Қолымыздағы мәліметтерге қарағанда, бұл облыстың шаруалары 10 сәуірге дейін 25,6 мың гектар жерге жаздық арпа, 28,3 мың гектарға жоңышқа, 43,4 мың гектарға мақсары, 7,2 мың гектарға картоп, 14,8 мың гектарға көкөніс, 11,4 мың гектарға бақша өнімдерін егіп үлгерген. Қазір бұл жұмыстар одан әрі қызу жалғасуда.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуына қарағанда, көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде атқаруға облыста толық мүмкіндік бар. Олардың айтуынша, биылғы жылы 833,1 мың гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары отырғызылмақ. Бұл – өткен жылғыдан 6,8 мың гектар артық. Сөйтіп биылғы жылы бұл облыста арпа 42 мың гектарға, майлы дақылдар – 116,5 мың гектар, дәндік жүгері – 54 мың гектар, мақта – 105 мың гектар, көкөніс, бақша, картоп – 117,5 мың гектар, малазықтық дақылдар 237,8 мың гектар жерге отырғызылады деп жоспарланған.
Оңтүстікқазақстандық диқандар соңынан ілесе Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарының шаруалары да іске кірісті.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, жалпы еліміздің оңтүстік өңірлерінде 16 сәуірге дейін 180,2 мың гектар жерге жаздық астық тұқымы себілді. Бұл жоспардың 41 пайызы жүзеге асқандығын көрсетеді.
Мұның сыртында Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарында 27,2 мың гектар жерге майлы дақылдар егу жұмыстары жүзеге асырылуда.
Наурыз айының 19-ы күні Үкіметте көктемгі егіске әзірлік жұмыстарының барысы қаралған болатын. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Арман Евниев, алдын ала жиналған деректерге сәйкес, 2018 жылы егіс алқаптарының көлемі еліміз бойынша 21,8 млн гектардан асып жығылатындығын айтқан еді.
«Дәнді дақылдарды 14,7 млн гектар алқапқа, оның ішінде бидайды 11,4 млн гектар жерге егу жоспарланып отыр. Мал азығы дақылдары 2,5 млн гектардан астам жерге егіледі. Бұл – өткен жылғыдан 49 мың гектарға артық. Майлы дақылдарға 2,6 млн гектар жер бөлінеді. Картоп егістігінің көлемі өткен жылғыдан 15 пайызға артатын болады», деген еді А. Евниев. Сондай-ақ ол биылғы жылдың егініне 2,6 млн тонна тұқым дайындалғанын айтты.
Облыстар әкімдіктерінің мәліметтері бойынша, 1 наурыздағы жағдайға сәйкес осы жылдың көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге тракторлардың дайындығы – 87 пайызды, егіс кешендерінің әзірлігі – 100 пайызды, тұқым сепкіштер – 87 пайызды, топырақ өңдейтін құралдар әзірлігі 88 пайызды құраған.
Көктем келсе егіншілерді толғандыратын үлкен мәселе – жанар-жағармаймен қамтылу жайы. Сол Үкімет отырысында 2018 жылғы наурызда көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынына ұсынылатын баға тоннасына 156 мың теңгені құрайтындығы мәлімделіп, оны ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге кешіктірмей жеткізу кестесі жасалғандығы айтылған еді.
«Ішкі нарықта орташа көтерме баға тоннасына 170 000 теңгені құрайды. Осылайша көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 2018 жылы дизель отынының бағасы орташа нарықтық бағамен салыстырғанда 14 000 теңгеге төмен», деген еді бұл жайында Энергетика вице-министрі М.Мырзағалиев.
Бірақ өкінішке орай, ең астықты облыстардың бірі Қостанай облысында көктем егіс әбден жақындаған кезде шу шықты. Осы облыстың Қамысты ауданында 11 сәуір күні өткен мәжілісте жұмыс алқымнан алуға тақағанымен шаруаларды тұқыммен, дизель отынымен қамтуда сылбырлықтың бар екендігі ашылды. Мәжілісте сөз алған «ПКФ» ЖШС басшысы Төремұрат Өтепов өзінің Павлодар мұнай өңдеу зауытымен дизель отынын жеткізіп беру жөнінде 3 наурыз күні келісімшартқа қол қойғанын, 10 күннің ішінде ақшасын төлегенін, бірақ дизель отынын әлі ала алмай отырғанын мәлімдеді.
Мәжіліске қатысқан шаруалар да Төремұрат Өтеповті қолдап сөйлеген. Сондай-ақ олардың мәлімдеуінше, шаруаларды тұқыммен қамту мәселесі де әлі толық шешілмей отырған көрінеді. Бұл жөнінде құрылған қор әлі өз жұмысына бел шешіп кіріспеген.
Әрине көктемгі егіске әзірлік жағдайы алдын-ала баяндалғанда теп-тегіс, тігісі жатқызылған болып келгенімен, егіс жұмыстары басталар кезде бір шудың шығатындығы жылдағы әдет. Сондықтан бұл жолы да «көш жүре түзеледі» дегендей, қамыстылық диқандар көтерген проблема егіс басталғанша шешімін табады деген сенімдеміз. Ең бастысы, осы іске жауапты органдар мен адамдар шаруалар көтерген мәселеге дер кезінде назар аударуы тиіс. Өйткені жанар-жағармай мен тұқымды жеткізіп берушілер сылбырлығын шаруалар кешіргенімен, табиғаттың кешірмейтіндігі анық.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»