Қазақстан • 20 Сәуір, 2018

Атырауда Ханбибі Есенқарақызының жыр кеші өтті

760 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Махаббат мен парасатты қос өрімді бұрымдай қатар жырға қосқан ақын Ханбибі Есенқарақызының есімі қазақ еліне етене таныс. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс әкімдігінің қолдауымен ақын Ханбибі Жайық жағасына келіп, жыр кешін өткізді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көпен Әмірбек жүргізген шығармашылық кеш мәнді де мағыналы болды.

Атырауда Ханбибі Есенқарақызының жыр кеші өтті

Қазыналы Атырау туралы өлеңін оқып бас­та­ған кеште Ханбибі Есен­қа­рақызы өмір туралы тол­ға­ныстарын да көрер­мен­мен бө­лісіп отырды. Махамбет атын­­дағы академиялық қазақ драма театрының әр­тістері ақын өлеңдерін мә­нерлеп оқыса, белгілі ән­шілер Ұлықпан Жолдасов, Хадиша Шалабаева, Медет Қа­ра­мырза мен «Самал» тобы орын­даған әндер де Атырау аспанында әуеледі.

– Мұнайлы өлке, шырайлы өлке туралы өлеңдерім аз емес. Соны ата жұртымның алдында оқып берер бір күн болса игі еді деп көптен бе­рі ойлап жүрген арманым орындалды, – дейді ха­лықаралық «Алаш» әде­би сыйлығының лауреаты Ханбибі Есенқарақызы. 

Ақын кешіне Қазақстан Респуб­ликасы Президен­ті жа­нын­дағы Әйел­дер істері және отбасы­лық-демо­графиялық саясат жө­­нін­дегі ұлттық комиссия төрайымының орын­ба­сары Ләззат Сүлеймен де қатысып, ақ тілегін арнады.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ