сағат 20:04 шамасында Ертіс полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне тағы да қоңырау шалынады.

Жәбірленуші азамат К. кешкі сағат 20:00 шамасында «Волна» супермаркетінде белгісіз біреу 20 мың теңге ақшасын ұрлап кеткенін айтып арызданады. Кіші сержант Азат Ульянов бастаған әскери жасақ оқиға болған ауданда дереу іздестіру жұмыстарын бастап кетеді. Маңдағы аулаларды жедел тексеру барысында алдын-ала берілген сипаттамаға сәйкес келетін күдікті қолға түседі. Ұсталған азаматты тексеру барысында оның да бұған дейін ҚР Қылмыстық кодексінің  187 бабының 1 бөлімі және 188 бабының 2 бөлімі бойынша сотталғаны   анықталады. Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің тәртіп сақшылары бір түнде бірнеше ұрыны ізін суытпай құрықтап, ұрланған мүліктер иелеріне қайтарылды. Ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталған азаматтар сол түні Өскемендегі Ертіс полиция бөлімшесіне жеткізілді», - дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің басшысы Бағдат Амангелді.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН