Қазақстан • 20 Сәуір, 2018

«Асауға құрық салу» Һәм еркіндікті аңсау

2997 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ақбозат... Аспанмен таласқан асқар шың. Самал ескен сары күзді құшағына алған салқар сары дала. Сәтті таңдалған тәтті бояулар. Көлеңке. Сағым. Көңіліңді иіріп әкететін таңғажайып өнер туындысына телміріп отырып терең ойдың құшағына қамаласың. Картинадан Кенбаев кенебіндегі кең даланың кемерленген кескінін ғана емес, кеңдігін, саф өнердің мөлдірін, қазақ баласының өрлігін көресің. 

«Асауға құрық салу» Һәм еркіндікті аңсау

Әрбір өнер иесінің талант қуатын танытатын шоқтығы биік шығармасы болады десек, сурет өнерінің саңлағы Молдахмет Кенбаевтың туындылары туралы сөз қозғағанда, алдымен көз алдымызға оның «Асауға құрық салу» картинасы оралады. Тұлпар десе делебесі қозатын қазақ баласы жастайынан жылқы жалында ойнап, қашаннан қасиетті саналған Қамбар ата баласын жанындай жақсы көруі тегін емес. Ел басына екіталай күн туған жаугершілік замандарда шөптің шүйгінін жеп, судың тұнығын ішкен киелі жануар ата-бабаларымыздың тақымында ойнады, сенімді серігі бола білді. «Астыңдағы атың жүрдек болса жалғанның пырағы» дейтін бабалар сөзі жай айтылмаса керек-ті. Суретші қолтаңбасын асқақтатқан осы шығарма халқымыздың асқақ рухын да аспандатып тұрғандай. Кенеп бетін көмкерген керемет көрініс керуен-керуен ойларға тартады. Даланың рухын, бабаның ғұрпын, халықтың қасиетін, дананың өсиетін жеткізгісі келеді. Тектілікті тұмар ғып таққан жылқы мінез жұрттың жан-жүрегіне үңілтеді.
Құрық көрмеген шу асау ен даланың еркін жортқан еркесіндей елестейді. Бас бермек түгілі, маңайлатпайды. Ал оны қуған бейтаныс екеу алдарында атырынған асауға құрық салуға ұмтылады. Шу асау шіркін, олар түгілі уақыт жылдамдығына да дес бермейтіндей. Дүние дидарындағы мәңгілік қозғалыс тұлпардың тұяғымен бірге шыр-көбелек айналады. Желден жүйрік арғымақтың сауырында намыс қамшысы ойнайды. Ойнайды да, жылдамдық одан сайын үдей түседі. Тұлпар намыс тұтас даланы дүбірге бөлейді. Арғымақ тағы да, тұяғы жұмыр даланың жүрегін жұлып алардай ышқынады. Бейне бір таңғажайып ертегілердегі ақ қанатты сәйгүліктей кең далада көсіле шауып барады. Ша­шасына шаң жұқпаған тәкаппар тұлпар екпінінен жел бұрқап құйындап ағады. Қолдарында ұзын құрық пен арқаны бар ержүрек жас жігіттер бар екпінімен шауып келе жатқан ақбозатты жан ұшыра қуады. Енді бірде кесе-көлденең келіп қаптарласа заулайды. Әне, қасқа жиренді тізгіндеген адуынды қара бала қолындағы арқанмен асауға шалма ұрмаққа бекінеді. Дәл осы жерде суретші қиялы шарықтау шегіне жетіп, арпалысқан ойлармен алысады. Кенеп бетіндегі жансыз бейне көңіл күйді тербетіп сан сезімнің сиқырына жетелейді. Сол баяғы көкжиек, асқар таулардың тізбегімен қоршалған таныс дала. Тек мұндағы пейзаж батып бара жатқан күн сәулесімен арайланады. Таулар сызығы бояу түрлерінің үйлесімділік табуына орай анағұрлым қимыл қозғалысты, ойнақы боп көрінеді. Суретші пейзажды көк, ақ, қызыл, сары бояулармен кескіндеген. Мұның өзі картинаға жанды қозғалыс беріп тұр. Композициядағы қиғаш қиып түскен сызықтар желігіп алған сәйгүліктердің шабыс ырғағын екпін­детеді. Ақбозат картинаның нақ ортасында бейнеленген, сондықтан ең ашық түс көрерменнің назарын ерік­сіз аударады. Салт аттылардың үстіндегі ұлттық киім, картинаның болмысындағы ұлттық бояуларды қалыңдата түскендей. Қылқалам иесінің шығармадағы негізгі миссиясы ерлік пен ептілік арқылы халық батылдығын, ұлттың асқақтығын көрсету. 

Қылқалам шеберінің бұл еңбегі жарық көре сала өнертанушылардың биік бағасына ие болды. Бұл тұрғысында «Асауға құрық салу табиғат пен адамның гимні секілді тасқындаған күй» деп тегін айтылған жоқ. Терең толғаныстан туған туындыны Третьяков галереясы сатып алды. Мамандар кенеп бетіндегі айрықша сұлба – асауды бағындыру динамикасының толық көрінісін ашып, қазақ жігіттерінің шексіз батылдығы мен ерлігін дәріптеген теңдессіз мадақ жыры деп бағалады. Сары дала, жарық пен тау жоталарының тізбектелген көлеңкесі, ақ боз аттың шабысы мен қос салт аттының қимылы көрерменнің көңілі мен қиялын әп-сәтте өзіне аударып әкетеді.

Шебер тілінің құдіреті сонда – адам мен табиғат байланысының әуезді үндестігін айғақтап тұрғандай әсерге қалдырады. Жай кезде елене бермейтін қарапайым көріністің әдемі иірімдерін ғана емес, бүкіл жан дүниесінің ырғақ бұлқынысын кенеп бетіне жайып салады.

Қағаз бетін қанша шимайлаға­ны­мызбен туындының түйінін, тамырын тап баса алмай ми қабығын кеміре бердік. Алдымызда тағы да сол сурет, тағы да телміре қарап отырмыз. Кенет, автордың негізгі ойын анық оқығандай болдық. Сурет жайлы сурет жазу қиынның қиыны. Қазақ баласының табиғатқа жақындығы, біздің ойымыздағы табиғат, біздің көзқарасымыздағы дархан дала дидары, асқақ сезіммен астасып, халқымыздың көңіл қалауымен үндеседі. Кемеріне келген асқар талант осы сезімдердің бәрін де таудың тұнық бұлағындай тап-таза, ақ адал көңілмен ұсынады. Тіршілікке нұр шашқан арай күн ұясына батып бара жатқан сәтте әсем дала келбетін алуан түрлі түспен көмкереді. Нақ осы сәт жалғыз табиғатқа емес, жан  дүниеңе де шұғыла сыйлайды. Жаныңды нұрға бөлейді. Композициялық шешімі тұтас бір поэмаға татитын іргелі туындының тұла бойында қаншама жұмбақ жасырулы.

Кім білсін, бәлкім, Кенбаев өзі бейнелеген картинадағы еркіндігі мен бостандығы үшін күрескен хас тұлпар арқылы еркіндікті аңсап бодандықтың бұғауынан арылуды армандаған халқының арман-аңсарын жеткізгісі келген болар. Қазақтың басына түскен ауыр халін, мұң-наласын, қайғы-шерін осылайша бір тарқатып алғысы келген шығар. Ұлтының ұйықтап жатқан намысын оятып, рухын қайрағысы келгені белгілі. Иә, анық солай. Замана келбетіне тік қарап тұрып тұлпар тектес ұлттың бойындағы алапат өрлікті өшіру мүмкін емес, оны құрықтап ұстау табиғат заңына қарсы шығумен бірдей деп ескертіп тұр. Араға қаншама жылдар салып желтоқсанда бостандық деп бұлқынған қазақ жастарының өрлігін көрген шақта суретші, кенеп бетінде өзі сомдаған ақбозаттың асыл арманы ақиқатқа айналуға аз қалғанын сезіп, жанарына жас алды ма екен?! Тәуелсіздік таңы атқан соң небәрі екі жылдан кейін мәңгілік сапарға аттанған хас талант жүрегіндегі арман тұлпарының мәңгілік азат болғанын Тәңірінен тілеп кеткені анық. Кенбаев кенебіндегі сәйгүлік мәңгілік азат. Мәңгілік елдің мұратын асқақтатып, төбеден күн сөнгенше өзінің байтақ даласында еркін самғай бермек. 
Самға ақбозатым, талма...

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ