Қазақстан • 19 Сәуір, 2018

Сенат комитетінде Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасындағы келісім қаралды

312 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенат Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен АҚШ-ның Үкіметі арасындағы мемлекеттік әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсету үшін төлемақы алуға қатысты келісімді ратификциялау туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Сенат комитетінде Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасындағы келісім қаралды

Келісім 2018 жылғы 12 қаңтарда Вашингтон қаласында жасалды және бортында үкімет делегациясы бар мемлекеттік әуе кемелерін аэронавигациялық алымдар алудан өзара босатуды көздейді.

Тараптардың бірі екінші тараптың ресми сұрау салуы бойынша өз мемлекетінің аумағының үстінен мемлекеттік әуе кемелерінің ұшып өтуін орындауға, осындай рұқсат берілетін сапарлар сол мемлекеттің аумағына қонуға байланысты болғанда дипломатиялық рұқсат береді. Келісім ережелері транзиттік ұшып өтулерге, сондай-ақ үкіметтік мақсаттар үшін пайдаланылмайтын немесе кез-келген коммерциялық қызметте пайдаланылатын әуе кемелеріне қолданылмайды.

Заң жобасының қолданысы «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабы 2-тармағының 6) тармақшасын іске асыруға бағытталған, оған сәйкес Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдаланушыларға ұсынылатын аэронавигациялық қызмет көрсету, егер шарт ережелерінде әуе қозғалысына қызмет көрсеткені үшін ақы төлеуден босату көзделген болса, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес ұшуды орындаған жағдайларда, өтеусіз жүзеге асырылады.

Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.