Қазақстан • 18 Сәуір, 2018

Қыздар Университетінде жас ғалым-педагогтардың республикалық слеті өтеді

368 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

26 сәуір күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Қазақстанның жас ғалым-педагогтары Қауымдастығының I Республикалық Слеті өтеді, деп хабарлайды оқу орнының Баспасөз орталығы.

Қыздар Университетінде жас ғалым-педагогтардың республикалық слеті өтеді

Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жиынға Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, отандық жоғары оқу орындарының ректорлары мен мемлекет және қоғам қайраткерлері, жас ғалымдар қатысады деп күтілуде.

Басқосу барысында Қазақстан жас педагог-ғалымдарының Қауымдастығы құрылмақ. Қауымдастықты құру 2018 жылғы 10 қаңтарындағы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған Жолдауы негізінде жасалды.

Қауымдастықтың құрылтайшысы – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті.

Қауымдастықты құрудағы басты мақсат – мемлекет пен қоғам дамуына белсенді қызмет ететін, жаңаша тұрғыда ойлай алатын жас педагог-ғалымдарды біріктіру, олардың диалог алаңын құру. Сонымен қатар, білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелер бойынша жас педагогтардың жүйеленген пікірлерін мүдделі тараптарға жеткізу, оқыту мен тәрбиелеудің тиімді технологияларымен алмасу, ғылыми-зерттеулер жүргізу және шетелдік жоғары оқу орындары, колледж, мектептердің жас педагог-ғалымдар Халықаралық Қауымдастықтар, одақтар, кеңестермен байланыс орнату да қарастырылған.

Қауымдастыққа мүше ретінде 35 жасқа дейінгі жоғары білім беру жүйесінде қызмет ететін, педагогика саласында ғылыми зерттеу тәжірибесі бар оқытушылар тіркеле алады.

Сонымен қатар, шара барысында Латын әліпбиін үйрету орталығында шеберлік класы, «Ақтұмар» мұражайы: тарих беттерінен» тақырыбындағы көрме және «Көркем галерея: оқытудағы шабыт» атты кескіндеме және гобелен бойынша шеберлік класын өткізіледі. Сондай-ақ, Кешенді химия-биология ғылыми зерттеу орталығы, «Жаңартылған энергия көздері» зертханасы мен Психология-педагогикалық түзету кабинетінде Қыздар Университетінің ғылыми зерттеу жобалары көпшілік назарына ұсынылмақ. Оқу орнының жас ғалымдарының Физика, IT, География, Филология, Хореография салалары бойынша шеберлік кластары да ұйымдастырылмақ.