Жиырма бес жаңа мамандық ашылады
Облыстық білім басқармасының ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, 2017 жылы өңірдегі жоғары оқу орындарына бакалавриат деңгейінде 2411 білім гранты бөлініпті. Аталған басқарма басшысының орынбасары Айгүл Байжанованың айтуынша, бұл облыстағы мектеп түлектерінің 26,3 процентін ғана қамтыған. Ал биыл Президенттің пәрменімен жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша тағы 20 мың грант бөлінбек. Әрине 20 мың грант 20 мың студентке үміт сыйлайтыны сөзсіз. Мемлекет басшысының грант көлемін ұлғайту жөніндегі бастамасы студенттердің қамын ойлағандықтан туған қадам ғана емес, еліміздегі жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға да бағытталғандығы белгілі. «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аймақтағы университеттерге, ондағы оқытушылар мен студенттер қауымына тың серпін беріп, жұмысқа, оқуға деген ынта-ықыластарын арттыра түсті деуге болады. Біздің университет облысқа аса қажет мамандарға сараптама жасады.
Дәл қазіргі уақытта Шығыс Қазақстанға 446 педагог маман жетіспейді. Оның ішінде математика пәніне – 58, ағылшын тілі пәніне – 55, бастауыш сыныпқа – 54, орыс тілі мен орыс әдебиеті пәніне – 53, музыка пәніне – 25, химия пәніне – 22, психология пәніне – 20, физика пәніне – 15, дене шынықтыру пәніне – 13, тарих пәніне 12 маман керек екен. Осы ретте біз университеттің әлеуетін пайдалана отырып өңірді білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында 25 жаңа мамандық ашуды жоспарлап отырмыз. Оның 13-і бакалавриат, 5-уі магистратура, 7-уі докторантура деңгейінде болмақ. Тиісті құжаттарымызды дайындап, Білім және ғылым министрлігіне жібердік. Қазір қарастырылып жатыр», дейді Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Мұхтар Төлеген.
Аталған білім ордасында 1991-2008 жылдар аралығында медициналық-биологиялық факультет болған екен. Осы ретте университет «қоғамдық денсаулық сақтау» және «фармация» мамандығын ашуды жоспарлап отыр. «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығын ашуға өңірде осы сала мамандарының жетіспеушілігі себеп болса керек. Өйткені облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне 2019 жылы – 31, 2020 жылы – 30, 2021 жылы – 28, 2022 жылы – 35, 2023 жылы – 32, 2024 жылы – 30, 2025 жылы – 31, 2026 жылы 33 маман қажет. Ал «фармация» мамандығы ашылса бұған дейін қадіріне жете алмай жүрген Алтайдағы түрлі емдік шөптерді кәдеге жаратып, халық медицинасын дамытуға мүмкіндік туатыны анық.
Шығыс Қазақстанға қанша жатақхана қажет?
«Біз әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет», деген-ді Президент өзінің Үндеуінде. Әрине студенттер қауымының тұратын жері жайлы болмаса, сабағының да мәнді болмайтыны белгілі. Жатақхана көп болса, жастардың көңілдері тоқ болатыны айтпаса да түсінікті жайт.
Облыстық білім басқармасының берген деректеріне сүйенсек, бүгінде Шығыс Қазақстанда жоғары оқу орындарының – 2, колледждердің 1 мыңға жуық студенті жатақханаға зәру. Семейдің өзінде студенттердің 20 пайызы ғана жатақханамен қамтылған. Облыстық техникалық және кәсіптік білім беру, мамандарды даярлау орталығы мекемелері директорлар кеңесінің төрағасы Оралхан Сартаевтың айтуынша, Алаш шаһарындағы 29 колледждің алтауында ғана жатақхана бар. 5 мыңнан астам студент білім алып жатқан Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде былтырғы оқу жылында 500 студент жатақхана сұрап, өтініш жазыпты. Ал облыс орталығындағы Сәрсен Аманжолов атындағы университетте жатақхана жетіспеушілігі жоқ болғанымен, қолда бар 4 жатақхананың барлығының да тозығы жеткен. Бірі – 1958, екеуі – 1972, төртіншісі 1978 жылы салыныпты.
Университет ректоры М.Төлегеннің айтуынша, қазіргі уақытта 500 орындық жаңа жатақхананың жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр екен. «2013 жылы университетте жатақхана салу үшін тиісті құжаттар дайындалыпты. Бірақ құжаттардың мерзімі өтіп кеткендіктен, қайта жасауға тура келеді. Университетіміздің 2,4 гектар жері бар. Инфрақұрылым жүргізуде қиындық болмайды деп ойлаймын. Меніңше, біздің оқу орнының студенттеріне 500 орындық жаңа жатақхана керек. Өйткені биыл грант саны ұлғаяды, жаңа мамандықтар ашылса тиісінше студенттер саны да артады. «Серпін» бағдарламасымен оқитын студенттер санын 350-400-ге көбейтуді жоспарлап отырмыз. Сондықтан жатақхана салу мәселесі біз үшін өте маңызды», дейді ол.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы