03 Желтоқсан, 2011

Үлкен театрда ән шырқады

357 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Серікқали БАЙМЕНШЕ, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден.

«Үлкен театрда ән шыр­қады» – вокал өнерінде бұл сөз көп жайды аңғартады. Вена операсы, Париждегі Гранд-опера, Нью-Йорктегі «Метрополитен-опера» сияқ­ты аса беделді сахналар са­натында тұратын Үлкен театрда өнер көрсету қандай әнші үшін де үлкен абырой. Кеше осы абыройға Дариға Назарбаева ие болды. Еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Үлкен театрдағы салтанатты Қазақ­станның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Зауыт­бек Тұрысбеков кіріспе сөз сөйлеп ашты. Тұтас тарихи дәуірге айналған бұл 20 жыл­да біздің еліміз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың басшылығымен егемен мемлекеттің барлық белгілеріне ие болып, үлкен табыс­тарға жетті, деп атап өткен З.Тұрысбеков Үлкен театр сахнасындағы Дариға Назар­баеваның концерті Қазақстан мен Ресейді одан әрі жақын­дастыруға қызмет ететінін, себебі музыка мен өнер бейбітшілік пен келісім идеяла­рын алға жылжытудың тиімді тетігі екенін айтты. «Қазақ­станда осы жылдарда жасал­ған шараларды ойласаң қай­ран қаласың. Азияның, әлем­нің ең сұлу да осы заманғы қалаларының біріне айналған Астананың өзі неге тұрады. Нұрсұлтан Әбішұлының берік қолы мен даналық страте­гия­лық ерік-жігері болмаса, Қа­зақстанның жетістіктері де дәл мұндайлық жарқын болмас еді», деді Ресей Феде­рациясы Сыртқы істер ми­нистрінің бірінші орынбасары Андрей Денисов. Дариға Назарбаеваның кон­цертіне «Сазген сазы» фольк­лорлық-этнографиялық ансамблі, пианист Тимур Ур­манчеев, Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің ака­демиялық ән-би ансамблі сү­йемелдеушілік жасады. Тал­ғам­паз Мәскеу жұрт­шылығы әнші өнерін жо­ғары бағалады. Атақты әнші Иосиф Кобзон: «Мен оның дауысын талай рет – Астанада да, Мәскеуде де тыңдағанмын, ол, сөз жоқ, кәсіби әнші. Дари­ғаның да­уысын естуге тағы да шын ықыласыммен келдім» деді концерттен кейін. Үлкен театрдағы кешке Ресей Федерациясының мемлекеттік ведомстволарының жетекшілері, Ресейде тіркелген шетел елшіліктерінің дип­ломаттары, қазақ диаспора­сының өкілдері қатысты.