Апталық семинарды Қазақстан Сыртқы істер министрлігі БҰҰ Хатшылығымен және Даму бағдарламасымен бірлесіп ұйымдастырды. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан редакторлары, тілшілері мен сарапшылары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысымен, Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретіндегі Қазақстанның қызметімен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында БҰҰ жұмысын жариялаудың ерекшелігімен таныстырылды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылғы 17 қаңтардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне арнаған саяси Үндеуінде Орталық Азияның барлық мемлекеттерінің «өңірдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ынтымақтастықты нығайту және оның артуы мен дамуын қолдау бойынша» мүдделерін ілгерілетуге деген ниетін баса атап өткен. Семинар Орталық Азия мен БҰҰ арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайту, бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақты дамуды нығайту бойынша ұйымның жұмысымен танысуға мүмкіндік туғызуға бағытталды.
Журналистер мен сарапшылар БҰҰ-дағы дүниежүзілік БАҚ өкілдіктерін аралап, сондай-ақ Таяу Шығыс мәселелері бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төтенше отырыстарына және Африка бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің брифингтеріне қатысты. БҰҰ Бас хатшысының коммуникациялар бойынша орынбасары Алисон Смейл бүкіл әлемдегі БҰҰ ақпараттық орталықтарының жұмысы туралы әңгімелесті.
Сонымен қатар Нью-Йоркте орталықазиялық делегация БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі – БҰҰ Даму бағдарламасының Еуропа мен ТМД елдері бойынша аумақтық бюро директоры Джихан Сұлтаноғлумен, Терроризммен күрес жөніндегі БҰҰ кеңсесі директорының орынбасары Стивен Сикуерамен, «Security Council Report» халықаралық үкіметтік емес ұйымының басшылығымен кездесті.
Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров кездесу кезінде БҰҰ ҚК-дегі қазақстандық мүшеліктің басымдықтарын түсіндірді. Сондай-ақ дипломат 2018 жылғы қаңтардағы Қазақстанның осы органдағы төрағалығының қорытындыларымен, оның ішінде жергілікті ахуал мен тенденцияларды білу үшін БҰҰ ҚК делегациясының Ауғанстанға сапарының нәтижелерімен таныстырды.
«Егемен-ақпарат»