Медицина • 19 Сәуір, 2018

Ерекше пішімдегі «Еркін сөйле» пікір алмасу жиыны өтті

803 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Жастар жаңғыру жолында» атты ерекше форматтағы «Еркін сөйле» пікір алмасу жиыны өтті.

Ерекше пішімдегі «Еркін сөйле» пікір алмасу жиыны өтті

Басқосуға филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп, журналист Қанат Әуесбай, Өзбек мәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) өзге де мүшелері, студенттер, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары қатысты.

– «Еркін сөйле» неконференциясы – ҚХА-ның бірегей бастамасы. Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасының әлемнің 100 үздік кітабын аудару аясында және ҚХА-ның кезекті сессия­сы мен Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өтіп жатыр. «100 жаңа оқулық» жобасының қатысушылары аударылған кітаптарды таныстырады. Ал талқылаудың ерекшелігі – жастарды тыңдау, олардың пікіріне құлақ түру және қажет ақпаратпен бөлісу. Бұдан бөлек, неконференцияда қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер де талқыланады, – деді «Ахыска» түрік мәдени орталығының төрағасы Әскер Пириев.

12 сәуірде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған алғашқы 18 кітаптың таныстырылымы өткені белгілі. Бұл кездесуде сол кітаптардың бірі – британдық ойшыл Карем Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» атты кітабының аудармасы кеңінен түсіндірілді. Кітаптың аударылуына және редакциялануына атсалысқан ғалым Амантай Шәріп аталған кітаптың тарихы жайлы қысқаша айтып берді.

– Осыған дейін Карен Армстронгтың 11 кітабы орыс тіліне аударылған екен. Оның бәрі дүние жүзіне танымал. Осы тұста «Ұлттық аударма бюросы» көптеген жайтты негізге ала отырып, Армстронгтың бүкіл шығармасының ұйытқысы болған «Құдайтану тарихы» кітабына тоқталды. Бұл кітапты теологияның немесе философияның ауқымына шектеп қоюға болмайды. Мұнда адамзаттың басын біріктіруге ұмтылатын идеялар көрсетілген. Ал діндердің тарихын зерттегенде бір-бірінен бөлектемей, сабақтас екенін айта келіп, жұрттың бір Жаратушыны тануға деген ізденістерін баяндаған, – деді Амантай Шәріп.

Өз сөзінде ол британдық ойшылдың туындысын бірлікке, толеранттыққа, өзара түсіністікке шақыратын кітап деген ойын білдірді. Ғылыми танымдық кітап алдағы уақытта гуманитарлық мамандықта оқитын студенттердің оқу құралына айналмақ. Бұдан бөлек ол аударма барысында тап болған қиындықтар жайлы айтып өтті. Шығармадағы бір тіркесті ұғынықты әрі ыңғайлы етіп аудару үшін бір күні кеткенін жеткізді.

Ал пікіралмасу бөлігінде қатысушылар дін саласындағы білімсіздіктен болатын келеңсіздіктер жайлы ойларын білдіріп, радикалды бағыттағы ұйымдардың жас­тарды қалай азғыратынын әрі олардан қалай сақтану керектігін талқылады.

Аян ӘБДУӘЛИ,

«Егемен Қазақстан»