Аймақтар • 19 Сәуір, 2018

Жамбыл жері көне жәдігерлерге толы

558 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгінде шетелдік саяхатшылардың басым бөлігі көне заманнан осы күнге дейін жеткен тарихи көне ескерткіш орындары мен оба, қорым­дардан гөрі, қыран ұшса қанаты талған, құлан жортса тұяғы тозған, о шеті мен бұ шетіне көз жеткізгісіз ұлан-байтақ даламыз көбірек қызықтырады. Яғни қазақ даласының өзі – ауқымды туристік нысан. 

Жамбыл жері көне жәдігерлерге толы

Шетел асып жететін туристерге жайлы қонақүй мен дайын дәмхана аса қызық емес. Оларды ауыл адамдары не ішсе соны ішу, олар не істесе соны істеу үшін қу ме­диен, құ­ба түзге бүйректері бұрып-ақ тұрады. Ұлы Дала елі адамдарының дәстүр-салты, тұрмысы айрықша әсерімен баурайды. Бір сәт дала перзенттеріне айналғылары келе ме-ау… Бір жағынан екі-үш күн бедерінде қырға шығып, ойға түсіп, дала табиғатының тылсым сырларына да қанығып үлгереді. Өйткені олар мұндай байтақ даланы өңі түгілі, түсінде де көрмеген. Осы істі үйлес­тіріп отырған Қарағандының Ақтоғай ауда­нындағы ағайындарымыздан біздің неміз кем?!

Іргеміздегі «Ақсу-Жаба­ғылы» қоры­ғының басшылығы туристердің осы талмау тұсын тап басып, «Қойлыбай» жайлауынан айран, қымыз ішкізіп, ет, құрт-майға мелдектетіп, таудың сабатты салқын аясында салт атпен серуендеуін ұйымдастырып, мейлінше елгезектік танытып бағады. Туристердің табиғатпен өздерін біртұтас күйде сезініп, осы аумақтағы үш-төрт кардонды салт атпен аралап, әбден құмардан шығуына да жағдай жасайды.

Жамбыл облысында мұндай мүмкіндік жоқ деп айта алмаймыз. Табиғат ерекше­ліктері – флорасы мен фаунасы әралуан реңктегі кез келген ауылдың мұндайға шамасы жете­ді. Өңіріміздегі турист тартудағы мүмкіндік­теріміз тұтастай іске қосылмаған күйі тұр. Мысалы, шөл, шөлейтті өңір­лердегі жергі­лікті тұрғындардың жаздың ыстық күндері құмға түсіп, жел-құздан арылу емшарасы саяхатшыларға таңсық көрінері анық. Ақкөл, Билікөл, Тасөткел айдындарынан балық аулаудың, құс салып, аң қағудың өз қызығы өзінде. Эко­туризмнен туристік фирмалар емес, жер­гілікті тұрғындар да пайда көруі тиіс. Өйт­пеген күнде олар табиғатты күту, баптау, аялау жайын мүл­де естен шығарып алуы әбден мүмкін. Ауылдықтар үшін «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» болып тұр. Мұның бәрін де ұйымдастыру, үйлестіру өз қолымызда.

Кауфман, Грейг, Альберт, Зинаида се­кілді дала түкті қызғалдақтары да бізде өседі. Тянь-Шань қоңыр аюын, қар барысын, берікқара шыбыншы торғайын, тағы басқа сирек кездесетін аң-құстарды сырт­тай болса да тамашалаушы адамның аузының суы құритыны анық. Осы біз Аспара, Майдантал, Аса, Шу, Талас, Көксай, Қара­қыстақ, Теріс-Ащыбұлақ өзендері мен Әулиекөлдің, Балқаштың көкмайсалы жаға­лауларын аралап көрдік пе, өзі! Көксай каньоні ғажап­тарына көз суара алдық па? Қа­рақыстақ пен Жайсаң даласындағы бал­балтастардың да ықылым заманнан шертер сырлары мол.

Обалы не керек, ғалымдарымыз алты айырығынан тер кете еңбектеніп, қыруар археологиялық тарихи-мәдени мұрала­ры­мызды ғасырлар тереңінен алып шығып, жұрт назарына ұсынудай-ақ ұсынып жатыр. Әттең, басым дені тек қағазда қат­талу­мен тұр.

– Рас, Жамбыл жері көне жәдігерлерге толы. Тарихи-мәдени, археологиялық, архи­тек­туралық ескерткіштер де көп-ақ. Олар­мен бірер ай бедерінде түгел аралап, көріп, танысып шығу да мүмкін емес, – дейді облыс әкімдігі мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру» дирекциясының бө­лім басшысы Сауран Қалиев.

Оның айтуынша, облыстың қала, аудан­дары аумағындағы мұндай орындардың толық тізімдемесі жасалған. Онда алдын ала мемлекеттік және жергілікті дәреже­дегі тізімдерге алынғаны бар. Таразда – 7, Байзақта – 189, Жамбылда – 185, Жуа­лы­да – 318, Қор­дайда – 817, Меркіде – 185, Мойынқұмда – 150, Сарысуда – 112, Таласта – 218, Т.Рыс­құловта – 333, Шуда 420 археологиялық ескерт­кіш тір­келгені жазылып көрсетілген. Мұнан тыс облыс аумағындағы тарихи, сәу­лет­тік ескерткіштердің саны 400-ден асып жығы­ла­ды. Барлығы 3365 бірлікті құрай­ды.

Олардың ішінде палеолит кезеңі, қола, темір дәуірлеріне жататын Талас ауданын­дағы Тәңірқазған, Бөріқазған алғашқы адам­дар тұрақтары мен Кемер, Күмістөбе, Қы­зылрысбек, басқа да VIII-XII ғасырлардағы оба­ қорғандарының да туристік бағыттардың ең бір сүбелісіне айналатындай-ақ жөні бар. Т.Рысқұлов ауданы аумағындағы Ақыр­төбе тұрағы, Мыңқайнар, Ақтас, Жал­пақ­­саз оба қорғандары да ерте темір дә­уірінің жәдігерліктері екені белгілі. Біраз ар­хеологиялық ашылымдардың тарихы одан да әріге кетеді…

Қысқасы, бірқатар жерлерде кайнозой қабаттарына дейін аршылып, біршама зерттеулер жүргізілуі өңірімізде туризм клас­тері қалыптастырылып, дамытылуына берік негіз қалап, серпін берері анық. Шет­тен келушілерге көрсетеріміз көп-ақ. Тек осы қолдағы барымыздың өзін ұқсата алмай жатқандығымыз болмаса. Оның үстіне жері­міздің асты, үсті әлі түгел зерттелініп біт­кен жоқ. Әрідегіні былай қояйық, тіпті берідегі тарихымыздың өзі топырақ астында қалып, көмескі тартуға айналып барады. Мысалы, бір кездері жоңғар қалмағы шап­қыншыларынан қорғану үшін ел-жұрттың ақ тер, көк тер бейнетпен тұрғызған бекініс, қарауыл мұнаралары әлі күнге өлкеміздің айбын-сұсындай болып, ана тұс, мына тұс­та күні бүгінге дейін омыраулап, мен­мұндалаумен тұр. Баяғы қалпынан аздап ала­сарып, шөгіп кеткенмен, Талас өңіріндегі әлі де сілемі жоталанумен жатқан Шәкіров ауылындағы Жұмабек арнасының құмға апарар жолы бойынан жоңғар шапқыншылығы тұсында тұрғызылған Тайтөбе, Бөлтірік ауылының теріскей бетіндегі Атбайлар (олардың топырағын түртсең-ақ, саудырап адам мен жылқы сүйегі шыға келеді), одан әрідегі Ақкесене, Көккесене, Ақкөлдің бер­гі бетіндегі Бозтұмсық, Төлебайдың биігі, Қиынқызыл… Бекініс-мұнаралары сол бір жаугершілік заманның зар-қасіреті, бүгін­ге жеткен көне куәгерлері. Жергілікті тұрғын­дар «жау қайдан келеді» деп қауіптеніп, мұн­дай бекіністерді Талас бойынан, биік белес-қырқалар басынан жапырлатып тұр­ғыза берген, тұрғыза берген…

Шу ауданындағы Майтас үңгірі неолит дәуірінің «туындысы». Мойынқұм ауданын­дағы XIX ғасырларда салынған Оңғарбай, Өтелбай, Шудағы Айдын кесенелері де өткен тарихымыздан тағылым түйгізер ескерткіштер. Мына Мойынқұмда Құралай сұлу мазары барын да жұрт бертінде ғана біл­ді…

Ескерткіштеріміз көп. Бірақ олардың басына тамашалау үшін топтанып барып жатқан жұртты көрмейсің. Ежелгі ескерт­кіш орындары мен қала, аудан аралы­ғында сайрап жатқан тақтайдай тегіс жол­ да жоқ. Сонда деймін-ау, оларды тарих қойнауында қалдырмай, жалғанның жа­ры­ғына шығарудағы, қалпына келтіріп, жөн­деп-жасқаудағы мақсат не? Жапан түзде, елден жырақ елеусіз түкпірде жел-құз мүжіп, жауын-шашын астында қалып, біртіндеп шөгіп, ешкім де көрмеген-білмеген күйі қайтадан тарих тылсымына жұтылуы ма күткеніміз? Тарихымыздың осындай олжаларын ең алдымен өзіміз, әсіресе жас ұрпақтарымыз көріп, тамашалап, тағылым түйіп, игілігімізге айналдырудың мезгілі пісіп-жетілген секілді.

Жергілікті жерде экотуризмді қалыптастырып, дамыту жас ұрпақтың бойындағы патриоттық се­зімді күшейтуге де елеулі ықпал етпек. Осы­нау қадау-қадау көне ескерткіштер орын­дарының инфрақұрылымы жасалып, жол салынса, арнайы автобустар бөлінсе, ол маңға демалыс күндері ересектер де, жастар да барар еді. Туған өлке ғажайыптарымен та­нысып, бірауық көркем табиғат аясында де­малып қайтудан ешкім де қаша қоймас. Біз­дің қанымызда тарихымызды, түбімізді, тегімізді білуге деген алапат құштарлық әлім­сақтан бар. Мәселе – осынау істі сәтімен үй­лестіре алуда. Экотуризмнен түскен қа­ражат ағымдық жөндеу мен нығайту жұ­мыстарына да жұмсалып, көне тарихи ес­керт­кіштеріміздің ұрпақтан-ұрпаққа дін-аман жетуі мәселесі өз-өзінен-ақ шешімін та­бар еді деген ойдамыз.

Баймаханбет АХМЕТ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Жамбыл облысы