Он бірінші рет өтетін биылғы алқалы жиынның орны бөлек. Олай дейтініміз, бұл жолғы форум жаңа форматта ұйымдастырылады. Global Challenges Summit 2018 деп аталған Астана экономикалық форумы аты айтып тұрғандай барша адамзат үшін өзекті жаһандық сын-қатерлерді талқылайтын болады.
Сондай-ақ Global Challenges Summit 2018 бұрнағы жылдардағыдай Тәуелсіздік сарайында емес, ЭКСПО-2017 көрме кешеніндегі Конгресс орталығында өтеді деп жоспарланып отыр. Жиынға шақырылған шетелдік мәртебелі меймандардың қарасы қалың. Олардың арасында БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун, БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура, Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд, Грузияның сыртқы істер министрі, премьер-министрінің орынбасары Михеил Джанелидзе, Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша директоры Лилия Бурунчук, Эстонияның бұрынғы президенті Тоомас Ильвес, атақты кинорежиссер, сценарист әрі продюсер, Венеция кинофестивалі «Алтын арыстан» сыйлығының лауреаты Кшиштов Занусси, Италияның бұрынғы премьер-министрі Романо Проди, Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Идрис Джала, World Bank-тің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браун, Стэнфорд университетінің экономика профессоры, Нобель сыйлығының лауреаты Майкл Спенс, McAfee Capital Partners компаниясының негізін қалаушы, басқарушы директоры Лэирд Кэган, AECOM холдингінің стратегиялық жоспарлау және қала дизайны жөніндегі директоры Карло Кастелли, BCG халықаралық консалтингтік компаниясының өкілі Ханс-Пол Бюркнер, Мәскеудегі Сколково басқару мектебінің президенті Андрей Шаронов, тағы басқалары бар.
Аты аталған спикерлердің қандай тақырыпта сөз сөйлейтіні туралы толық ақпарат әзірге жарияланған жоқ. Мәртебелі меймандардың қатарындағы БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы, бүгінде Халықаралық Олимпиада комитетінің Әдеп комиссиясының төрағасы Пан Ги Мун халықаралық дауларды реттеу құралдары деген тақырыпта баяндама жасайды деп күтілуде.
Global Challenges Summit 2018 ұйымдастырушыларының хабарлауынша, үш күнге созылатын жиын барысында бүгінгі таңда әлемді алаңдатып отырған 11 тақырып төңірегінде сөз қозғалуға тиіс. Атап айтқанда ортақ экономика, жаңа таза энергия әлемі, жаһандық қауіпсіздік, болашаққа болжам, жаһандық стратегия, жаңа адамзат әлемі, цифрлы әлем, ресурстар әлемі, болашақтың ақшасы, болашақтың қаласы сынды тақырыптар бойынша әлемнің аузымен құс тістеген тұлғалары ой-пайымдарын ортаға салып, өзара пікір алмасатын болады.
Жалпы халықаралық қоғамдастықтың маңызды бөлігі ретінде Global Challenges Summit 2018 аясында талқыланатын тақырыптардың қай-қайсысының да Қазақстан үшін өмірлік маңызы бар екендігі күмән тудырмайды. Бұл аталған тақырыптардың басым бөлігі бұған дейін де елімізде талқыланып, тиісті жұмыстар қолға алынып жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, цифрландыруды тілге тиек етейік. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолға алынған бағдарламаның аясында ел өмірінің барлық саласын, экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылымды, мәдениетті цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ол үшін арнайы бағдарлама да қабылданған.
Дамыған елдерде бастау алған үдерістердің Қазақстандағы тиімді жаңалықтары қазірдің өзінде экономика мен әлеуметтік секторда көрініс тауып отыр. Мәселен, халыққа қызмет көрсету орталықтарында цифрландырудың арқасында операторлардың қатары азайды. Азаматтар оператордың көмегіне жүгінбей-ақ, өздерінің тиісті парольдерін теру арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін пайдалануды меңгере бастады. Жасы 27-ден асқан азаматтардың әскери билет алуы, түрлі көлік түрлерін тіркеу, көлік жүргізу куәлігін, нәрестенің туу туралы куәлігін, көптеген анықтамаларды алу, салық пен төлемдер төлеу сияқты бұрын әуре-сарсаңға салатын, шеті мен шегі көрінбейтін қыруар жұмысты аз уақыт ішінде үйінде отырып-ақ тындыруды халық біршама меңгерді деуге болады. Зейнетақы есепшотын онлайн ашу да цифрландырудың арқасында келген игіліктердің бірі.
Challenges Summit 2018 аясында талқыланатын «Болашақтың қаласы» да біздің ел үшін таңсық емес. Smart қала деген ұғым еліміздегі ірі қалалардың көпшілігінің тыныс-тіршілігіне дендеп еніп жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Орталық шаһарлардағы қоғамдық көліктердің жүру кестесі, мектеп, балабақша, медициналық және мәдени нысандардың жұмысы, ауа райы немесе басқа да жағдайларға байланысты орын алған өзгерістер туралы хабарламаларды алу қазір ешкімге жаңалық емес. Smart қаланың игіліктері халықтың өмірін жеңілдетуге, азаматтардың, әсіресе жас балалардың қауіпсіздігіне қаншалықты пайдасын тигізетіні тәжірибе жүзінде дәлелденіп жүр.
Астана экономикалық форумы ең алғаш 2008 жылы өткізілген-ді. Алғашқы басқосуда дүниежүзілік экономика мен қаржы жүйесін оңалту және дамыту мәселері талқыланған болатын. Содан бергі аралықта алқалы жиын ықпалды халықаралық алаңдардың біріне айналды. Жаһандық жаңа идеялардың қайнар көзі ретінде танылды. Жүйелі түрде өткізілуі мен көтерілетін мәселелердің ауқымдылығына, өзектілігіне байланысты халықаралық аренада соңғы жылдары «Қазақстандық Давос» деген атқа да ие бола бастады.
Астана экономикалық форумының ұсынымдары 2012 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының пленарлық сессиясында таныстырылғанын атап өткен ләзім. Сол тұста БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның, БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясының президенті Ан-Насердің және G20-дағы Мексика төрағалығы тарапынан елордадағы халықаралық жиынға жоғары баға берілді.
Ал 2014 жылы VIІ Астана экономикалық форумы аясында ІI Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің қаржы, экономика министрлері мен орталық банктері басшыларының деңгейінде өтті. Оның қорытындысы бойынша БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге арналған Әлемдік дағдарысқа қарсы жоспар тұжырымдамасы қабылданды.
Былтырғы форум тақырыбының «Жаңа энергия – жаңа экономика» деп аталуының да өзіндік ерекше мәні бар. Бұл тақырып елімізде өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің тақырыбымен үйлесім тапты. Осылайша «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен Астанада жиналған жаңа технологиялар мен инновациялар төрткүл дүниенің мүйізі қарағайдай экономистері мен ғалымдарының талқысына түсті. Оған әлемнің ондаған мемлекеті мен беделді халықаралық ұйымдарынан 3 мыңнан астам делегат қатысты.
Жалпы, он жылдан астам уақыт ішінде жиынға бас-аяғы 150 мемлекеттен 43 мыңнан астам делегат қатысыпты. Форум аясында Астанада 280 меморандум мен халықаралық келісімге қол қойылды. Еуразиялық іскерлік конгресі, Нобель сыйлығы лауреаттарының Астана клубы құрылды. Форум Орталық Азияның басты іскерлік саммитіне айналды. Қазақстан Еуразияның кіндігінде орналасқан мемлекет ретінде Ресей, Қытай, Түркия, БАӘ, Корея, Өзбекстан, Грузия, Тәжікстан сынды елдердің іскерлік орталығына айнала бастады. Биылғы жылы Global Challenges Summit 2018 аясында жаһандық сын-қатер тақырыбын қозғау арқылы Қазақстан халықаралық ықпалдастықты дамыту бағытында маңызды қадам жасайтын болады.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»