Біздің жеріміз кең, аграрлы елміз. Қолдағы бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білсек, экологиялық таза, сапалы, арзан ет, сүт өнімдерін өндіріп, оны терең өңдеп, шетелге шығарып, еліміздің бюджетіне қыруар қаржы түсіруімізге болады. Бүгінде елімізде 200 мыңнан астам ауылшаруашылық құрылымы бар. Олардың 70 %-дан астамы ұсақ шаруа қожалықтары. Жекешелендіру кезінде тым ұсақталып кеткен шаруашылықтарға ғылым мен озық тәжірибе жетістіктерін, жаңа инновациялық технологияларды, қуатты техникаларды пайдалану мүмкін емес. Нәтижесінде агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция келмей, ауыл шаруашылығы қарқынды даму жолына түсе алмай отыр. Бұл жағдайдан шығудың жолы – ұсақ шаруашылықтарды біріктіру. Ал бірігудің ең тиімді жолы – кооперация. Бұл дегеніміз – шаруалардың одағы. Кооператив шаруа қожалықтарының бірқатар жұмыстарын өз мойнына алып, шаруаларға қызмет етеді, сол қызметтерінің ғана тиісті ақысын алады.
Елбасымыз Н.Назарбаевтың мал шаруашылығын қарқынды дамытып, таяу жылдары шетелге мыңдаған тонна ет экспорттау туралы тапсырмасын орындауды, соңғы кездегі мал етін пайдаланудың өсу қарқыны ірі қара мал шаруашылығын дамытуды бірінші кезекке шығарып отыр. Бүгінде елімізде 14 мыңнан астам шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы ет өндірумен айналысады. Етті мал өсірумен айналысатын 550 асыл тұқымды шаруа қожалығы бар. 2010-2016 жылдары шетелден 74 мың бас ірі мал әкелінді, оның 56 мыңы немесе 76 %-ы ет бағытындағы малдар. Сырттан әкелінген малдың 26- %-ы АҚШ-тан, 22%-ы Ресейден, 20%-ы Аустралиядан, 19%-ы Еуропа елдерінен, 13%-ы Канададан алынды. Сатып алынған малдардың 95 %-ын «ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ еншілес компаниялары арқылы қаржыландырылды. Бұдан басқа елімізде жыл сайын 75000 аналық бас бір өңірден екінші өңірге сатылады. Алайда миллиардтаған қаржы жұмсап шетелден мал әкелінгеніне қарамастан, түліктердің өсу қарқыны төмен. 2010-2017 жылдары елімізде ірі қара мал саны небәрі 4,1% ғана өсіп, 2017 жылы 6,3 млн басты құрады. Экспортталып жатқан ірі қара мал еті де көп емес. Не себепті мал басы мен оның өнімділігі өспейді деген заңды сұрақ туындайды?
Осы бағыттағы негізгі жолдардың бірі мал тұқымын асылдандыру мен оны өз төлі есебінен өсіру болып табылады. Бұл республика бойынша малды қолдан ұрықтандыру мәселесін жолға қоюды талап етеді. Әрбір елді мекенде, тауарлы-сүт фермаларында асыл тұқымды бұқалардың ұрығымен қамтамасыз етілген, қолдан ұрықтандыру пункттері жұмыс істеп, ауыл округтеріндегі барлық мал толық есепке алынып, сапалы ұрықтармен қолдан ұрықтанылуы керек. Еліміздегі ірі қара малдың басым көпшілігі жеке қосалқы шаруашылықтардың қолында екенін, оларсыз бордақылау алаңдарын жуық арада мал басымен толтыра алмауымыз мүмкін екенін ескеріп, жекеменшік малдарды асылдандыруға барынша көңіл бөлінуі керек. Сонда бордақылау алаңдарына «гетерозис» принципі бойынша жоғары қосымша салмақ беретін мал тұқымдары келе бастайды. Мал шаруашылығы дамып, елімізде төрт түлік өнімдеріне деген сұранысын толығымен қамтамасыз еткенге дейін, 60 % ірі қара басы шоғырланған жеке қосалқы шаруашылықтарға мемлекет тарапынан камқорлық (мал тұқымын асылдандыру, мал азығымен көмектесу, мал- дәрігерлік жұмыстар, т.б.) көрсетілуі керек. Егер осы маңызды мәселелер іске асырылатын болса, елімізде 3-4 жыл көлемінде мал тұқымының сапасы түбегейлі жақсарып, саны өсіп, өнімділігі артады.
Біз соңғы жылдары шетелден ондаған мың асыл тұқымды мал сатып әкелдік. Асыл тұқымды мал әкелінген елдердің шөбі шүйгін, табиғаты жұмсақ екені белгілі. Ал біздегі жағдай мүлдем басқаша. Біз малдарды тек сабанмен, тіпті жемді мол беріп ұстай алмаймыз ғой. Мал азығы сапалы, құрамы құнарлы коректік заттардың түр-түріне бай болуы керек. Қажет болса малдың қанын алып, қандай қоректік заттың жетпейтінін тексеріп отыру қажет. Сонда ғана күніне әр сауын сиырдан 30-40 литр сүт, бордақыға қойылған малдардан 1,5-2 килоға дейін қосымша салмақ алуға болады. Бәрі азыққа байланысты. Ғылыми деректерге сүйенсек, жануарларға тәулігіне 1 кило жем-шөпті аз беру олардың өнімділігін кемінде 4-5 % төмендетеді екен. Ал елімізде қажетті 20 млн тонна мал азығының 12 млн тоннасы ғана дайындалады, яғни жетіспеушілік 8 млн тоннаны немесе 40 % -ды құрайды. Бұл мал шаруашылығында миллиардтаған теңгенің өнімі өндірілмейді деген сөз.
Сол себепті егін шаруашылығын әртараптандырып, жүгері, арпа, сұлы, жоңышқа, рапс, соя сияқты егіс көлемдері мен олардың өнімділігін арттырып, құрамажем шығарудың көлемін 6-7 млн тоннаға дейін өсіруіміз керек. Бағалы жем-шөп дақылдарын өсіруді ынталандыру үшін егілген гектарға субсидия берілуі қажет. Мал азығы жүрдім-бардым қарайтын мәселе емес. Еуропада, жері құнарсыз Израильде қалай сауын сиырдан 40 литрге дейін сүт алады? Өйткені олар құнарлы азықпен азықтандырады. Біз де осыған жетуіміз керек.
Өз төлі есебінен өсіруде мал шығынын болдырмаудың маңызы ерекше. Алайда түліктерді бағуда, әртүрлі ауруларға қарсы емдеу-профилактикалық шараларды дер кезінде жүргізуде меншік иелері тарапынан тиісті зоотехникалық-малдәрігерлік талаптар сақталмайды. Меншік жеке болғандықтан олардың жауапкершіліктері қатаң қаралмайды, мал шығынына тиісті дәрежеде мән берілмейді. Нәтижесінде шетелден қымбат бағаға сатып әкелінген асыл тұқымды малдар өлім-жітімге ұшырауда. Асыл тұқымды малдың әрқайсысының құны 5000-7000 доллар екенін ескерсек, ауыл шаруашылығы мал өлімінен орасан зор шығынға батып отырғанын байқаймыз. Оны болдырмау үшін шаруалар мен фермерлерді зоотехникалық-малдәрігерлік ғылымның негізіне оқытқан жөн.
Бүгінгі таңда ішкі нарықта ірі қара мал етін пайдалану көлемі 440 мың тоннаны құрап отыр. Еліміздегі халық санының және халқымыздың ірі қара мал етіне деген сұранысының өсуі ірі қара мал етін пайдалану көлемін таяудағы 3-4 жыл көлемінде 4-5 % өсіреді. Елбасымыз Н.А.Назарбаевтың ірі қара мал етін экспорттау жөніндегі тапсырмасын орындау үшін ішкі нарықта пайдаланатын етті қоса есептегенде елімізде 500-510 мың тонна ет өндірілуі тиіс. Бұл маңызды міндетті орындау бордақылау алаңдарына ет контингентінің көптеп келуін талап етеді. Ол өз кезегінде ірі қараның аналық басының тез арада көбеюіне байланысты. Бүгінде елімізде ет бағытындағы асыл тұқымды шаруашылықтар саны 530 болса, олардың әрқайсысында орта есеппен 220-230 бас асыл тұқымды аналық мал бар. Бұл аз. Оны шешу жолдарының бірі аналық малды шетелден сатып алу. Шетелден мал сатып алушы ауылшаруашылық тауар өндірушілердің жем-шөп базасы, тиісті мал қорасы, малдәрігерлік қызметкерлері болуы керек. Оларға мемлекет тарапынан 7-8 жыл көлеміне арзандатылған пайызбен берілген кредиттердің пайыздық ставкасы субсидиялануға тиіс.
Шетелден мал сатып алу барысында өткен тәжірибеден қорытынды шығарған жөн. Атап айтқанда, малды сұрыптау, білімді, тәжірибелі мал дәрігерлері арқылы мал сатып алынатын елдердегі эпизоотиялық жағдайларды алдын-ала, жан-жақты зерттеу, әртүрлі жұқпалы аурулардан аман болуын қадағалау, сатып алынатын малдың тиісті карантиндік мерзімдерінің сақталуын қатаң бақылауға алу, малды алыс шетелдерден емес, шекаралас немесе табиғи климат жағдайлары ұқсас елдерден арзан бағаға сатып алу сынды шаралар назарда болуға тиіс.
Етті мал шаруашылығында еңбек өнімділігін көтеру үшін шаруашылықтарды ірілендіріп, атқарылатын жұмыстарды кооперация негізінде бөлісу, мамандандыру арқылы шешкен жөн. Бұл елімізде бұрыннан келе жатқан, сыннан өткен тәжірибе. Кеңес өкіметі кезінде ірі-ірі колхоз, совхоздар болды. Сол кездің өзінде әр облыста бірнеше арнайы мамандандырылған мал бордақылайтын шаруашылықтар болатын. Бұл шаруашылықтарда облыс көлеміндегі 150-180 килоға жеткен бұқашықтар, еркек қозылар мен кәрі саулықтар жинақталып, бордақыланып, жоғары кондицияға жеткізіліп ет комбинатына өткізілетін. Шаруашылықтардан қабылданған малды салмағы мен қоңына қарай мемлекеттік етке өткізу жоспарына жатқызып түбіртек-құжат жазып беретін. Етке өткізу жоспары бойынша жекеменшіктен жиналатын мал басы да осы шаруашылықтарға өткізіліп, ет жоспарын орындауға жатқызылатын. Мұндай шаруашылықтардың мал бордақылауға қажетті берік жем-шөп базасы болатын, мемлекет тарапынан мал бордақылауға құрамажем, барда, шелуха, жом сияқты мал азықтары бірінші кезекте босатылатын. Қазіргі нарық заманында өмірдің өзі дәлелдеген мал бордақылаудың осы тәжірибесін толық пайдалануға болады.
Әрине жеке қосалқы шаруашылықтарда, отбасылық, шаруа қожалықтары мен фермерлерде, мал бордақылаумен айналысуға болады. Бірақ онда еңбек өнімділігі төмендейтіні анық. Ал ірі маманданған шаруашылықтардың төңірегіндегі ірілі-ұсақты ондаған шаруа қожалықтарымен кооперациялау арқылы келісімшарт негізінде еңбек бөлісуі еңбек өнімділігін еселеп көтереді, жаңа жұмыс орындарын ашады, жыл он екі ай жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Осындай кооперациялық негізде мал басын өсіру мен бордақылаудың озат тәжірибесі Ақтөбе облысы Алға ауданындағы «Актеп» ЖШС-да жинақталған.
«Актеп» ЖШС-ның 5 8959 гектар жері бар. Оның 11300 гектары егіндік жер болса, 46 000 гектары жайылым ретінде пайдаланылады. Серіктестікте 106 адам жұмыс істейді. Мал басын өсіру үшін «Қазагроқаржы» АҚ арқылы 2000 бас ангус тұқымды сиыр АҚШ-тан әкелінген. Олар асыл тұқымды абердин-ангус бұқаларымен ұрықтандырылуда. Әрине бұл аналық малдарды күтіп бағуға, төл алып өсіруге ерекше жағдайлар жасалынған.
Ал «Ірі қара малды күтіп бағу және өсіру» жобасы бойынша шаруа қожалықтары серіктестіктен асыл тұқымды аналық малдарды бағуға, төлдетіп өсіруге алып, алынған төлдің еркек бұқашықтарын серіктестіктің мал бордақылау алаңына қайтарып отырады. Шаруа қожалықтары келісімшарт негізінде асыл тұқымды аналық басты күтіп, баққаны үшін және бордақылау алаңына өткізген бұқашықтардың салмағы мен қоңдылығына сәйкес есеп айырысады. Мұндай байланыстар екі жаққа да тиімді. Ауылда жыл он екі айға жұмыс орындары ашылады. Шаруа қожалықтары қаржы жұмсамай-ақ асыл тұқымды аналық басты жалға алып, өсіргені, төл алғаны үшін ай сайын аванс алып отырады. Алынған төлді «Актеп»-тің бордақылау алаңына өткізіп қосымша табыс табады.
Міне осындай серіктестіктер әр облыста, аудандарда ұйымдастырылғаны жөн. Бордақылау алаңдарын қой, жылқы малдарын бордақылау үшін ашу да күн тәртібінде тұр. Жыл сайын қозы бөлу науқанында шаруалар еркек қозыларын өткізе алмай арзан бағамен әркімге сатып әлек болуда. Ал еркек тоқтының еті Қытайда, Араб елдерінде, Иранда, Еуропада диеталық өнім ретінде қазір үлкен сұранысқа ие. Осы мәселеге ерекше көңіл бөлінсе шаруалар ұтқан болар еді.
Ауыл шаруашылығын кооперациялау туралы заңның қабылданғанына 2 жылдан асты. Кооперацияның заңдық базасы жасақталды. Енді осы заң негізінде жергілікті жерлерде терең дәйектілікпен ойластырылған күнделікті жұмыстар атқарылуы тиіс. «Актеп» ЖШС жұмысы – етті мал шаруашылығын дамытудағы озат тәжірибе. Осындай маманданған мал бордақылау кешендерін әр облыста ұйымдастырса, бұл салада еңбек өнімділігі бірнеше есе өседі, өнімнің сапасы артады және бағасы да арзандайды. Ал кооперация туралы заңға қандай өзгерістер енгізу керек, оны тәжірибе көрсетеді.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
экономика ғылымдарының
докторы