Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған шараға Астана, Алматы қалаларынан, Павлодар, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан 18 үміткер қатысты. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Құрманғазы оркестрінің мүшесі Мақсат Тілепберген, Қаламқас Орашеваның кенже қызы Ақмарал Сәрсенғалиева, басқа да туыстары арнайы келді.
Бұл байқау – өмірден 35 жасында қыршын кеткен өнер иесінің 50 жылдық мерейтойын атап өткен 2003 жылдан бастап араға бес жыл салып өтіп келеді. Оған 18-35 арасындағы әнші-термеші қыз-келіншектер, бұрын-соңды бас жүлде алмаған өнерпаздар қатысады. Екі бөлімнен тұратын сайыста олар терме-толғаулар мен ұзақ дастандарды орындайды. Басты мақсат – көрінбей жүрген таланттардың жұлдызын жағу, дәстүрлі жыршылық өнерді дамыту.
- Қазылар алқасына халықтың өкпесі болмаған сияқты. Сайыс басталар кезде-ақ халыққа айттым: төрелік етуші – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, әнші-термеші, Алматыдан арнайы келген Бибіжар Маханбетова, кеш иесінің туған сіңлісі, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Мейрамгүл Ораш, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, жыршы-термеші Армат Исламғалиев – бұлардың бәрі де Ғарифолланың төл шәкірттері, батыс ән дәстүрін жалғастырушы мықты өнерпаздар ғой. Оралдан оқып, орыстан сабақ алған ең осалы мен болдым, - дейді қазылар алқасының төрағасы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының еңбек сіңірген қайраткері, әнші-термеші Қатимолла Бердіғалиев.
Қазылар шынымен де әділ төрелік еткен. Алқа төрағасы Қатимолла Бердіғалиевтің айтуынша, бұдан бұрын өткен байқауда орындаған шығармасын сол күйінде қайта бәйгеге салмақ болған өнерпаздар бірден сайыстан шеттетілген. «Өнерге олай жүрдім-бардым қарауға болмайды ғой» дейді әнші.
Сонымен, байқаудың бас жүлдесі – 500 мың теңге Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжінің ІІІ курсында оқып жүрген студент Әмина Ғайнеденоваға бұйырды. Бірінші орын – қызылордалық Зүлфия Баймұрзиеваға, еінші жүлде – Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласынан қатысқан Жанар Нұрмұхановаға, үшінші орын – оралдық Ақмарал Кемелхановаға тиді.
Бұдан бөлек байқауда батысқазақстандық танымал жыршы-термешілер атында арнайы жүлделер де тағайындалған екен. Жақсылық Сәрсенғалиев атындағы жүлде – маңғыстаулық Дәмегүл Ізбасароваға, Қалампыр Рахимова атындағы жүлде – алматылық Жанаргүл Сәркеноваға, Амангелді Ғұбайдуллин атындағы жүлде – атыраулық жас термеші Аружан Ерімоваға, Көшерғали Макаров атындағы жүлде – Астана қаласының атынан шыққан Зинат Қасымоваға бұйырды.
- Алматыда Ғарекеңнің студиясын ұстап отырған Жанаргүл Сәркеновадан көп үміт күткен едім. Дайындығы нашарлау болды. Астанадан келген Зинат қызымыз бұрын-соңды жырланбаған «Байбарақ батыр» дастанын тұңғыш тарту етті. Сөйтіп, арнайы жүлдеден бөлек, «Байбарақ батыр» қорының сыйлығына ие болды. Ал енді бас жүлде алған Әмина Ғайнеденова – жанып тұрған қыз екен. Осы отты өшіріп алмаса, түбі танымал өнерпаз болады, - дейді Қатимолла Бердіғалиев.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан
Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН