Іс-шараға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясқызы, еліміздегі түрлі елшіліктердің мүшелері, «Нұр Орда» фольклорлық ансамблі қатысты.
– Наурыз мерекесін соңғы он жыл бойы үзбей тойлап келеміз. Бұл халқымыздың ұлық мерекесі. Бұл жиынға еліміздегі шетелдік елшілердің отбасылары да қатысып отыр. Сондықтан негізгі мақсатымыз – ұлық мейрамымызды ұлықтап қана қоймай, шетелдік қонақтарға төл мерекемізді, салт-дәстүрімізді кеңінен таныстыру, насихаттау, – деді іскер әйелдер қауымдастығының басшысы Раушан Сәрсембаева.
Бұл мейрам жер мен көктің бусанып, қыстай жауған қардың көбесі сөгіліп, күн күн мен түн теңелген уақытта тойланған. Өткенге көз жүгіртер болсақ, дана халқымыз ұлық мерекені бір айға дейін атап өткен екен. Ұйымдастырушылар осыны негізге ала отырып, арқа төріндегі күн жылынған сәтті күткен болса керек.
Салтанатты жиынның негізгі бөлігінде «Нұр Орда» ансамблі жиналған қауымға күйден шашу шашты. Сонымен қатар құда түсу, қыздың жасауын дайындау, секілді салт-дәстүрімізден көріністер қойылды. Ал Майра Ілиясқызы вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында», «Шақырады көктем» әндерін орындап, көрермендерді ыстық ықыласқа бөледі.
– Бұл жиында Наурыздың ең басты құндылықтары насихатталады. Сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығы сақталмақ, яғни мұнда еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін қатысып отыр. Үлкенге құрмет, кішіге ізеттіліктің үлгісін әйгілемекпіз, – деді Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат Сүлеймен.
Бұл кештің ерекшелігі сол, ұйымдастырушылар келген қонақтардың құрметіне арнап сән көрсетілімін, ұтыс ойындарын өткізді. Сән көрсетілімі барысында әдемі тігілген бас киім, көйлек иелері түрлі сыйлықтармен марапатталды. Ал ұтыс ойындары кезінде ағылшын тілін тегін үйрену курстарына, балалар күтіміне арналған түрлі сертификаттар, өзге де бағалы заттар табыс етілді.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»