Қазақстан • 19 Сәуір, 2018

Сенат заңнамаға кәсіпкерлік және жер қатынастары мәселелері бойынша түзетулерді қабылдады

366 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен болған Парламент Сенатының отырысында бірқатар заңдар қабылданды, деп хабарлайды Сенаттың Баспасөз қызметі.

Сенат заңнамаға кәсіпкерлік және жер қатынастары мәселелері бойынша түзетулерді қабылдады

Палата екі оқылымда талқылап, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Бұл құжат бизнесті жүргізу жағдайын жақсартуға, кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілерді қысқартуға және ауыртпалықты азайтуға арналып отыр. Осылайша 123 заңнамалық актіге, оның ішінде 14 кодекс пен 109 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Қабылданған ережелер мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін реформалауға, ақпараттық құралдарды реттеуді және реттеуші әсерді талдау тетігін жетілдіруге, сондай-ақ бәсекеге кедергі жасайтын нормаларды алып тастауға бағытталған. Іріктеу тәртібімен жүзеге асырылатын тексерулердің орнына негізгі айырмашылығы әкімшілік іс жүргізуді қозғамастан құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен алдын алу болып табылатын профилактикалық бақылаудың жаңа институты енгізіледі. Осыған байланысты, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тиісті өзгерістер енгізіледі. Заң аясында жиырма бақылау саласы мен бірқатар бақылау функциялары қайталанушы және тиімсіз ретінде алып тасталады.

Талқылау барысында сенаторлар бизнесті жүргізу мәселелерін реттейтін заң жобасының сапасына қатысты сын ескертпелерін айтты.

Депутат Еділ Мамытбеков айтқан деректер бойынша елімізде 20 кодекс қолданыста, оның 19-ына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, сондай-ақ 296 арнаулы заңның 266-сына өзгеріс енгізілді. «Біздің ойымызша, ережелердің көптігі мен заңнамаға ұдайы өзгерістер енгізу экономиканың тиімді дамуына кедергі болады», - деп санайды депутат.

Сенатор Асқар Бейсенбаев заңнама ережелерінің тұрақсыздығына  тоқталды. «2015 жылы қабылданған Кәсіпкерлік кодексіне, сондай-ақ өткен жылы қабылданған Салық кодексіне бірнеше мәрте өзгерістер енгізілді. Оның үстіне, қаралып отырған заң жобасы аясында әлі күшіне енбеген Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекске де түзету енгізіледі. Заңға жиі түзету енгізу кәсіпкерлік пен бизнестің тиімді дамуына ықпал етпейді».

Депутат Дулат Құсдәулетов заңнамаға өзгерістер енгізу мен бақылау-қадағалау міндетін қысқарту шараларын еш кеткен еңбекке балады. Сенатор бұл шаралар уақытша әсер ететіні туралы пікірін айтып, Үкіметті бизнеспен жұмыс стратегиясын қайта қарауға және одан да тиімді жұмыс әдістерін іздестіруге шақырды.

Заңнамаға жер қатынастары мәселелері бойынша түзетулер екі оқылымда қаралып, қабылданды. Премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев атап өткендей, қарауға ұсынылған ережелер Қазақстан Республикасы Президентінің «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» 2016 жылғы 6 мамырдағы № 248 Жарлығына сәйкес құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысының қорытындысы бойынша әзірленді. Жер кодексі мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Заңдағы негізгі ережелері азаматтарды жеке ауланы ұстау үшін жайылымдық алқаптармен, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерімен қамтамасыз ету мақсатында алып қоюды мемлекет мұқтажына жатқызуға; жер учаскесін беру кезінде жариялылықты қамтамасыз етуге; Қазақстан Республикасының азаматтарына және заңды тұлғаларына жалдау шартымен берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің ауданына шектеулер енгізуге бағытталған.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы мақсатындағы ауқымы үлкен жерді бір қолға беруді жою мақсатында заң жобасымен еліміздің әр облысындағы әкімшілік ауданы шегінде ел азаматтарына жалға берілетін жер телімдерінің ең үлкен көлемін белгілеу көзделіп отыр. Олардың көлемін жергілікті өкілді және атқарушы органдардың ұсынысы бойынша үкімет белгілейтін болады. Шекті көлемді анықтау үшін есептеу әдістемесі әзірленді.

Құжатқа сәйкес, шекара маңындағы ауыл шаруашылығы алқаптары жеке меншікке және жерді пайдалануға берілмейді. «Олар тек жергілікті тұрғындарға – мал жаюға және шөп шабуға ғана пайдаланылуы мүмкін». Сондай-ақ шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдіктермен некеде тұрған Қазақстан азаматтарына, шетелдік заңды тұлғалар мен шетелдіктер қатысатын заңды тұлғаларға шекара маңы аумақтарынан жер беруге тыйым салу туралы ережелер де көзделіп отыр.

Депутат Мұхтар Жұмағазиев өз сөзінде Жер кодексінің негізгі қағидалары еліміздің Конституциясындағы жердің тұтастығы мен қол сұғылмауы және бөлінбеуі туралы ереже айтылған 2-ші бапқа сәйкес екенін атап өтті. Одан басқа, Қазақстанның мемлекеттік шекарасы делимитация және демаркация рәсімдерінен өтіп, көрші Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстан мемлекеттерімен халықаралық шарттар негізінде анықталып, бекітілді. М.Жұмағазиев өңірлерге барған сапарында жер туралы заңдар, оның ішінде жұртшылықты алаңдатып отырған шекаралық аймақтағы жерді пайдалану мәселелері бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін еске салды. Депутаттың айтуынша, қабылданған өзгерістерді жергілікті тұрғындар мен өнім өндірушілер қолдау тауып отыр. Сондай-ақ жер қатынастарын реттейтін заңдарды жетілдіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігі де атап өтілді.

Депутаттар «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңға түзетулерді қабылдады. Құжатқа Ассамблеяның құқықтық мәртебесін, мақсаттарын, міндеттерін және қызметінің негізгі бағыттарын нақтылайтын ережелер енгізілген. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы қайырымдылық пен медиацияны дамытуға ықпал ету түрінде жаңа бағыт енгізіледі. Сондай-ақ оның ұйымдастыру, қаржы, материалдық-техникалық және өзге де қызметін қамтамасыз ету мақсатында заңда Ассамблеяның атқарушы органдарының қызмет тәртібі реттеледі.

Палата үш халықаралық құжатты ратификациялады. Олар Тәжікстанмен Дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісім; Қазақстан мен АҚШ арасындағы Ауғанстанның тұрақтылығы және қайта қалпына келтіруге АҚШ-тың қатысуына байланысты Қазақстан аумағы арқылы арнайы жүктің коммерциялық теміржол транзитін қамтамасыз ету туралы хаттама; ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы келісім.

Мемлекет басшысының ұсынуы бойынша сенаторлар Анатолий Смолинді Жоғарғы Соттың судьясы етіп сайлады.

Отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауал жолдады. Сенатор Әлімжан Құртаев әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қызметін жетілдіру туралы; Михаил Бортник Маңғыстау облысындағы «Қошқар ата» қалдық қоймасын қалпына келтіру үшін қаржы бөлу туралы; Марат Тағымов жеделсаты алатып жүрген лифтілердіқауіпсіздігі мен оларды күтіп ұстауды ұйымдастыру туралы, Дүйсенғазы Мусин қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу және жою туралы; Ғұмар Дүйсембаев Жайық өзені арқылы өтетін көпір құрылысына қаржыландыру туралы; Владимир Волков ІІМ жедел басқаруорталықтарының қызметін жақсарту, Теміртау қаласының экологиялық жағдайы және Алматы-Ташкент жолындағы заңсыз бақылау-өткізу бекетінің пайда болуына байланысты орын алған жағдай туралы; Еділ Мамытбеков «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» республикалық мемлекеттік кәсіпорнын жекешелендіруге жататын мекемелер тізімінен алып тастау және оны қауіпті өндіріс нысандарында аварияларды ескерту және жою жөніндегі мемлекеттік бірыңғай қызмет түрінде сақтау туралы айтты.