Елбасы Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап мемлекетіміздің тұтқасын ұстап, әр жасаған қадамын бағамдап, неше рет ой елегінен өткізіп, әрдайым халқымен кеңесе шешкен, парасатты да батыл қадамдар, ел өміріне түбегейлі бетбұрыс жасаған тағдыршешті шешімдер жайлы баяндайды. Қазақстандық жолымен жүруі, халқын адастырмауы, кезінде тағдырын сеніп тапсырған халқын эволюциялық жолмен жүріп, ширек ғасырдың өзінде-ақ жүз жылдың еншісіне татырлық еңбек жасауы, нағыз ерлік емес пе?
Туындыда тәуелсіздіктің 26 жылы ішінде орын алған елеулі оқиғалар мен фактілер жан-жақты талданып түсіндірілген. Кітапта мемлекетті іс жүзінде басқарудың және стратегиялық жоспарлаудың құнды тәжірибесі бар. Бұл өз кезегінде ертеңгі күнге сеніммен қарауға жетелейтін жалпыұлттық тұғырнама деуге болады. Елбасы еңбегінде үлкен саясаттан бастап, тәуелсіздік тарихының әлеуметтік қырларына, рухани-мәдени құндылықтарға, осы кезеңдегі маңызды оқиғаларға үңіледі.
Нұрсұлтан Назарбаев кітапта тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген 33 жетістік жайлы ой өрбітеді. Тәуелсіздік шежіресін тұтас қамтыған кітап төрт бөлімнен тұрады. «Мемлекеттің дүниеге келуі», «Ұлы бетбұрыс», «Қияға құлаш сермеу» және «Қалыптасқан мемлекет» деп аталады. Кезең-кезеңімен сипатталатын дәуірде жаңғырудың үш бірдей толқыны кеңінен ашып көрсетілген. Кітапта Елбасы Қазақстан – қалыптасқан мемлекет – әлемдік саясат пен жаһандық экономиканың толыққанды субъектісіне айналғанын атап өтеді.
Қазақ елі аңсаған, атадан мұра болып қалған ұлан-байтақ жері, аңсаған тәуелсіздік таңы маңдайымызға бұйырып, 1991 жылы тарихи шындыққа айналды. Халқымыз өз тағдырын ұлтының маңдайына бақыт болып біткен перзенті Н.Ә.Назарбаевқа зор сеніммен табыстады. Халқының ол үміті ақталды. Бүгінде біз тәуелсіз, жасампаз елге айналдық. Ыдыраған Кеңестер одағының әрқайсысы өз жолын таңдап, әр мемлекет өз тағдырын, өз жолымен жүріп өтті. Ал біздің ел қазақстандық жолын таңдады, өз Президентін сайлады. Тағдырларын Елбасына сеніп тапсырды. Сол сенім бүгінде ақталды.
Еліміз тәуелсіздіктің киелі есігін бейбітсүйгіш халық ретінде, Елбасымыздың бастамасымен Семей ядролық полигонын жауып, ядролық қарудан өздігінен бас тартқан ел болып ашқандығы тарихи шындық.
Біз алғашқы қадамымызды саясаттан емес, экономиканы көтеруден бастадық. Біз халқымызды сауатты, білімді, білікті, көзі ашық, көкірегі ояу, бай әрі қуатты, бәсекеге қабілетті ел ретінде таныттық.
Тәуелсіздіктің қысқа жылдары аралығында мемлекетіміз дүниежүзілік қауымдастықпен кіріге отырып, экономикалық өсудің жоғары қарқынын көрсете алды. Қоғамдық даму деңгейінің, экономикалық қуаттылықтың және елдің ұлттық қауіпсіздігінің белгісі ретіндегі адами ресурстардың, білім беру жүйесінің рөлі мен маңыздылығының ерекшелігін таныта білдік. Білім – әлемдегі өркениетті дамыған елдердің барлығында дерлік дамудың негізгі көрсеткіші мен негізгі басыңқы бағыты болып табылады. Бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену міндеті елде ғылыми сыйымды технологиялық білімі бар, басқарушылық қабілетке ие, нарықтық экономикада дұрыс бағыт таңдай алатын жоғары білікті мамандар болған кезде және дүниежүзілік нарықтық экономиканың қажеттіліктеріне жауап беретін тиімді білім беру жүйесі құрылғанда ғана шешіледі. Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ білімге баса назар аударып келеді. Адам капиталын дамытуға деген ұмтылыс елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне қолдау болатын болашаққа деген инвестиция екендігі белгілі. Президент өзінің кітабында тәуелсіз Қазақстанның білім жүйесі дамуының бірнеше кезеңдерін атап өткен. Елбасы кітабындағы қазақстандық білім жүйесінің дамуы туралы ой толғамдарына тоқталып өтсек.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз кітабында: «Егемен ел атанып, тәуелсіз мемлекет құру – Еуразияның байтағын мекен еткен байырғы халықтың мыңжылдығындағы ғажайып сәт еді. Мұндағы «ғажайып сәт» деген тіркестің астарында жаңа мемлекет құруды білдіретін аса күрделі жасампаз процесс жатыр...» – деген. 1990 жылдардың бірінші жартысындағы еліміздегі экономикалық қиындықтарға қарамастан жаңа білім беру жүйесінің іргетасы қаланды. Талантты жастар мен ізденгіш педагогтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Білім беру жүйесін реформалау заңдық негізде қамтамасыз етіліп, «Білім туралы», «Жоғары білім туралы» заңдар қабылданды. Ұлттық білім берудің түрлеріне жастардың қол жеткізу мүмкіндігі ұлғайды. Білім жүйесі нарықтық сипаттарға ие болды. Жаңа тұрпаттағы оқу мекемелері пайда болды. Бұрынғыдан байытылған, жаңа оқу бағдарламалары, қазақстандық жоғары білім берудің мемлекеттік стандарттарының екі деңгейі енгізілді. Елбасының болашақты барлай білуі, стратегиялық көрегендігінің арқасында жасампаз процестің бірегей үлгісі іспеттес жастарға арналған халықаралық «Болашақ» бағдарламасы іске қосылды. Президентіміз мемлекеттің қаржылық жағдайы қомақты шығындардың ауыртпалығына қарамастан, елдің болашағын ойлай отырып, білімді жастарға әлемнің ең үздік университеттерінде оқуға мүмкіндік жасады. Бұл бағдарламаны бүгінде 12 мыңнан астам қазақстандық аяқтап, еліміздің экономикасына елеулі үлес қосып жүргендерін мақтанышпен айта аламыз.
Бұл жастар қазақстандық зияткерлер шоғырын қалыптастырды. Білім беру жүйесіндегі келесі онжылжық адам капиталының жаңа сапасын арттыруға негізделді. «Білім туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, мектепте білім берудің жаңа түріне көшуді, дуалды оқытуды, алғашқы жұмысшы мамандығына тегін оқыту арқылы орташа жұмысшы табын қалыптастыруға ықпал етті. Қазақстан Республикасындағы білім берудің және ғылымды дамытудың бағдарламасы бекітілді. Ұлттық білім беруде халықаралық ең озық үлгілерге сүйене отырып ақпараттық, электрондық оқытуды дамытуға арналған бағдарламаларға тапсырма берілді. Жоғары оқу орындарына шетелдік үздік ғалымдарды тарту, білім беру бағдарламаларын ұлттық және шетелдік аккредиттеуден өткізу арқылы мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізуді арттыру талабы қойылды. Жоғары оқу орындарының рейтингі ұлттық, тәуелсіз және халықаралық рейтинг агенттіктерінде алған орындары арқылы тартымдылығы күшейтілді. Жоғары оқу орындарындағы шетелдік студенттердің үлесі де назардан тыс қалған жоқ.
Адам капиталы дамуының дәлелі ретінде, жаңаша оқу орындары – Назарбаев зияткерлік мектептері ашылды. Оның саны бүгінгі күні 20-ға жетті. Бұл мектептердің тәжірибесін отандық мектептерге енгізу арқылы, орта білім беру мазмұны Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі пилоттық тәртіпте енгізілді. «Балапан» бағдарламасы аясында 80 пайыз балдырған балабақшамен қамтамасыз етіліп, бүгінгі күні осы бағдарлама жалғасын табуда. Білім беру мекемелерінің базасы нығайтылып, тәуелсіздік жылдарында 1,4 мың мектеп салынды.
Ғылыми-ағартушылық жүйесінің көшбасшысына айналған Назарбаев университеті ашылды. Бүгінгі күні бұл университет шетелдік ең үздік университеттерінің қатарында. Өйткені халықаралық стандарттар бойынша мамандар даярлайтын тұңғыш қазақ университеті.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», деп атап айтты. Ертең біздің болашаққа бағдар құру, еліміздің болашағын көздейтін жастар болса, соларға деген ең маңызды кітаптың бірі Елбасының осы еңбегі деп айтар едім. Бұл кітап біздің жастарымызды өз тарихын құрметтей отырып, патриоттық сезімге тәрбиелейтін құнды еңбек болып табылады.
Динар НӨКЕТАЕВА,
Парламент Сенатының депутаты