ҰҚК Шекара қызметі «Солтүстік» өңірлік басқармасы бастығының уақытша міндетін атқарушы Жәнібек Төлебаевтың айтуынша былтыр шекарадан есірткі заттарын жасырын жолмен алып өтудің 126 оқиғасы тіркелген. 8,4 кило есірткі тәркіленіп, қару-жарақтарды заңсыз асырудың 164 фактісі әшкереленген. Құрылым Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарын қамтиды. Өткен жылы әскерилер Ресеймен шектесетін меклекеттік шекара бойында 3600-ден астам заң бұзушылықты анықтаған. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 26 пайызға көп.
Десек те шекаралық аймақтарда шешімін табатын мәселелер жоқ емес. Бүгінде шекарашылар сырттан ел аумағына кіретін жүк вагондарын тексеруге қауқарсыз. Мәселен Булаево, Мамлютка теміржол стансаларында жүк вагондарын сканерлеуден өткізетін кешенді құралдар жоқ. Оны сатып алуға қаражат қолбайлау. Ең арзаны бір миллиард теңге тұрады. Соның салдарынан күніне 170 жүк көлігі тексерусіз өтеді. Шекарашылар жұмыс істейтін әкімшілік ғимараттар ескірген. Өткізу бекеттерінде тиісті инфрақұрылымдар жетіспейді. Қыс мезгілінде, жауынды-шашынды күндері жолдармен жүру қиын. Түйінді мәселелерді шешудің іс-жоспары түзіліп, тиісті орындарға жолданғанмен, қажетті қаражаты көзі нақтыланбаған.
Өзекті мәселелердің бірі – жыл өткен сайын ел шебін күзететіндердің кеміп бара жатқаны. Кадр жетіспеушілігінен кеден бекеттерінде қызмет көрсетудің сапасы төмендеп кеткен. Көлік жүргізушілер мен жүк тасушылар шекара пункттерінде ұзақ тұрып қалып, алтын уақыттарын босқа жоғалтып жататын жайттар жиі кездеседі. Керісінше, шекарашылардың жұмыс жүктемесі екі есе көбейгеніне қарамастан жалақы мөлшері сол күйінде қалғандықтан қызметке келушілер аз.
Әскери оқу орындарына қойылатын басты талап Қазақстанның Қарулы Күштерін жоғары білікті әскери қызметкерлермен жасақтауды қамтамасыз ету болып табылады. Ұлттық Ұлан Петропавл әскери институтында әскери білім беру жүйесін жетілдірудің, офицер мамандарын даярлаудың нақты шаралары жүргізіліп келеді. Бұл талаптар мен міндеттер бірқыдыру шешілгенімен, қолбайлау кедергілер де жоқ емес. Солардың бірі–құрылыс нысандарын салуға арналған жобаның әлі күнге дейін қаржылық жағынан қолдау таппай келе жатқаны. Олардың ішінде офицерлерге арналған тұрғын үй кешені де бар. Кітапханада 140 мың кітаптар мен оқулық құралдары бар болғанымен жартысынан астамы қазіргі талаптарға сәйкес келмейді. Курсанттар С. Мұқанов атындағы орталық кітапханада дайындалуға мәжбүр.
Баспанамен қамту, оқу ғимараттарын жөндеу, кадр, оқулық тапшылығы секілді мәселелер шешімін тапса, әскери құрылымдардың жұмысы жандана түсері анық.
Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы