Мақтаралдықтар алғашқы 20 тонна қырыққабатты Атырау қаласына жөнелтті
455 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Мақтарал ауданында ерте егілген қырыққабат өнімдері пісіп, нарыққа жол тарта бастады. Ерте көкөніс өсіруде, оның ішінде қырыққабат егу бойынша ауданда көш бастайтын Атамекен ауылдық округінің диқандары алғаш өнім берген дақылдың 20 тоннасын Атырау қаласына жөнелтті, деп хабарлайды Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Ақпанның басында егіліп, бүгінде өнімін беріп жатқан қырыққабат дақылы 892,5 гектар жерге егілген және ол былтырғы жылмен салыстырғанда 112,8 гектарға артық. Бүгінгі таңда бірнеше ауыл округтерінде жұмысшы бригадалары құрылып, қырыққабатпен еліміздің солтүстік облыстарын қамтуды және Ресейге экспорттауды көздеп отыр.
Мақтаралдық диқандар салмағы 1-1,5 келіден аспайтын қырыққабаттың нидерландық пандион сұрпын еккен. Ерте пісетін өнім түріне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс өте жоғары.
Жалпы, қырыққабат дақылы ерте пісетіндіктен, мақтаралдық диқандар оның артынан қауын-қарбыз егуге кіріседі. Осылайша жер емген шаруалар 1 жылда екі рет өнім алады. Былтырғы жылы мақтаралдық диқандар республиканың бірнеше облысын және Ресей Федерациясын қырыққабатпен қамтамасыз еткен болатын.
Айта кетейік, Мақтарал ауданында өткен жылы 3877 гектарға көкөніс егіліп, орташа 231,3 центнерден 89689 тонна өнім жиналған. Ал, оның 50 мың тоннадан астамы қырыққабат дақылы болатын.