Шараға барлығы 400-ден аса оқушылар қатысты. Қостанай қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің қызметкері, полиция майоры Елена Магасумованың айтуынша, байқаудың басты мақсаты оқушылардың балалардың жол-көлік оқиғасынан алатын жарақатының алдын алу, профилактикалық жұмыстарды күшейту және жасөспірмдердің жол қозғалысы ережелерінен білімін шыңдай түсу болып табылады.
Жол қозғалысының жас инспекторларымен жұмыс балалардың жол-көлік оқиғасынан болатын жарақаттануының алдын алудың ең маңызды бөлімі. Қостанай ішкі істер басқармасының ұйымдастыруымен 45 жылдан бері облыста мыңдаған бала жол қозғалысы ережесінен, қауіпсіздігінен білім алып келеді.
Байқауда балалар «Жол қозғалысы ережесінің білгірі», «Білімпаздар турнирі», «Жас реттеуші» сияқты бірнеше аталым бойынша қиын, күрделі сұрақтарға жауап берді.
«Мектеп өмірінде жол қозғалысы жас инспекторларының слеті әр оқушы үшін үлкен оқиға секілді.Олар жол қозғалысы ережесін біліп ғана қоймайды, отрядтарға бөлініп, қадамдап жүруді, тәртіпке бағынуды да үйренеді» дейді Елена Магасумова.
Слетте тәуелсіз қазылар алқасы байқаудың қорытындысын шығарды. Онда №21 мектептің отряды І, физика-математикалық лицей отряды П, №3 мектеп-гимназиясының жас инспекторлары үшінші орынды алды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай